Қ.Жұбанов университеті: Медицина мамандары марапатталды

Дәрігер мамандығы ерте заманнан бері мәртебелі, әрі абыройлы мамандық болып саналады. Ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтау Жұбанов университетінің қалтқысыз дәстүріне айналды. Бұл күні аталған білім ордасының Студенттік емханасының қызметкерлері Жастар сарайына жиналды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
 
Адам өмірінен асқан қымбаттылық жоқ екенін бағалай алатын мамандардың төл мейрамында сөз алған университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров аталмыш күннің мән-маңызына тоқталып, жылы лебізін білдірді.
— Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дәрігердің қоғам мен ел алдындағы еңбегін қанша асыра бағаласақ та артық болмайды. Сіздер — азаматтардың денсаулығын сақтап, дертіне шипа, жанына жылу сыйлаған ардақты мамандық иесісіздер.
 
Қазіргідей күрделі кезеңдегі ауыртпалыққа төтеп беріп, коронавирус пандемиясына қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген Сіздерден біз кәсіби борышқа деген адалдықтың үлгісін көріп отырмыз. Сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Барлық медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, толайым табыс және амандық тілеймін!, — деді Р.Бекназаров.
 
Өз кезегінде басқарма төрағасы ұлт болашағыныӊ денсаулығын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салатын дәрігерлердіӊ еӊбегі ыстық ықылас пен зор алғысқа лайық екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі қиын-қыстау кезеңде алғы шепте жүрген жандарға құрмет көрсету үлкен мәртебе екенін жасырмады.
 
Салтанатты шара барысында Р.Бекназаров денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан медицина саласының үздіктерін құттықтады. Гүлнар Ерекеева, Гүлнар Тлеубергенова, Гүлбахар Аметова, Әлия Гумарова, Нұршан Дүсіпова, Айман Атчибаева секілді дәрігерлерге университет ректорының Алғыс хаттары табысталды. Атаулы күн қарсаңында Жұбанов университетінің емханасының қызметкерлері бір айлық жалақының көлемінде ақшалай сыйақымен, кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 
Мұнан соң сөз алған Студенттік емхана меңгерушісі Әлібек Қуашев медицина қызметкерлерінің еселі еңбектеріне разылық білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар өңірдегі медицина саласына елеулі еңбек сіңіріп жүрген Анаргүл Тукеева, Шиналтын Шлмагамбетова, Мугульсын Джумагалиева, Гүлбақыт Башбаева, Венера Белик, Юлия Стрелкова, Әдиба Ерниязова, Қарылғаш Бисенғалиева, Қызғалдақ Губайдуллина, Сара Хайруллиналар Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Рүстем Исаевтың және «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Ақтөбе облысы филиалының төрағасы Қайрат Сабырдың Құрмет грамотасына ие болды.
 
Айта кетейік, университеттің Студенттік емханасы жиырма жыл бұрын студенттерге сапалы амбулаториялық-емханалық көмек беру және оның қолжетімділігін көтеру үшін Ғылыми кеңестің шешімі бойынша ұйымдастырылған болатын. Медицина мекемесінің бастауында, яғни ашылуы мен қалыптасу кезінде болған білікті мамандар тобы әлі күнге дейін студенттерге сапалы медициналық көмектер көрсетіп келеді. Аталған медициналық мекеме тиісті материалдық базамен, заманауи қондырғылармен және білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген. Мұнда 16 жоғары санатты, екі бірінші санатты және үш екінші санатты медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды.
 
Салтанатты шарадан кейін Студенттік емханада ЖРВИ симптомы бар науқастарды басқалардан бөлек қабылдауға мүмкіндік беретін фильтр-кабинет іске қосылды. Аталған емханада екі есік қарастырылған. Емделушілерге есік алдына арнайы пост қойылып, кірген адамдарды мейірбикелер контактісіз термометрмен қызуын өлшейді. Мекеме басшылығының айтуынша, фильтр-кабинетте емделуші тіркеушіге жүгініп, тағы қызуы тексеріліп, одан кейін дәрігерге жіберіледі.
– Фильтр-кабинетінің негізгі міндеті – ЖРВИ жұқтырған науқастарды анықтап, оларды оқшаулау. Фильтр бөлімінің қызметкерлері таңғы сағат 8:30-18:00 аралығында қорғаныс костюмімен жұмыс істейді. Мұнда қызуы жоғары, жөтелмен келген науқастарды қабылдайды. Фильтр-кабинетте науқастар ПТР тесттен өтеді. Егер вирус анықталған жағдайда амбулаторлық бақылау және емдеу жүргізіледі. Біздің басты мақсатымыз – науқасты пневмония сияқты ауыр жағдайға түсірмеу, – дейді емхана басшысының орынбасары Анаргүл Тукеева.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий