ҚР Тәуелсіздігіне – 30: Азаттықтың ақ таңы
Еліміз мұғалімдер корпусының басты мақсаты – жас жеткіншектерді биік адамгершілікке, қайырымдылыққа, жоғары жауапкершілікке, өзінің ұлтын, халқын, Отанын қастерлеп, оған адал қызмет етуге тәрбиелеу. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жылдары оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық оқу құралдарын енгізу жан-жақты өріс алып келеді. Білім беру және тәрбие мекемелері жеткіншек ұрпаққа ұлттық мәдениетті, салт дәстүрлерді үйретудің, оларды санасына сіңірудің сан түрлерін іздестіруде. Осы мақсатта Тәуелсіздік тағлымдары сабақтары өткізілуде. Оның аясында Бостандық, Еркіндік, Азаттық, Отан деген сүйіспеншілік тақырыбында жазылған эсселер жазу дәстүрге айналған.

Тәуелсіздік – қазақ ұланы үшін ең қасиетті ұғым! Өйткені бұл ұғымның сандаған ғасыр бойы мынау жалпақ әлемде еркін өмір сүріп, ұрпақ өрбіткен, әлемдік өркениетке өшпес үлес қосқан Алаш баласымен біте қайнасып, кіндігі бірге жаратылған. Тәуелсіздік – Тәңірдің жалғыз сыйы! Қазақ Елі 1991 жылдың желтоқсанында анық азаттыққа қол жеткізгенде қуанбаған, қуаныштан көзіне жас алмаған адам кемде-кем. Дәл бүгінгі күн – ертеңгі тарих екенін ескерсек, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бері оның мәртебесін асқақтатып, қадірін ұғындыруда ерекше белсенділік танытуда.
Әр халық өзінің жас ұрпағы қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды. Еліміздің көк байрағындай желбіреп, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін өз қолдарына мықтап ұстайтын азамат тәрбиелеуде ауыз әдебиетінің асыл мұраларын оқу-тәрбие сабағында пайдаланып келеміз. Қазір еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуге дайындалуда. Кез-келген мемлекеттік идеология бағытындағы мейрамдар керек. Сондықтан еліміздегі ең негізгі ұлттық рухы бар мереке – Тәуелсіздік мерекесі болуы тиіс.
Тәуелсіздік күні сияқты мемлекеттік мерекелер өзге бейресми мерекелердің тасасыңда қалмауы тиіс. Бұл тұста «Тәуелсіздік күні қазақтың Мемлекеттік Туы желбіреген тарихи күн, бұл еліміз үшін үлкен мәртебе» дегендей жалынды насихат жүргізілуі керек. Мұндай тәжірибе әлемде бар. Мәселен, Әзірбайжан халқында 17 қараша – ерекше күн. Ресми деңгейде жалпы ұлттық дәрежеде тойланатын бұл күннің атауы «Ұлттық қайта өрлеу күні». Сондай-ақ, жыл сайын Әзірбайжан халқы 15 маусымда «Әзірбайжан халқын құтқару күнін» тойлайды.
Ал, 31 желтоқсан – «Әлемдегі барша әзірбайжандардың ынтымақ күні» ретінде кеңінен аталып өтіледі. Әзірбайжан Республикасының ішкі және сырттағы әзірбайжан халқына бағыштаған мерекелері ұлттық идеологияның, мемлекетшілдік саясаттың басты бағыты. Сондай-ақ, Латвияда да бір-бірінен ажырамас қос бірдей ұлттық мереке бар. Алғашқысы –1918 жылдың 18 қарашасы – «Латвия мемлекетінің туған күні», яғни тәуелсіздік күні, екіншісі, «1991 жылы қабылданған Тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру күні». Грузия мемлекеті де жыл сайын «Мемлекет тәуелсіздігінің жаңғыру күнін» бүкіл ел болып атап өтеді.
Бұл шын мәнінде біз, грузиндер, бұрын да тәуелсіз болғанбыз дегенді білдіреді. Рухы мықты халық өзінің өр тұлғасын өзгеге басындырмайды. Осы гүржі халқы Кеңес Одағы тұсында кеңестік билеушілермен айтысып жүріп, «Грузин тілінің күнін» ұлттық мереке ретінде белгілетіп алған болатын. Мемлекеттің үлкен-кішісі болмайды. Ұлт болғасын оның өткені мен болашағы айқындалады. «Жаншылып, езіліп қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын ояту қажет»- депті христиан әлемінің діни қайраткері Августин. Ал Қытай қайраткері Сун Ятсен: «Қытайды біріктіру үшін қытай халқы басқа елдерден шеккен азабын білуі тиіс. Сонда ғана олар бірігеді» депті.
Сол сияқты болгар халқы кезінде жеген ащы таяғын әлі ұмытар емес. Оны мәңгілік есте қалдырған болгарлықтар Болгарияда «3 наурыз – Осман империясынан азат болған күн» ретінде ресми тойланады. Славакияда «Словак халқының ұлттық жаңғыру күні» тойланады. Кімнен зәбір көргені бір Жаратушыға ғана аян, бір кезде одақтас 15 мемлекетті империялық бұғауыңда ұстаған орыс билігі бүгінгі таңда «Ресей күнін» атап өтеді. Бұл Ресейдің өз алдына тәуелсіздігін жариялап, одақтан бас тартқан күнімен тұспа-тұс келеді. Мұның астарында Ресей халқын біріктіру жатыр.
Елімізде жаңа ұлттық сана, мемлекеттік идеологияның қалыптасуы, біздің болашағымыз – жастарды жаңа рухта, жаңа көзқараста, жаңа бағытта тәрбиелеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жастарымызды өзінің білім деңгейі, мәдениеттілігі, тәрбиелігі сипатынан қарастырсақ, ұлтжанды болып өсіп келе жатқанын көреміз. Олар болашақ Қазақстан қоғамының жаңа дәуіріндегі жаңа көзқарасты, жан-жақты дамыған, білімді тұлғаларымыз болып табылады. Жастарымыз жаңа ұлттық идеологиямен сусындаған, ұлтжанды, Отанға деген патриоттық сезімі қалыптасқан.
Сондықтан біз оларды қазіргі таңдағы қоғамдық дамуымыздың негізгі қозғаушы күшінің бірі деп қарастырғанымыз абзал. Отанын адамның өзі танысын десек, біз оларға белгілі бір бағыт беруіміз де қажет. Ол үшін елімізде барлық жағдайлар бар. Ең бастысы рух беретін құндылықтарымыз бар. Тек, ұйымдастыру мәселесін қолға алсақ, болғаны. Ең бастысы, біз ұлттық санамызды тәуелсіз етуіміз керек. Сонда ғана тәуелсіз санадан тегеурінді ұлттың коды қалыптасады. Біз осы Тәуелсіздікті толық сезініп жүрміз бе? Ұлттық санамыз сырттан таңылған ойын-сауыққа, қазаққа жат мерекелерге тәуелді. Жыл сайын айтулы мемлекеттік мерекелерді ұйымдастырушылардың күшімен қойылатын концерттерді көріп қайтамыз.
Жылда бір сценарий, сол баяғы белгілі әндер, кезегі ғана өзгеретін сол баяғы әншілер. Бізге дәл бүгін даңғаза концерттерден гөрі ұлттық мұраттарымызды ұлықтайтын іс-шаралар, акциялар, түрлі викториналар өткізу маңыздырақ болып тұр. Олардың тақырыбы ұлттық құндықтар аясын қамтуы тиіс. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы дегеніміз – өткен жылдар ішінде елімізде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерге көңіл сендіру. Халқымыздың рухани әлемінің терең тамырларын анықтар, рухани дүниемізді философиялық тұрғыдан зерделеп, жүйеленген тарихымызды жасап шығару. Өзге әлем өз тәуелсіздігін маңсұқтауда нені басшылыққа алады? Енді соған назар аударып көрелік: Басқа әлемді айтқанда ең бірінші аузымызға алдымен Америка түседі. Бұл елдің арғы-бергі тарихынан азды-көпті хабарымыз болса да, білмейтініміз көп болып шықты.
Белгілі жазушы-ғалым профессор Тұрсын Жұртбаев ағамыз бір жылдары Америкада болып қайтыпты. Ғалым сол сапардан ой түйіп, оны «Түркістан» газетіне жариялапты. Осы мақалаға назар аудармасқа болмады. Америка халқының тәуелсіздік құндылықтарына қаншалықты маңыз беретіні жастарымызды қызықтырары хақ деген оймен жолсапар мақаласындағы мына тағлымы зор жолдарды атап өтпеске болмады. «…1706 жылдың 4 маусымы, яғни, Американың Тәуелсіздік жариялаған ұлттық мереке күні, Американың тарихы басталған күн. Олар үшін осынау қызыл кірпіштен салынған 2 қабатты ғимарат ең қасиетті, ең киелі орын. «Алғашқы капитолия» деп аталатын бұл ғимараттың орталық залында үлкен, жалғыз стол және 13 орындық тұр.
Қарапайым әрі қасиетті. Қыстың қара суық қытымырлығына қарамастан, аулада тізіліп тұрған мектеп оқушыларын көрдік. Ауладағы Америка туының астында шоғырланып тағы бірнеше топ тұр. Сөйтсек, бұл қысы-жазы үзілмейтін көрініс екен. Американың 50 штатындағы барлық мектеп оқушылары бір рет осында келіп, аяз бен жаңбырға қарамастан, ауладағы туға тағзым етіп, қанша уақыт болса да кезегін күтіп, «Тұңғыш Капитолияның» ішіне кіріп, әлгі стол мен орындыққа бас иіп, үш сағат дәріс тыңдайды екен.
Содан кейін қарсы беттегі шыны ғимараттың ішіндегі «Азаттық!» дабылын соққан қоңырауды көреді. Капитолиядағы ең қасиетті құжат – Дэкон Кен-Кох бірінші боп қол қойған 25 дана Декларацияның алғашқы басылымы. Осыдан он жылға жуық 24 данасы ғана сақталған екен… Америка азаматтары өзінің тарихын және тарихи заттар мен құжаттардың құнын біледі және құнын түсірмейді. Болмашыны болатқа балап, алтыннан қымбат асылға айналдырады. Өзіңіз қараңызшы, жаңағы: 1. Декларация. 2. Конституция. 3. Адам құқы туралы Заң қабылданып, жарияланған екі қабатты қызыл кірпіш үй – Бүкіл Американың ар-намыс, азаматтық «ерлік» рухтарының қасиетті ұясына айналған.
Мұнда келіп тағзым етпеген адам өзін Американың сауатты азаматымын деуге арланады! Кандай өршіл парасат… Суверенитет туралы декларация жарияланған. Қазақ елінің тәуелсіздігі жарияланған. Тұңғыш Президент сайланған. Тұңғыш Конституция қабылданып, жарияланған Алматыдағы бұрынғы Үкімет үйінің үлкен Мәжіліс залының қазіргі жәй-күйі қандай екен? Қазақстан Британ университеті қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екенін кім білсін, бірақ тарихи мәжіліс залының киесі ерекше еді.
Сол Үлкен Мәжіліс залын қалпында сақтап, апта сайын үш күн, тым болмаса сенбі-жексенбі күндері саяхатшылар шекпен кіретін ақылы әрі қасиетті орынға айналдырса қандай орынды болар еді десеңші! Тарих деген сол емес пе?». Иә, белгілі ғалым не айтса да, біздің бүгінгі күнімізге лайықтап айтып отыр. Қазақ халқы өз даму болмысында мәңгілік із қалдырған ұлт. Олай болса, Тәуелсіздігімізге қатысты кез келген құндылығымыз ұрпақ жадында қалатын мұраға айналса игі іс болар еді. Біздің ұрпағымыздың да баратын жері осы жер болар еді.
Әрнәрсені көзбен көріп, қолмен ұстаса ғана оның құндылығы артады және ол есте ұзақ сақталады. Еліміздің болашағы – сапалы білімде. Білім сапасын жақсарту үшін ең алдымен оқу ордаларына, білім ошақтарына қажетті жағдай жасауымыз керек. Ұлт жоспары қоғамымыздың барлық саласын, яғни экономиканы, білім мен ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, мемлекеттік басқаруды, ұлттық қауіпсіздікті және басқа салаларды да қамтыған. Ал аталған жоспар аясында жасақталған «100 қадам» атты іс-шараларды жүзеге асыру әрбір қазақстандық үшін басты міндет болып табылады.
Ұлт жоспары, бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына қосылу міндеті – мұның барлығы Мәңгілік Ел болу жолындағы өзара сабақтас жүйелі қадамдар. Қазір алға қарай сондай ұмтылыстың сәті туып отыр. Қазақстан мемлекет болып нығаю, қоғам болып жетілу, ұлт болып есею жолында келелі маңызды қадам жасауда. Мемлекет пен қоғамға берері, келешекке әсері, әрбір жеке адамның өміріне жасайтын ықпалы тұрғысынан бұл – шын мәнінде тарихи қадам. Сол тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалануға жол ашатын басты «қоғамдық капитал» – халықтың Елбасына деген сенімі, елдің бірлігі мен отаншылдық ынтымағы.
