Мектеп – айдын, біз – желкен

Білімді ел – табысты ел. Табысты ел – бәсекеге қабілетті ел. Біз мектебімізге келетін республикалық «Білімді ел» газетін оқыған сайын осы ой есімізге түседі. Маған басылым бетіндегі ұстаздардың тәжірибесі туралы мақалалар ұнайды. Сонымен бірге мұғалім – мен үшін таза, кіршіксіз ұғым. Өйткені, менің нағашы бабам Қамзабек, аталарым Ибрагим, Асан, Астархан – бәрі де мұғалім болған. Ауылдағы үйіміздің жанында ескі мектеп ғимараты тұр.

 

Ол көне болса да, жанынан өткенде аталарым мен әжелерім, үлкен ағаларым мен әпкелерім басын иіп, тағзым етеді. Бұл – қазақ елінің білім мен мектепке деген құрметі. Тәуелсіздіктің арқасында ауыл мектебі де жаңа ғимартқа көшкен. Бірақ қазір балабақша ғимараты болған ескі мектепке (ғимараты, алдындағы ескерткіштері, бағы т.б.) деген құрмет толастаған емес. Өзім атама еріп ол кісі оқыған ауыл мектебіне талай рет бардым. Үлкендердің мектепте оқыған шағын еске алып, қуанғаны қандай керемет десеңізші!..

Мен биыл Алматы қаласындағы № 178 мамандандырылған мектеп-лицейді тәмамдадым. Он бір жыл қызықты да қуанышты өміріміздің бір белесіндей өте шықты. Сынып жетекшіміз Л.К.Шегалиеваның тәлімді тәрбиесі мен ұғынықты сабақтары бізге қаншама қуат берді. Ләззат Кемелбекқызы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әлем әдебиетін де, Ресей классикалық әдебиетін де жақсы түсіндірді. Ал, математика пәні мұғалімі Смағұлова Гүлнар апай бізді нақтылық пен жүйелілікке баулыды.

Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Оразәлиева Толғанай апай көркем ойлауымызды, шығармашылығымызды дамытса, тарих пәнінің мұғалімі Темірова Гүлназ апай Ұлы дала тұлғалары туралы неше түрлі қызықты деректер айтып, танымымызды тереңдетті. Басқа да пән мұғалімдері туралы осындай жақсы баға бере аламыз. Мектеп бітіру салтанатында директорымыз Шәдиев Қайратбек ағайдың мына тамаша сөзі бәрімізге ерекше әсер етті: «Құрметті түлектер! Мектеп – өмірге бастар теңіз айдыны, сендер – ақ желкенсіңдер!..».

Мен теңізді жақсы көремін. Ақ желкенді де көргенмін. Біз енді арман қанатында қалаған мамандығымызды таңдап, жоғары оқу орындарына түсеміз. Алда да білім мен ілім жинау – мойнымыздағы міндетіміз. Өйткені біз білімді елдің білімді ұландары болуымыз керек. Арман ақ желкені, жоғары білім айдынында талапты жастарды сәттілік пен табыстарға бастай бер!

Ажар ӘМІРХАН,
№ 178 мектеп-лицейдің түлегі,

Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий