“ҚызПУ-дың жас ғалымдары”: Наргиза Балтабаева
Наргиза Балтабаева – PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Болашақ» стипендиясының иегері. Жас ғалымның авторлығымен қырықтан астам ғылыми мақала мен 1 оқу құралы 1 монография жарық көрген. Сондай-ақ ол Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру аясындағы ғылыми жоба жетекшісі. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2013-2016 жылдары докторантурада білім алған, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
2016 жылғы желтоқсанда «Қазақ роман-эссе жанрының қалыптасу тарихы, және оқытудың даралық-дәстүрлік ұстанымдары» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын табысты қорғап, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен «6D011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі берілді. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2021 жылға арналған «Көлемді прозалық шығармаларды мектепте цифрлық білім беру ресурстары арқылы оқытуды жүзеге асыру» тақырыбы бойынша ғылыми жоба жетекшісі.
Бүгінде Қыздар университетінің бакалавриат студенттеріне «Әдеби үрдіс және сын мәселелері», «ХХ ғасыр қазақ әдебиеті (1900-1950/1950-2000 жж.)» курстары бойынша дәріс оқиды. Наргиза Балтабаева 1984 жылғы 6 тамызда қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. 2006 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. Біліктілігі – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Н. Балтабаева еңбек жолын 2006 жылдан М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 2013 Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің докторантурасына оқуға түскен. 2016 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының PhD, аға оқытушысы, 2017 жылы университеттің Бас ғалым хатшысы, 2018-2019 жылдары Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2018-2020 жылдары аралығында университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар ол Қазақстан жас педагог-ғалымдар Қауымдастығының мүшесі және Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы болып еңбек етіп келеді. Жас ғалым Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған 240 сағат көлеміндегі біліктілікті арттыру курсына қатысты.
Сондай-ақ жас ұстаз Түркия мемлекетінің Мугла Сыткы Кочман университетінің оқу-тәжірибелік орталығында, Голландияның Гага университетінде шетелдік ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми жұмыстар жүргізіп, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізді. Наргиза Балтабаева бірқатар халықаралық және республикалық ғылыми және тәжірибелік конференциялардың жеңімпазы және Назарбаев қорының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Загрузка...