Республикалық акция: Мен қазақша сөйлеймін
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті 5-8 сынып оқушылары (этнос жастары) арасында өткен «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясын қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттады, – деп хабарлайды осы салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті бір сұхбатында: – Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі, – деген болатын.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген бұл шараға еліміздің 16 өңірінен құрамы 22 этнос өкілдерінен тұратын 326 адам қатысып, туған ел, туған жер тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды. Этностар бөлінісінде ең көп қатысқан орыс ұлтының өкілдері – 214 адам. Өзбек, татар, түрік, кәріс, дүнген, неміс, украин ұлтының жастары да көштен қалмады.
Бір атап өтерлігі Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы тарапынан қатысқан үміткерлер саны едәуір жоғары. Жеңімпаздар шараның ережесіне сәйкес инстаграм желісіне салынған бейнероликке берілген лүпіл санына қарай анықталды. Бас жүлде: Шарипова Луиза, Алматы облысы, Қарасай ауданы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы. М.Мақатаев «Туған жерге» (2045 лүпіл). Бірінші орын: Ибрагимова Инара, Алматы облысы, Қарасай ауданы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы. Қ.Аманжолов «Туған жер» (1029 лүпіл).
Екінші орын: Джинва Раяна, Жамбыл облысы, Қордай ауданы №19 орта мектебінің 6-сынып оқушысы. Қ.Аманжолов «Туған жер» (1007 лүпіл). Үшінші орын: Таиржан Дамир, Алматы қаласы, Жетісу ауданы №101 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы. М.Мақатаев «Қазақстан» (785 лүпіл) мен Люфт Августина, Жамбыл облысы, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы. Қ.Аманжолов «Туған жер» (411 лүпіл).
Ынталандыру: Ибрагимова Риянна, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Шайқорық орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Ө.Нұрмағанбетов «Тірегім сен – туған жер» (350 лүпіл); Шокуров Кирилл, Алматы облысы, Іргелі ауылы, Л.Н.Толстой атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы. М.Мақатаев «Отан» (319 лүпіл); Мирзаева Назима, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, №7 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы. М.Мақатаев «Туған жерге» (313 лүпіл); Шакиржанова Русалина, Алматы облысы, Талғар ауданы №26 орта мектептің 8-сынып оқушысы. С.Торайғыров «Менің елім» (280 лүпіл); Кочалиева Лейла, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Б.Тәжібаев «Туған елім» (268 лүпіл).
Мұқағали Мақатаевтың «Туған жерге» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыған Алматы облысы, Қарасай ауданындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 7-ші сынып оқушысы Шарипова Луиза ең көп 2045 «лүпіл» жинап жеңіске жетті. Оқушыларды сайысқа дайындаған жетекшілердің де еңбектері еленбей қалмады. Ұстаздарға Тіл саясаты комитеті төрағасының алғысхаттары табысталды. Жоғарыдағы он жеңімпаз инстаграмдағы лүпіл саны бойынша анықталса, өлеңді мәнерлеп шеберлікпен жатқа оқып, қазылар алқасының көзайымы атанған 10 үміткерге (ережеден тыс) қосымша грамоталар тапсырылды. Қатысушылардың біреуі де назардан тыс қалмай, белсенді қатысқандары үшін барлығына алғысхаттар табысталды.