Бақытты балалық шақ

«Бала бауыр етің» – дейді атам қазақ. «Өмірдің бір қызығы – бала демекші, бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Балалар үшін барымызбен бөлісетініміз айдан анық. Барша адамзат үшін ең маңызды мерекелердің бірі – 1 маусым балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді.

Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды. Тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға ортақ құндылықтар бар екендігі рас. Олар – туған отбасы мен ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігімен ұштасады. Жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары.

Қазақ ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Тіпті, білім алудың өзі еңбек арқылы келеді. Егемен елдің ертеңі болар бүгінгі өрендерге жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз етіп, толыққанды білім алуына жағдай жасау Қазақ елінің басты міндеті. Бұл ретте ашық қоғам, әділетті мемлекеттің атқарар рөлі зор. Сондықтан мемлекет балалардың мұқтаждығын өтеу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, олардың тиісті білім алуына, денсаулықтарын қадағалауға, жаман әдеттерге ұрынбауына, осы секілді тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтуды мойнына алып отыр.

Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген сөз бар. Жас ұрпақ елдің ертеңгі алтын діңгегі болуы тиіс деген Қазақстан мемлекеті  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұл мен қызды білімді де білікті, озық ойлы етіп тәрбиелеу мақсатында қолдан келген бар мүмкіндікті жасап келеді. Болашақты бекемдеп, келешекті кемел ету ісіндегі мақсат-міндеттер жыл санап өз шешімін табуда. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді.

Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеде жатыр. Тәрбиелеуден бөлек, балаларды шамадан тыс жұмсап өздері әлі келмейтін еңбекке араластыруға болмайтындығын ескергеніміз жөн. Еңбектің ең нашар түрлеріне балаларымызды осы бастан жолатпағанымыз да абзал.

Ауыл баласының әр нәрсеге қызығатыны заңдылық. Яғни ашып айтар болсақ, ауыл баласының жапан даладан темір-терсек теріп оны тиісті жеріне өткізіп ақша жасайтындығын көрмесекте естіп жүрміз. Олай болмайды. Неше түрлі тәттілер алу үшін немесе балмұздаққа қол жеткізу үшін осындай әрекеттерге баратындығы айқын. Осы тұрғыда балаларымызды жақсылап қадағалауымыз керек. Кішкентай балаларға физикалық ауыртпалыққа тап болуына жол бермеуіміз қажет. Бұл баланың денсаулығына, оның дұрыс жетілуіне кері әсерін береді.

Одан кейін психололгиялық зиян келтіретін жұмыстарға тартудан аулақ болуға шақырамыз. Кейбір ата-аналарымыз еңбекпен ұштастыру арқылы тәрбие беріп жатады. Бірақ, арасында балаларды еңбекке араластыру кезінде көзге көрінбейтін ауыртпалықтар орын алуы мүмкін. Сондықтан балаларды еңбекке баулу кезінде әуелі қандай іске жұмсап, қандай жауапкершілік артып жатқаныңыз туралы жақсылап сараптап алғаныңыз жөн шығар. Негізінен балаларға бір күн ғана назар аударған жеткіліксіз. Оның болашағының жарқын болуы үшін олармен өмір бойы жұмыс істеген дұрыс. Бала – бақытты болуы үшін жаралған. Сондықтан да балаларымызға бақытты сәттерді көбірек сыйлай білейік, оқырман!

Райбек ЕРМҰХАНБЕТҰЛЫ,
Қадыр Мырзалиев атындағы орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Батыс Қазақстан
облысының Сырым ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий