Мәртебелі  мамандыққа адалдық

Егіз ұғым: Оразамбетова және педколледж. Екеуі ажырамас егіз ұғымға айналғандай.  Бірін-бірінсіз елестету қиын. Бірі туралы әңгімені екіншісіз өрбіте алмайсыз. Неге десеңіз, кейіпкеріміздің кәсіби қызметінің  дені осы білім ордасымен біте қайнасып келеді. Жүрек қалауымен Қостанай педагогикалық училищесіне түскен  балауса қыз Ғалия  оны 1981 жылы ойдағыдай тәмамдап шықты. Сол кезде өрімдей жас қыз ұстаздық қызметінің  осы білім ордасымен қатар өрілетінін  білді ме екен?!

Иә, алғашқы жылдары Жітіқара өңірінде мұғалім, кейін мектеп директоры қызметін атқарды. Алайда Ғалия Өлмесханқызының жүрек түкпірінде алтын ұя-білім ордасына оралу ниеті берік орнықты. Ал, туған білім ордасы болса сүйікті түлегінің бағын ашты: қызметі өрлеп, үздік жетістіктері үшін кеудесіне Ы.Алтынсарин, «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерін тақты. Диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымының кандидаты атанды.  Енді, міне,  «педколледж» десе,  «иә, директоры Ғалия Оразамбетова ғой», – дейді  білетіндер.

Ал, білетіндер аз емес бүгінде. Неге десеңіз, Қостанай педагогикалық колледжі  бүгінде тек облыс көлеміне ғана емес, одан тысқары өңірлерге де іргелі оқу орындарының бірі ретінде танылды. Иә, мұғалім – мәртебелі мамандық. Мәртебелі мамандыққа адалдық пен алтын ұя- білім ордасына деген іңкәрлік сезім екеуін де қатар шыңдаумен келеді. Бір кездері педучилище Ғалияны болашақ маман ретінде баулып, жаңа өмірге қанаттандырса,  бүгінде  ол  Ғалия Өлмесханқызы атанып, есіл-дерті колледжінің мерейін өсіруге бағытталып келеді.

Өмір-өзен атты ағысы бірде баяу, бірде қатты сынақта кейіпкеріміз де, оның  колледжі де қатар  шыңдалып, екеуінің де мәртебесі  биіктей түсуде. Мәртебе демекші, 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша педагогикалық колледж «Қостанай облысындағы техникалық және кәсіптік білім берудің  үздік  ұйымы» атағын иеленіп, 34 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Бұл бүкіл педагогикалық ұжымның жанкешті еңбегіне  көрсетілген лайықты  баға десек те, оның бастауында басшының, мәртебелі  бас ұстаздың тұрғанын мойындамасқа болмас. Сондықтан  директор туралы сөзді колледжден бөле-жара өрбіту мүмкін емес.

Ұстаз – ұлы есім. Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов, осылай деген екен.Заңғар жазушы әспеттеп, дәріптеген мәртебелі мамандыққа, оның иелеріне деген патша көңіл осы  колледжде ерекше десек, артық айтқандық емес. Ұлағатты ұстаздарды ұлықтаудың тәрбиелік мәні өзгеше. Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалім беделін көтеруге қоғам болып, бел шеше кірісіп жатқан қазіргі кезеңде сөзден іске көшудің тайға таңба басқандай нақты сабақтары керек-ақ. Ұлағатты ұстаздарды ұлықтау өнегесін Ғалия Өлмесханқызы бір кісідей насихаттап келеді.

Колледждің қамқоршылық  кеңесінің  төрағасы  С. Мачневаның бастамасымен, тіпті тікелей қолға алуымен Қостанай өңірінің майталман ұстаздары туралы бірнеше естелік кітаптар жарық көрді. Олардың таныстырылымы осы Қостанай педагогикалық колледжінде облыстың бетке ұстар педагогтерінің, білім ордасы оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен өткізілгеніне өзіміз талай мәрте куә болдық. Мұндай тағылымды басқосуларға Ғалия Өлмесханқызы,  әсіресе, студенттердің – болашақ мұғалімдердің – қатысуын міндетті санайды.

Бұл – кәсібиліктің шыңына жеткен тау тұлғалар тағылымынан жастар нәр алсын, көрсін, білсін, өнеге тұтсын деген ізгі ниеттен туған тәрбиенің тиімді бір түрі екеніне дау жоқ. Ұлағатты ұстаздарды ұлықтай жүріп, Ғалия Өлмесханқызының өзі де ұстаздықтың биік шыңына көтерілді. Колледж басшысы «ұстаздардың ұстазы» атанған Ы.Алтынсариннен бастап, облысымыздың білім беру саласына, сол арқылы еліміздің  өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан, педагог мәртебесін биіктете білген  В.Шалабаев, М.Мұхитдинов, Саламахин, Д.Сүймеков, Қ.Рысалиндерді қадірлеп, олардың өнегесін болашақ мамандар бойына дарытуды жөн санайды.

Әр жылдары студент жастарға ой салып, көңілге түйерлік тұстары мол  іс-шаралар өткізіліп,  бұл турасында  мерзімді басылым беттерінде тұшымды материалдар жарық көрді.Иә, өнегесіз өсу жоқ.    Әрі бұл –  ұрпақтар сабақтастығының айқын бір айғағы болса керек. Ұрпақтар сабақтастығы демекші, Ғалия Өлмесханқызы ұзақ жылдар бойы аталмыш білім ордасында абыроймен қызмет еткен ардагер ұстаздарлы ерекше құрметтейді. Әсіресе, колледж тарихында есімдері алтын әріппен жазылған ұлағатты ұстаздар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері  Г. Олейник, М. Елишев сынды алып  тұлғаларға көрсетілетін құрмет пен қошемет керемет.

Оларға қатысты колледж музейіндегі жәдігерлер – суреттер мен ақпараттар, бейнебаяндар – ғибратты  ғұмырдан сыр шертіп,  тамаша тағылымнан нәр алуға негіз болады.  Тағы да қайталап айтар болсақ, ұрпақтар, оның ішінде  ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннен  бастау алған  ұстаздар сабақтастығын осы колледжден айқын аңғарасыз. Неге десеңіз, ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің «Мен жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін» деген сөзінің  астарына тереңірек  үңілсек,  Ыбырай бабамыз осынау жүрекжарды сөзімен мұғалімдердің сапалы нәтижені көздей отырып, жақсы жұмыс істеуін қалаған.

Шынында да,  тәжірибесі мол, кәсібиліктің шыңына жеткен  майталман ұстаздар ғана білімді, функциялық сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізіп,толағай жетістіктерімен  өзінің ғана емес, тұтас ұжымының да мерейін асқақтата алады. Білім ордасы мерейінің үстем болуы ондағы педагогтер әлеуетіне байланысты. Осыған орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» деген сөзі қазіргі мұғалімдерге ой салса керек. Ұлы тұлғалардың осынау өміршең ұстанымдары Қостанай педагогикалық колледжінде берік орныққан. 

Оқу орны сайлы болуы керек. Ұлы Ахаң жастарға жақсы білім беру үшін, алдымен оқу орны сайлы болуы қажеттігін ескерткені белгілі.  Сайлы оқу орны демекші, педколледжімізде заман талабына сай жаңадан «Лингафон», «Роботты техника», «Химия», «Физика» кабинеттері жабдықталды. Колледжде оқытушылардың өзін-өзі жетілдіруі, жүзеге асыруы арқылы кәсіби әлеуетінің нығаюына барынша жағдай жасалған. Неге десеңіз, колледждегі оқу-тәрбие процесінің негізгі мақсаты- еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, креативті мамандар даярлау емес пе. 

Осыған орай, колледжде  «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» және тағы да басқа мамандықтарда білім алушылар арасында  болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін, практикалық дағдысын қалыптастыруға бағытталған  іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу жақсы дәстүрге айналған. Әлбетте, қорытынды сөзді әдеттегідей Ғалия Өлмесханқызы алып, сайыскерлердің болашақ маман ретіндегі озық тұстары мен олқы түскен жақтарын таразылап, бағыт-бағдар беріп жатады. Кеңесші, көмекші, сондай-ақ сарапшы, әділ сыншы ретінде.

