Салалық кәсіподақ өкілдерінің Семей өңіріне жұмыс сапары

СЕМЕЙДЕГІ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУЛЕР. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева мен кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының басшылары Семей қаласына жұмыс сапарымен барды. Өңірге сапар кәсіподақ төрайымының Семей қаласы әкімінің орынбасары А.Садырбаевпен кездесуінен басталды. А.Мұқашева жергілікті атқарушы органдардың аймақтағы білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы оң жұмысын, әлеуметтік әріптестікті дамытуды атап өтіп, жұмыстарына табыс тіледі.

Сондай – ақ, Салалық кәсіподақ жетекшісі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Б.Ердембековпен кездесті. Оқу орнының басшысымен әңгімелесу барысында жоғары білім берудің өзекті мәселелері, оларды шешу жолдары, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері қозғалды. Қонақтар университет қызметімен танысып, сирек жәдігерлер қойылған мұражайға барды. 22 маусым күні Салалық кәсіподақ өкілдері Семей жеріндегі келелі кездесулерді жалғастырды: алдымен М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжіне барып, еңбек ұжымымен кездесті. Колледж директоры Ш.Жанаева қонақтарды оқу орнының қызметімен таныстырды.

Колледжде төрт оқу корпусы, білім алушылар үшін 310 орындық 5 қабатты жатақхана бар. Оқу орнында электрондық кітапхана залы, интернет – зал, 34 атаулы кабинет жұмыс істейді. Кабинеттерді ашуға меценаттар үлкен көмек көрсеткен екен. Әрбір атаулы аудиторияда “Шағын ғылыми-зерттеу орталығы” құрылды, зерттеу, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Оқу орнында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына және колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істеп тұр.

«Жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіру – бүгінгі заманның басты талабы. Колледж ұжымы студенттердің білім сапасына айрықша мән бере отырып, олардың инновациялық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі»,- дейді колледж директоры. Бұдан соң колледждің мәжіліс залында кәсіподақ көшбасшылары колледж ұжымымен кездесті. Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева салалық ұйымның қызметі туралы хабардар етті, кәсіподақ ардагері, төраға кеңесшісі М.Тұрғанова Салалық кәсіподақтың даму тарихы туралы айтып, әріптестеріне жұмыста табыс тіледі.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында педагог мәртебесін көтеру, педагогтарға көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен кепілдіктер, сала қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғау бағытында Салалық кәсіподақ тарапынан жасалған жұмыстар туралы айтылды. Кездесу соңында А.Мұқашева өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін колледж директоры Ш. Жанаеваны, сондай-ақ оқытушы Р.Оразбаевты, корпус комменданты Б.Байдекованы Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Өз кезегінде, колледж директоры Ш.Жанаева әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақпен бірлесіп қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл күні түстен соң кәсіподақ өкілдері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, сондай-ақ Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайында болды. Абай рухына тағзым етіп, Ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі қонақтар Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Семей қаласы бойынша білім бөлімінің «Облыстық балалар биологиялық орталығы» КМҚК барып, орталық ұжымымен кездесті.

Кәсіподақ мүшелерімен кездесуде Салалық ұйым қызметіне қатысты ақпарат берілді. А.Мұқашева орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Д.Вощакинаны “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапаттап, бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында орталық директоры С.Масалимовке Салалық кәсіподақтың 200 мың теңгелік ақшалай сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, ұжымды кәсіподақ Дипломымен марапаттады. Мазмұнды бағдарлама аясында делегация Семей қаласындағы Ядролық сынақтар құрбандарын еске алу монументіне барып, марқұмдардың рухына тәу етті.

АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ. 22 маусым күні Семей қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынды Салалық кәсіподақ басшысы А.Мұқашева ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселе қаралды: – «Ақмола облыстық кәсіподақ ұйымының қызметкерлерді құқықтық қорғау, еңбек заңнамасын қадағалауды қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы» облыстық ұйымының төрағасы Б.Әбдірахманов баяндама жасады.

– «Батыс-Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының кәсіподақ органдары мен ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті дамыту, келісімдер мен ұжымдық шарттарды орындау барысына мониторингті жүзеге асыру тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы» облыстық ұйымның төрағасы М.Даупаев ақпарат берді. – «Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының қызметкерлерді құқықтық қорғау, еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы» ұйымы төрағасының орынбасары Т.Смолина айтып берді.

Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы туралыСалалық кәсіподақ төрайымының төрайымы Ә.Әбиева жеткізді. Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары В.Беженаров «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мүшелік ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманы сақтауды қадағалауды жүргізу туралы нұсқаулыққа» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ақпарат берді. Кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының басшыларына кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүддесін қорғауға қатысты жұмыстарды жандандыру тапсырылды. Күн тәртібінде қаралған барлық мәселе бойынша тиісті Қаулылар қабылданды.

ҰЛЫ АБАЙ ЕЛІНЕ ТАҒЗЫМ. Салалық кәсіподақ көшбасшыларының Семей жеріне сапары 23 маусым күні өңірдегі бірқатар киелі орындарға тәу етумен жалғасты. Таңертең делегация Абай ауданына аттанды. «Күшікбай бұлағының» киелі суынан дәм татып, Бөрлі ауылындағы «Мұхтар Әуезовтың мұражай үйін» тамашалады. Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған жер Сырт Қасқабұлаққа соғып, Еңлік-Кебек ескерткішіне тағзым етті. Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінде болып, Абай-Шәкәрім кесенесіне барып, арнайы құран бағыштады.

Түстен соң Абай ауданына келген делегацияны аудан орталығындағы Абай ескерткішінің жанында аудан әкімі Н.Әбдікәрімов күтіп алды. Нұржан Оразбекұлы әлеуметтік әріптестік аясында өңірде кәсіподақ тарапынан айтулы жұмыстар жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтіп, Абай ауданының тыныс-тіршілігі туралы аз-кем мәлімет берді. Өз кезегінде Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева әкімді 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.

Бұдан соң Абай ауданында орналасқан Абай мектеп-лицейінде ұстаздармен кездесу болды. А.Мұқашева кәсіподақ мүшелерін Салалық кәсіподақ қызметі туралы ақпараттармен таныстырды. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін мектеп директоры Р.Тілеухановты «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Ұстаздар Г.Ғалиева, М.Смагұлова, Қ.Құликеновке Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары табыс етілді.

Кездесуде сөз алған Абай ауданы білім бөлімінің басшысы Б.Сықақова, мектеп директоры Р.Тілеуханов кәсіподақпен тығыз әріптестік орнатудың арқасында жүзеге асырылып жатқан игі жұмыстар туралы айтты. Мектеп-лицейдегі керемет кездесуде оқушылар ән мен жырдан шашу шашты. Киелі мекенге сапар талай тарихи әңгімелерге арқау болған «Қоңыр әулие үңгіріне» тәу етумен аяқталды. Ұлылар мәңгілік тыныс тапқан мекенге табаны тиген әріптестер қасиетті орындардан алған әсерлерімен бөлісті.

– Ұлы тұлғаларымыздың ізі қалған киелі мекенге алғаш рет келіп тұрмын. Көне ғасырлар көшінен сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштерден алған әсерім ерекше. Осынау шараны ұйымдастырған Салалық кәсіподаққа, Семей аумақтық ұйымына алғысым шексіз. Қасиетті Семейге сапарымыз мәңгі жүрегімізде сақталады,- деді “Нұр-Сұлтан қаласының “Әділет” білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы” ҚБ өкілі Балсұлу Наурызбаева.

– Баршамызға белгілі, 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымыздың ұлы перзенті Абайдың мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілуі тиіс деген еді. Мемлекет басшысының саясатына сәйкес, Салалық кәсіподақ тарапынан өткен жылы Абайдың мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның аясында баба рухына тағзым етіп, қасиетті мекенге келуді біз былтыр жоспарлағанбыз. Өкінішке орай, пандемия салдарынан бұл жоспарымыз орындалмады.

Осыған байланысты Салалық кәсіподақтың Атқару комитетінің кезекті отырысын Семей топырағында өткізіп, туған өлке тарихына тағзым етуге арнайы келіп отырмыз. Еліміздің еңсесі биік болуы үшін өткенімізді түгендеп, ұлтымыздың шежірелі жолын танып-білу, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа міндет. Біз бұл бағытта игі жұмыстарды жүргізуді басқа өңірлерде де жалғастырамыз – деп түйіндеді Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева Семей өңіріне сапарының мақсат-міндетін.

Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіподағының
баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий