Университет ректоры толағайға сәт сапар тіледі

Токио Олимпиадасына айға жуық уақыт қалды. Қазір спортшылар соңғы жаттығу жиындарын аяқтап, алдағы аламанға қамдануда. Жамбыл өңірінің спортшылары да төртжылдықтың айтулы турниріне тас-түйін дайын. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов осы білім ордасының студенті, бокстан Токио Олимпадасы жолдамасының иегері Әбілхан Аманқұл мен оның даңқты бапкері Нұрлан Ақүрпековті қабылдап, сәттілік тіледі, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының медиа қызметі.

– Тараз өңірлік университетінен талай талантты спортшылар шыққанынан хабардармын. Бір ғана Бақтияр Артаевтың мұражайда тұрған кубогын көріп, жігерлене түсесің. Бұл кейінгі жастарды да спортқа жетелейді деп сенемін. Әбілханның алдағы Олимпиада да тек жасындай жарқылдауын тілеймін. Нұрлан Ақүрпековтей танымал бапкері бар студентіміздің еліміздің, облыстың, университеттің атын әлемдік аренада асқақтататынына сенімдімін. Ендеше Әбілханға тек сәттілік жолдас болсын! Жеңіс тұғырынан көрін!, – деді ректор.

Бұдан кейін сөз алған Нұрлан Ақүрпеков шәкіртінің қазір бабы келісіп тұрғанын, оның салмағында Олимпиада да тек Александ Хижняк, Глеб Бакши сынды боксшылар ғана басты фаворит саналатындығын тілге тиек етіп, алайда оларды да жеңуге болатындығын жеткізді. Кездесу соңында университет ректоры бүкіл оқу орны Олимпиадада Әбілханның тілеуін тілейтінін айтып, тағы да сәт сапар тіледі!