Заман талабына сай мамандар даярлау – колледж педагогтерінен үлкен жауапкершілікті, терең білімді, жоғары кәсібилікті, шығармашылық қабілетті шыңдай түсуді талап етеді. Оқытудың озық әдістемесін, ақпараттық  технологияларды пайдалану шеберлігін ұштау, арнайы пәндерді оқыту мазмұнын байыту мақсатымен колледжде жыл сайын «Филология», «Математика және ақпараттық технологиялар», «Педагогика және психология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие»,  «Жаратылыстану және гуманитарлық пәндер», «Музыка»,  «Хореография»,   «Шет тілдері», «Сәндік-қолданбалы шеберлік» кафедралары оқытушыларының  күндерін өткізу дәстүрге айналды.

Бұл күндері  колледж  – оқытушылар үшін де, студенттер үшін де кәсібилікті шыңдау шеберханасына айналады. Себебі әркім қабілеті мен қарымы жеткенінше бар өнерін салып, жарқырай көрінуге құлшынады. Болашақ кәсіпте шыңдалу, үйрену, өсу мектебінен өтеді. Колледж оқу-тәрбие жұмысын білім беру саласына қойылатын заманауи талаптарға сай жүргізеді. Айталық, соңғы жылдары колледжде білім беру мазмұнына рухани-адамгершілік тәрбиені кіріктіру қолға алынды.

Адамгершілік құндылықтар құлдырай бастаған қазіргі кезеңде тәрбиеге басымдық берудің өзектілігі алға шығып, аталмыш білім ордасы осы тұрғыдағы пилоттық жобаны жүзеге асыруды мойнына алды. Тәжірибе жүзінде артықшылығы дәлелденген дуальды оқытуға басымдық  берілуде… Әрине, бір мақала көлемінде кейіпкеріміз бен ол басқаратын білім ордасының қызметін жан-жақты ашып көрсету мүмкін емес. Бір нәрсе анық: Қостанай педагогикалық колледжінің еліміздің үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қатарынан көрінуінде Ғ.Оразамбетованың еңбегі өлшеусіз.

Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады.  Қазақтың осы бір мақалы Ғалия Өлмесханқызы сынды басшыларға  қарата айтылғандай.Сөзіміз жалаң болмас үшін, әріптесіміз С. Морозенконың мына бір сөзін келтірейік: «Необыкновенная, мужественная и прекрасная женщина! Своей интеллигентностью, высокой культурой, умением слушать и слышать другого человека она сумела создать вокруг себя атмосферу взаимопонимания, творчества, поиска. В этой женщине столько красоты, обаяния, силы!».  Басшы адам қарамағындағы әрбір адамның  жанын шапшаң ұға білетін, нәзік те сезімтал психолог болуы керек секілді.

Бұл турасында Қостанай өңірінің аса қадірменді ардагер ұстазы С. Мачнева былайша толғайды: «Уникальный педагог и руководитель. Галия Ульмесхановна  современна,  знает все «движения» в педагогической науке и инновационной практике.Огромное значение придаёт демократизации жизни педагогического  колледжа. Оцениванию высокий уровень её деятельности в этом направлении по работе Попечительского совета колледжа…

Я имела возможность наблюдать за культурой  общения  Галии Ульмесхановны  с преподавателями, студентами, в её внимании каждый из них, по глазам «читает» настроение, самочувствие.  Поражает  умение убеждать,  она обладает высочайшим уровнем коммуникативной культуры». Иә,мамандыққа адалдық, жоғары ұйымдастырушылық қабілет, ізгі адами қасиет Ғ.Оразамбетованы биіктерге жетеледі. Ол  Алтынсарин жаққан алауды жарқырата лаулатып,  қасиетті Тәуелсіздігіміздің іргесін бекіте түсетін, бәсекеге қабілетті мәртебелі мамандық иелерін даярлау ісін үлкен абыроймен жалғастырып келеді.

Биалаш Балтиевна СҮЙІНКИНА,
ҚР білім беру саласының  құрметті
қызметкері, Қостанай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий