“Жас өркен” жас маман мектебі

Мектеп – мемлекеттің іргетасы. Кез келген елдің өсіп-өркендеуі оның білім беру саясатын қаншалықты тиімді жүзеге асыруына байланысты. Білім берудегі басты мақсат жан-жақты білімді, өзіндік ой-талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Байыпты, парасатты тұлғаны қалыптастыратын тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Ұстазға көрсетілер құрмет те, қойылар жауапкершілік те жоғары екенін осыдан аңғаруға болады. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу ғана емес, тарихи танымдық, педагогика – психологиялық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі.

Ал жас маман өз ісінің шебері, жақсы мұғалім болу үшін мамандығына қажетті қабілеттерді және жалпы әлемдік мәдениетті, өз елінің дәстүрін, қарым-қатынас, тіл мәдениетін игеріп, интеграциялық үрдістерді меңгеріп, әлемдік білім кеңістігінің өресінен шығуға талпынуы керек. Осы мақсатта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары А.Қожакелдіқызының бастамасымен 2020-2021 оқу жылында жас мамандарға арналған  «Жас өркен» мектебі құрылды, оның жетекшісі, әрі ғылыми кеңесшісі Арман Әзімханұлы.

«Жас өркен» мектебінің негізгі мақсаты жас мамандарға қолдау білдіріп, олардың ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау, авторлық бағадарлама, шығармашылық ізденістерге, әдістемелік көмекші құралдар жазуға дұрыс бағыт-бағдар көрсету болып табылады. «Жас маман» мектебіне биылғы оқу жылында  11 мұғалім мүше болды. Оқу жылы басталысымен жас мамандарға тәлімгерлер бекітіліп, арнайы даму жоспары құрылды. Сол жоспар бойынша тәлімгерлер өзінің әдістемелік кеңестерімен бөлісіп, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау жасады.

Тәлімгерлер сабағына қатысу, тәжірибелі мұғалім сабағынан әдістемелік үлгі алу, өзара тәжірибе алмасу сияқты педагогикалық үрдістер арнайы жоспар бойынша өткізілді. Сонымен қатар жас мамандарға сабақты зерттеудің, өзін-өзі дамытудың, шығармашылықпен айналысудың маңыздылығы, қазіргі кездегі жаңа парадигмалық білім жүйесіндегі белсенді әдістер, оқушымен қарым-қатынас әдебі сынды педагогикалық құндылықтар жайлы ақыл-кеңестер үнемі беріліп отырады.

Биылғы оқу жылында «Педагог жас маманның кәсіби құзыреттілігін арттырудың педагогикалық алғышарттары», «Дарынды оқушыны дамытудың жолдары», «Оқушы белсенділігін арттыруда қолданылатын белсенді әдістер», «Ғылыми-әдістемелік құралдар мен авторлық бағдарламалар жазуға қойылатын талаптар» сияқты әдістемелік кеңестер, семинарлар, шеберлік-сынып педагогикалық-тренингтер өткізілді.  Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде төрт жас маманның екі әдістемелік көмекші құралы жарыққа шықты. Әрбір автордың жұмысы өңдеулерден өтіп, әдістемелік жұмысқа қойылатын талаптарға сай өңделді және оларға түсіндірілді. Әрбір жас маманмен, автормен жекелей жұмыстар жүргізілді.

Олар алдағы 2021-2022 оқу жылында ұжым алдында өздерінің әдістемелік көмекші құралдарын  қорғайды деп жоспарлануда. 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Жас өркен» мектебінің  жұмысын «жақсы» деп бағалағанымызбен де,  әлде де ізденіс үстіндеміз. Елімізде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты биылғы оқу жылында жоспарланған іс-шараларды толық атқара алмасақ та, жас мамандардың педагогикалық негізгі дағдыларын қалыптастыруға ұйытқы болдық.

Педагог жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін жаңа парадигмалық құндылықтар негізінде дамытқымыз келеді, кемшіліктермен күресудің тиімді жолдарына жаңаша қараудың қажеттілігі туындап тұр. Әлі де ізденіс керек!

Серік Сабырбекұлы ҚАЛИЕВ,
№ 24 орта мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий