Болашақ мамандар шеберліктерін шыңдады
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі мен аудандық жастар ресурстық орталығы бірлескен түрде біздің арнаулы оқу орнының базасында «Дәнекерлеу технологиясы», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Кірпіш қалау» құзіреттіліктері бойынша «Мен дәнекерлеушімін», «Мен темір ұстасымын», «Мен тас қалаушымын» тақырыбындағы шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Бұл шараға «Пісіру ісі», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығының студенттері қатысып, білім алып жатқан мамандықтары бойынша білімдері мен біліктерін көрсетті. Шеберлік сағатын коллледж директоры Мусаев Арман Қонысбайұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Және осы шараны біздің колледждің базасында өткізуге сенім білдірген аудандық жастар ресурстық орталығының басшылығына шынайы алғысын білдірді.
Шеберлік сыныбы әр мамандықтың оқу зертханасында ұйымдастырылды. Қатысушылар жетекшілері көрсеткен жұмысты қайталап жасап көрсетті. Қатысушыларға колледж директоры А.Мусаев, Жастар ресурстық орталығының инспекторы С.Мыңжасарова, әр мамандық бойынша жетекшілер Ә.Пржанов, Б.Сереев, Қ.Айтпаев қазылық жасады. Шеберлік сағатын қорытындылаған аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Мыңжасарова Света Кенбайқызы «Мен дәнекерлеушімін», «Мен темір ұстасымын», «Мен тас қалаушымын» бойынша анықталған жеңімпаздарды марапаттады.

Бағалы сыйлықтар сымсыз құлаққап, смарт сағат, ұялы телефон қуаттағыш батареялар табыстады. Шеберлік сағатына қатысқан жетекшілерге де алғыс хаттар берілді. «Мен дәнекерлеушімін» бағыты бойынша үшінші курс №18-1 топ студенті Шарападин Рауан бірінші орынды, Жұбатыр Бексұлтан екінші орынды, Оралбаев Данияр мен Жомартұлы Қуандық үшінші орынды, «Мен темір ұстасымын» бағыты бойынша үшінші курс №18-2 топ студенті Тоқтамыс Ақтілек бірінші орынды иеленді.
Ислам Мақсат екінші орынды, Нұрғали Ақшол үшінші орынды, «Мен тас қалаушымын» бағыты бойынша ІІІ курс №18-3 топ студенті Ідайдулла Данияр брінші орынды, Ерсайын Қуаныш екінші орынды, Жүсіпбек Ерсұлтан үшінші орынды иеленді. Шеберлік сағатында болашақ мамандар шеберліктерін шыңдады.

Шәрбану ТОЛЫБАЙҚЫЗЫ,
Қазалы аграрлы – техникалық
колледжінің әдіскері, Қызылорда облысы