Сондықтан «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің негізі қазіргі ұрпақтың тарихи миссиясы, оның келешек алдындағы жауапкершілігі болуы тиіс. Ұстамды, орнықты тіл саясаты елдегі қоғамдық келісім мен татулықтың басты негіздерінің бірі екені анық. Ал жалпы ұлттық біртектілікке ұмтылу, оны бекіту тіл саясаты мен тіл құрылысы саласында мүлдем соны, күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойып отыр. Ұлттық біртектілік дегеніміз, ең алдымен тіл мәселесіндегі түбегейлі мәселені – мемлекеттік тілдің барлық деңгейдегі өз мәртебесіне сай басымдығын, толыққанды қызмет жасауын талап етеді.
Ол өз функцияларын қоғамдық қатынастардың барлық сала-ларында толыққанды, қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогреске, индус- триялық және ақпараттық қоғамның өскелең талаптарына сай жүзеге асырғанда ғана орнығады. Мемлекеттік тіл ғана жалпы ұлттық біртектілікке жетудің нақты, іргелі тілдік-рухани негізі. Ұлт-мемлекет болып қалыптасқан, жалпыұлттық, азаматтық біртектілік мәселелерінде қазіргі өркениет үрдісінен шыққан Батыс елдерінің тәжірибесі осыны көрсетіп отыр. «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл» (М.Жұмабаев). Сен қазақсың, ендеше қазақ тілі сенің тілің!» дегенді жас ұрпақ бойына сіңіру болса, екінші қыры –ұлттық демографияны өрістету болып саналады.
«Мәңгілік Ел» идеясы негізінде ортақ құндылықтар саналатын азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық культін, «зайырлы ел – толерантты ел» идеологиясын қалыптастырумен байланысты. Тәрбие біліммен қатар адам капиталының, соның ішінде, жастардың сапа- лық өсуін қамтамасыз етеді. Ол – мектеп партасынан бастап, жоғары оқу қабырғасына дейінгі студенттерді қамтиды. Еліміздің бітімгерлік саясатын, қазақстандық толеранттылық қағидалары мен ұлттық бірегейліктің, ұлтаралық келісімнің, азаматтылық пен патриотизмнің ерекшеліктерін үздіксіз түсіндіре беруіміз керек. Мұны біз өз мектебімізде тұрақты түрде қолданып келеміз.
Жастарды әскери-отаншылдық рухта тәрбиелеу басты міндетке айналуы тиіс. Жастар – біздің болашағымыздың кепілі. Бұл орайда, мемлекет жастарға үлкен – мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Сондықтан, олар қоғамдық өмірге, мемлекет ісіне белсене араласқаны жөн. Ұлы ұстаз әл-Фараби айтқандай, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы». Себебі жастардың әлеуетін дұрыс пайдаланбасақ, ол мемлекетке кері ықпал етуі мүмкін. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»,-деп ұлы Абай бекер айтпаған. Абай сөзі ұстаздар қауымына күрделі де салмақты жүк әкелетіні анық.
Осы орайда, бізге, орта мектеп оқытушыларына да артылар салмақтың жауапкершілігі зор. Сол жауапкершіліктің әсері, жалпы барлық ұстаздардан аса жоғары мемлекетшіл болуды талап етеді. Өйткені, әрбір ұстаз жүрегінде өз шәкіртіне деген сезім оның өз баласына арналған сезіммен пара- пар болуы керек. Ұстаз культі мен тәлімгерге, педагогқа құрмет көрсету – Жапония мен Қытайда қалыптасқан дәстүр құндылығы. Ұстаз культі – үлкен құрметке ие, алайда бұл құрмет негізінен әлеуметтік және қоғамдық жағдаймен ғана емес, бірінші кезекте, ұстаздық пен тәлімгерлік қабілеттіліктерді бойына қалыптастыруда адамның жасаған орасан зор еңбегіне құрмет көрсету.
Яғни, ұстаз болу қабілетіне құрмет көрсету. Ұлыбританияда мемлекеттік әртүрлі шараларды ұйымдастыру арқылы, соның ішінде, қоғамдық іс-шаралар мен жас мұғалімдерге үлкен жеңілдіктер беру зор мәртебеге айналған. Тәуелсіздігіміздің арқасында, біз әлем өркениетінде өзіндік орнымыз бар елміз. Жер жүзінде өркениет биігінде тұрған Жапония, АҚШ, Сингапур, Малайзия, тағы басқа елдер жоғары мақсатқа азаматтарының жұдырықтай бірігіп, жұмылуының арқасында жеткен. Біз де бүгін сол кезеңге келіп тұрғандаймыз.
Бүгінгі білім алушылардың ғылыммен, инновациялық ізденістермен ұштал- ған білімді де, білікті, бәсекеге қабілетті маман болып шыққаны, өте құптарлық. Біздер мәдени құндылықтар өзгеріп, діни экстремизм, төзімсіздік, жеке басты эгоизмі мен интернеттегі жағымсыз ақпараттар ағыны белең алған тұста жас буынның бойына қандай «қорғаныш сауытын» кигізе аламыз? Бұл сауалдар бүгінгі күні әрбір білім ошағын мазалайтыны рас. Сондықтан білім беру үрдісіне жоғары адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды, жауапкершілікті, толеранттылықты, діни сауаттылықты, патриоттық, отансүйгіштік сезімді қалыптастыратын тәрбие жұмыстарының қатысуын жолға қою да өзекті мәселе.
Бұл мақсат оқу бағдарламаларындағы арнайы пәндер, сондай-ақ еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста өрбитін, ата-бабалардың оң дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын, көпұлтты Қазақстанның саяси-экономикалық дамуындағы жетістіктерін насихаттайтын түрлі іс-шаралар, пікір алысу аландары, әртүрлі мазмұндағы орталықтар, дебат клубтары, дөңгелек үстел, интеллектуалдық сайыстар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Осы мақсаттар орындалғанда ғана біз алдыңғы дамыған елдер қатарынан көрінетініміз анық. Мұны біз өз тәжірибемізде қолданып келеміз.
Бүгінгінің жастары әлемде болып жатқан түрлі өзгерістерді білуге құштар. Олар болашақтың құндылықтар жүйесі неден тұратынын жақсы біледі. Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің аясында білім беру саласында да жоғары технологиялық инновациялар енгізілуде. Бүгінде барлық оқушыларды робототехника құрастыру, түрлі бағдарламалар жасау тәжірибесі қызықтырады. Бұл бағытта үйрену ғана емес, оларды зерттеу істері де маңызды болып отыр. Бұл қызығушылықтарды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда мектептерде роботатехника үйірмелерін ашу аса маңызды міндет болып отыр.
Біз болашағымызды осы бағытта іздеуіміз керек. Бұл мектеп оқушыларының қарапайым алгоритмдер құру, еуропалық білім беру стандарттары бойынша бағдарламалар және WEB сайттар жасау тәжірибесін меңгеруіне қолайлы жағдай тудырады. Сайып келгенде бұл технопарктер ашып, алдыңғы деңгейде цифрлық дағдылар мен білімнің қолжетімділік проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Келесі бір жаңа жобаның бірі мектеп асханаларын жаңғырту болмақ. Мектеп оқушыларына арналған салауатты тамақтану стандартын енгізуді ұмытпағанымыз абзал. Мектеп оқушыларының денсаулығын нығайтуға «Бастауыш сынып оқушыларына арналған денсаулық сабақтары» ықпал ететіні анық.
Бұл үшін мектеп оқушылары мен ата-аналарға арналған үш тілдегі интерактивтік ресурс құруды жедел қолға алғанымыз абзал. Мұның бәрі мектептердегі оң өзгерістер оқушылардың денсаулығы мен білім сапасының жоғары денгейге көтерілуі үшін жасалып жатқан заман талабы сұранысының бір талабы. Білім беруді жаңарту оқушылардың білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функциялық сауаттылығын немесе құдірет- тілігін қалыптастырады. Бүгінгі таңда білім беру ісі қоғамды жоғары сапалы мамандармен қамтамасыз етумен тығыз байланысты.
Бұл мақсатқа жету үшін нарықтық экономика заманында білім беру үрдісін жан-жақты жетілдіріп, тәрбиелік жұмысты дамытуға барлық күшті жұмылдыру қажет. Қай заманда болса да адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде Тәуелсіз елімізде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырған қазіргі кезеңде ұстаздар қауымының аянып қалмасы анық.
Қаламқас Қалиқызы АЛМАСБЕКОВА,
Мандоки Иштван Қоңыр атындағы
мектептің директоры, Алматы қаласы