Жазғы мектеп: Кітапхана қызметі кеңейді
Еліміздің барлық мектептерінде білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылықтарының орнын толтыру мақсатында ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші бойынша барлық ниет білдірген білім алушыларды оқыту үшін жазғы мектеп жұмысын ұйымдастыру қолға алынғаны белгілі.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында балалар мен жасөспірімдер оқуының проблемасы, сондай-ақ биыл еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу жылы ретінде жариялануына байланысты біздің білім ордасында арнайы іс-шаралар жиынтығы әзірленген болатын. Осы жоспар негізінде жазғы мектептегі шәкірттердің кітап оқуға құштарлығын арттыру мақсатында бастауыш сынып оқушыларына ертегілер және көркем әдеби кітаптарды оқуға бағыт пен бағдар берілді.
Басты мақсат – білім алушылардың оқырмандық мәдениетінің деңгейін көтеру, олардың оқырмандық белсенділігінің өсуін қамтамасыз ету және кітап оқуға жағдай жасау. Кітап адам баласының бойына жақсы қасиеттерді қалыптастырып, рухани жан-жақты дамып жетілуіне әсер етеді. Кітапхана – осы оқу орнында білімге ұмтылған жас ұрпақтың, сондай-ақ ұстаздардың орны. Мектебімізде маусым айынан бастап бірінші сынып бүлдіршіндеріне пандемияға байланысты онлайн форматтан тыс жазғы мектеп оқу кезеңі басталды.
Ұстаздар ұжымының жетекшісі Ахметова Гульнара Мамбетқызы үш тілде жұмыс істейтін бастауыш сынып мұғалімдеріне жазғы мектеп жұмысын жандандыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, шектеу шаралары кезеңінде оқушылардың жіберілген білім олқылықтарын толықтыру қажеттілігін айрықша атап айтты. Кітапхана меңгерушісі ретінде мен кітапханаға жаңадан келіп түскен ертегі және көркем әдеби кітаптарды таныстырып, жазғы демалыс кезінде кітапхананың қызметін тиімді пайдалануға болатындығына жан-жақты тоқталдым.
Кітап – білім бұлағы,
Кітапхана – сол кітаптар тұрағы.
Көп үйреніп, көп оқыған баланың
Анық тағы білімпаз боп шығары. Бірінші сыныптар бойынша сынып мұғалімдері М.Омарова, А.Алабасова, Б.Алепова, Д.Какимжан, С.Рысбекова, Қ.Есимбаева, Н.Арапова, Г.Сейтбаева, Е.Мәдениет, А.Тоқтаған, А.Сембек, Д.Тулегенова, Н.Рекалинова, Г.Турсунова, А.Серикбаева, Н.Бекбау, Ж.Оспанова, Ф.Гавбасова жазғы мектепте оқушылармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Кітапхана меңгерушісі оқушыларды кітапханамен таныстырып, ертегі кітаптарды алып оқуға бағыт берді.
Мектеп партасында отырған бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді рухани байыту – кітапханамыздың төл ісі. Қорыта айтқанда біздің кітапхана өзіне мынандай міндеттер жүктейді: жан-жақты дамыған баланы тәрбиелеуге атсалысу; оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, оқу деңгейін көтеруге жәрдемдесу; мектептің педагог қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін көтеруге септігін тигізу. Құнды кітап қорын пайдалана отырып, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу керектігін ұғындыру мақсаты жүзеге асырылуда.
Баян УМАРОВА,
№ 156 жалпы білім беретін мектептің
кітапхана меңгерушісі,
Шынар КУНТУГАНОВА,
кітапхана көмекшісі,
Алматы қаласы, Алатау ауданы