“ҚызПУ-дың жас ғалымдары”: Жұлдыз Базаева

Жұлдыз Базаева – PhD докторанты, Информатика және қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушысы, мектеп бағдарламасындағы «Информатика» оқулығының авторы, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі.

Жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 40-тан астам ғылыми мақала жарық көрген. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі комитетінің бекітілуімен ұсынылған журналдарға 20 мақала, Web of Science базасында 1 мақала, ғылыми шетелдік басылымдарда 5 мақала, халықаралық және отандық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында 15 мақаласы жарияланған.

Ғылымдағы еңбегі. Жұлдыз Базаева Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2004-2010 жылдары бакалавриат және магистратура бойынша білім алған. Қазіргі күнде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-курс докторанты. Ғылым жолындағы еңбектері «Оқушылардың білім деңгейін цифрлық ресурстар көмегімен бақылау» тақырыбына арналған. Бүгінде ол AR технологиясын қолданып цифрлық білім беру ресурстарын жасау және пайдалану мәселесі бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Оның авторлық бірлестікте қазақ және орыс тілдерінде негізгі орта білім беру деңгейінің 8-сынып оқушыларына арналған «Информатика» оқулығы, жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарының 10 және 11 сыныптарына арналған «Информатика» оқулықтары, 8, 10, 11 сынып информатика мұғалімдеріне арналған «Мұғалім кітабы» әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді.

Сонымен қатар «Дербес компьютердің аппаратық және бағдарламалық жабдықталуы», «ІТ құралдарын пайдалану практикумы», «Программалау практикумы», «Кәсіби бағытталған шетел тілі (ағылшын тілінде)» атты оқу құралдары жарық көрді. Жас ғалым, «Bil, Balam» цифрлық білім беру құралы және «Alipbi» электронды әліпбиіне алынған авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәліктер авторларының бірі.

Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» тақырыбындағы ғылыми жобаның жауапты орындаушысы. Бүгінде Қыздар университетінің бакалавриат студенттеріне «Информатиканың теориялық негіздері», «Мобильді программалау» және «Робототехника» курстары бойынша дәріс оқиды.

Өмірбаяны. Базаева Жұлдыз Болатханқызы 1987 жылғы 14 қаңтарда Алматы облысының Қапшағай қаласында дүниеге келген. 2004 жылы Қапшағай қаласындағы №3 орта мектепті бітірген. Сол жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Физика-математика факультетіне түсіп, оқу орнын 2008 жылы «Информатика» мамандығы бойынша тәмамдайды. Біліктілігі – информатика пәнінің мұғалімі.

Ж. Базаева еңбек жолын 2010 жылы Алматы Үздіксіз білім беру университетінің Педагогикалық мамандықтар кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 2011 жылы Қазақ  мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Информатика және қолданбалы математика кафедрасының оқытушысы қызметіне қабылданды. Бүгінгі күні аталған кафедраның аға оқытушысы қызметін атқарады.

Ол Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған Ұлыбританияның Ньюкасл университетінде 240 сағат көлеміндегі біліктілікті арттыру курсына қатысты. Сондай-ақ жас ұстаз Қытай Халық Республикасының Харбин ғылым және технологиялар университетінде, Өзбекстанның Т. Кары-Ниязи атындағы Өзбек Педагогикалық ғылымдар ғылыми зерттеу институтында,  Түркияның Стамбул университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Жұлдыз Болатханқызы бірқатар халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жеңімпазы. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің мерейтойлық «Ұлағатты ұстаз» және Қазақстан Республикасының «Үздік магистр-2020» төсбелгілерімен марапатталған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий