Ұстаздарға мың алғыс!

«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға»  — деген ұлы Абай бабамыздың сөзі бар. Сіздердің жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Мұғалімдер – жастардың болашағын айқындап, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.

Еліміздегі ертеңгі тізгін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу – ұстаздарға жүктелген аса маңызды да жауапты міндет. Осы жауапты міндеттің үдесінен табылып, тынбай еңбектеніп, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген ұстаз, басшы, Павлодар қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Нұрланұлы Жұмабаев. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен жаңа тұрпатты мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар, талай биіктерді бағындырды. 

Алаш арысы, ұлт перзенті Мағжан Жұмабаевтың: “Алаш баласы бас қосқан жерде төр – ұстаздыкі”, – дегеніндей ұлылықтың басында тұрған ұстаздар қауымы қандай құрметке болса да лайық. Сондай ұлағатты жолда жүрген Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аяулы ұстаздары. Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын  аялаған мектеп ұстаздарына ата-аналар атынан алғыс білдіреміз. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша 2013 жылы Павлодар қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылған болатын.

Павлодар NIS 2013 жылдан бері білім керуенінің басында келеді. Жыл сайын мектептен түлеп ұшқан оқушылар қалаған мамандықтарының иесі атанып, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде еліміздің дамуына зор үлесін қосуда. Осы ізгі дәстүрді жалғастырған мектебіміздің биылғы жылғы түлектері де биіктерден көрініп, білім ордасының абыройын асқақтатты. Биыл мектеп бітірген 12 сынып оқушылары қорытынды емтиханнан жоғарғы балл жинап, қалаған оқу орындарына түсуге мүмкіндік алып, ата-аналарын ғана емес, сонымен қатар, ұлағатты ұстаздарының да еңбегін ақтады.

Ұл-қыздарымыздың санасына білім нәрін сіңіріп, алдыңғы қатардағы оқушы болуына маңдай терін төккен аяулы ұстаздар Сіздерге биылғы түлектердің ата-аналары атынан шексіз Алғыс айтамыз. Білім көрсеткіші бойынша Павлодар аймағы бойынша көш басында тұрған Назарбаев Зияткерлік мектебіміз алдағы уақытта да саналы ұрпақ, білімді шәкірт тәрбиелей беруіне тілектеспіз. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін.

“Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың алар орны ерекше.  Ұл-қыздарымыздың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп, қолайлы орта құрып, білікті педагогтер қауымының кәсіби шеберлігі арқасында халықаралық стандарттарға сай білім беріп, отандық және шетелдік белгілі жоғары оқу орындарына түсуге жағдай жасап жатқаныңызды аса бағалаймыз.

Сіз басқарып отырған ұжымның әрдайым биік белестерден көрінуіне тілектеспіз. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге жас ұрпақ тәрбиелеудегі абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз!

Ізгі ниетпен,
Павлодар қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің 12 сынып түлектерінің ата-аналары.  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий