Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі тастаяқ турнирі өз мәресіне жетті

БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі тастаяқ турнирі он бірінші мәрте өз мәресіне жетті. Елордада карантин талаптары күшейтілуіне байланысты турнирге «Ashyq» бағдарламасы тексеруінен өткен тастаяқшы-журналистер ғана қатысты, – деп хабарлайды ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі.

Алпыстан асқандардан құралған «Ағалар» және ол жасқа жетпеген «Жігіттер» тобына бөлініп, тартысты өткен жарыста жеңімпаздар әр кезеңде жеребе тарту арқылы қарсыласын анықтап, мейлінше обьективті ұйымдастырылған додада бабы мықты екенін тапжылтпай танытты. «Ағалар» тобынан бірінші орынды ардагер журналист, көрнекті қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, ІІ орынды «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Мақсұт Иржанов, ІІІ орынды Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті газетінің бас редакторы Кенже Жұмағұлов жеңіп алып, арнайы диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Ал «Жігіттер» тобынан бірінші орын белгілі тележурналист, ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Оразға, ІІ орын ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Саққа, ІІІ орын белгілі журналист, ақын, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Талғат Ешенұлына бұйырды. Бұдан бөлек «Ең мәдениетті», «Ең зиялы», «Ең жомарт», «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң» және «Техникасы мықты тастаяқшы» жүлделерімен сенатор Алтынбек Нұқұлы, «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай, атақты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы, Мәжіліс депутаты, ақын, жүйрік журналист Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының астанадағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, сатирик-қаламгер Базарбек Түкібай (Балапан Базар), ардагер тележурналист Әлімжан Сабыржанұлы арнайы сертификатпен бірге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Жарыстан сыйлықсыз қайтқан бірде-бір тастаяқшы болған жоқ. Тіпті жарыста қолы жүрмеген тастаяқшы, ҚР Мемлекеттік хатшылығы секретарияты бөлім бастығының орынбасары, белгілі журналист Ержан Байтілес «Ешкімнің көңілін жықпағаны үшін» жүлдесімен марапатталып, мәре-сәре болды. Жарысқа қатысушылар БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, жоғары деңгейде ұйымдастырылған алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбек атындағы турнирге қолдау білдірген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  басшылығына, ректор, академик Ерлан Бәтташұлына, демеушілік жасаған ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақсат Салықұлына және Асылхан Сейдімбек пен Ернар Ақселеуұлына айрықша алғыс білдірді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий