Жаңа заман білім мен біліктің дәуірі
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына өте бейім қоя отырып, түйгеніміз Елбасының өткен тарихқа үңіле отырып, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты тоқталып, оған баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдіруі осы мақаланы жазуға түрткі болды. Бағдарламаның «Білімнің салтанат құруы» атты 4 бөлімінде «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп бүгінгі біз тәрбиелеп отырған жастарымызға анық та, түсінікті етіп, баса айтып отыр.
Әрине білім беру жолында міндетті түрде тәрбие тұрады, өйткені екеуі егіз, үнемі қатар жүреді. Бәрімізге аян, адам баласы туғаннан үздіксіз тәрбие құшағында болатынын, туылғаннан игерген білім, білік, дағдылары біртіндеп қолданыстан шығып, оның орнына жаңадан білім, білік, дағды қалыптаса бастайтындығы. Жастардың өз бойына адами қасиеттерді сіңіруі, олардың ой-санасына, білім мен тәрбие көлемінің толысуына байланысты өмірге деген көзқарасы, болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерге өз ойларын білдіруі, ненің оң, теріс екендігіне баға бере алуы, бұл жастардың алға қарай ұмтылуын білдіреді, бір жағынан бұл заңды құбылыс деп те айтуға болады.
Жастардың ой-өрісінің дамуына, өздері өмір сүріп отырған әлеуметтік орта, араласып жүрген жора-жолдастары, әріптестері өз ықпалдарын тигізетіні анық. Осындай себеп-салдарларды ескере отырып, К.Маркстің «Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуын оның өзінің мінез-құлқы жағынан белсенді әрекетіне және әр түрлі әсерленуіне қарамастан, саяси-экономикалық, адамгершілік-эстетикалық, діни, қоғамдық қатынастардың бірлігінде қарастыру керек» деген мына ой-пікірі дәлел бола алады. Осы пікірге ой жүгіртсек, қатынастардың өз ара байланысы, бір-біріне ықпалы қоғамдық ортада біркелкі болмайды да, ол адамдарға әр түрлі дәрежеде әсер етеді, өйткені, жастардың басқа адамдардың көзқарас, ой-пікірін қабылдау дәрежесі де әртүрлі болады.
Өзіміз тәрбиелеп отырған студент жастарымызға ең тән қасиет – ақыл, ес, яғни өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап бағалауға бейім тұруы. Негізінен адам баласы туылғанынан биологиялық және әлеуметтік бағытта тіршілік етеді. Алдымен, биологиялық тіршілік иесі болып танылады да, онан соң әлеуметтік бағыт жалғасады. Осы екі бағыт бірлесіп, «адам» деген атты береді. Бұл деп отырғанымыз, биологизаторлық бағыт, яғни адамның дамуы оның табиғи (биологиялық) жетілуімен байланысты, соның барысында оның дене құрылымы мен рухани қасиеттері қалыптасады. Негізінде, адамдар арасындағы моральдық қатынастар биологиялық негізде орнығады.
Біз, тәрбиелеп отырған жастарымызға ықпал ететін топтарды екіге бөлуге болады, олар: ішкі және сыртқы. Ішкі ортаға сыртқы тәрбие орта әсерінен пайда болатын түрлі сезімдер мен ой толғаныстардың жиынтығы үлкен әсер етеді. Осы орайда, жастарды тәрбиелейтін ортаның ең маңыздысы – әлеуметтік тәрбие, бұл деп отырғанымыз өздері білім алып отырған «университет тәрбиесі». Яғни, арнайы ұйымдастырылған және саналы іске асырылатын тәрбиелік қызметтің түрі. Университет қабырғасында студент әрі білім алады, әрі тәрбиеленеді. Студент болып қабылданған алғашқы күннен бастап- ақ, оларды топтарға бөліп, әр топқа атау беріледі.
Осы топқа жиналған студенттерге арнайы тәлімгерлер (куратор) тағайындалады. Бекітілген тәлімгерлер білім бере жүріп, тәрбие жұмысын да қоса жүргізеді. Топ тәлімгерлері мен топ студенттері бірлесе отырып М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқу жылдарына арналған тәрбие жұмысының жоспары негізінде әр топтың өз тәрбие жоспарын құрады. Осы жоспар бойынша тәлімгер мен топ студенттері, белгіленген кесте бойынша тәлімгерлік сағаттар жүргізіп отырады.
Өткізілетін тәрбие сағаттарында Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс – қимыл кезеңі» және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы; (оны насихаттау және талқылау); «Жылдың үздік студенті», Отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында ашық тәлімгерлік сағаттар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру; Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы аясында тәлімгерлік сағаттар; «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша іс-шаралар ұйымдастыру; Қазақ халқының дара тұлғаларының өмір жолдарын насихаттай отырып, студенттердің ой өрісінің өсуіне ықпал етуіне іс-шаралар қарастырылады.
Осындай ұйымдастырылған іс-әрекет барысында ұстаздар ұжымы студент жастардың белсенділігіне жол бере отырып, үлкен адами құндылықтарды қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Әрине, мұндай іс-әрекеттердің басы қасында тәлімгер жүретіні белгілі. Жалпы алғанда, құндылық деген ұғым философиядағы және педагогикадағы негізгі құбылыстың бірі деуге болады, бұл деп отырғанымыз қоршаған дүниедегі обьектілердің әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың адам мен қоғам үшін, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін (жақсылық пен жамандық, көркем немесе ұсқынсыздық) түсіндіру болып табылады.
Кез келген халықтың өмірінде адами құндылықтардың орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижесі деуге болады. Зерттеушілеріміз студент жастарымыздың рухани-адамгершілік тұлғасын қалыптастыру ісі, оларға адамзат баласының қолы жеткен қоғамдық тарихи тәжірибесін игерту, сондай-ақ, әлеуметтік-этикалық нормалар мен жалпыадамзаттық ізгіліктерді қатар игертуге болатынын дәлелдеп берді. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғам – жастардан тек жоғары білімді болуын талап етіп қана қоймай, жоғары деңгейдегі мәдениет, ғылым мен техниканың түрлі салаларында терең мамандануын, әрі қоғамда өмір сүріп тіршілік ете білуін талап етеді.
Жастардың тұлғалық дамуының негізгі өлшемдері – оның жалпы адами құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой – пікірдегі тәуелсіздігі болып табылады. Осындай қасиеттердің даму деңгейі жастардың әлеуметтік қалыптасу мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп айтуға болады. Осы сияқты қасиеттерді жастардың бойында қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылады. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде жастарды тәрбиелеудің тұтастығы жөніндегі мемлекет саясатының бағыты Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасында адамгершілік тәрбие беру тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің кешенді бағдарламасында, Қазақстан Республикасы азаматтарын патриотизмге тәрбиелеу бағдарламасында атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі Тәрбие тұжырымдамасы тәрбие саласындағы мемлекеттік жалпы стратегиялық саясаттың мақсаты мен міндетін, тәрбие мазмұнының негізгі бағыттарын және оларды іске асыру шарттарын айқындайтын құжат болып табылады. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттың оның ішінде жастардың алдағы кезеңдегі жүріп өтер айқын жолын көрсеткен – тарихи құжат деп түсінеміз. Ал, осы мақалада сана сезімі биік, дүниетанымы мол, парасаттың, мәдениеттің, салт-дәстүрдің құндылығын түсінген жастарға ұлттың алдағы кезеңдегі жүріп өтер бағыт жолын айқындап берген.
Осы айтылған салт-дәстүр, рухани құндылықтар, өзіміз тәрбиелеп отырған студент жастарымыздың бойынан табылуы, жүргізген тәрбиелік іс-әрекеттің нәтижесі деп білеміз. Негізінен алғанда, халықтың әлеуметтік-мәдени және рухани құндылықтары мен дәстүрлерінің жастарды, сондай-ақ, өсіп келе жатқан ұрпақты, бүгінгі заманның көшіне ілесе алатын буын, бітім-болмысы мықты, дүниеге өзіндік көзқарасы бар, атадан балаға мирас болып келе жатқан ақжарқын мінезі мен биік адамгершілік қадір-қасиеттерді бойына жинақтаған жаны жомарт, ділі мен тілі таза азамат, толған, толысқан тұлға ретінде қалыптастыруда, сондай-ақ, қоғам өміріне бейімдеп, өздері өмір сүріп отырған қоғамдық ортада өзіндік орны бар, ролі өте зор деп айтуға болады.
Жалпы алғанда тәлім-тәрбие – ақыл – ойдың жемісі, ол ұзақ мерзімді тәжірибелер арқасында қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, «Білім туралы» Заңның «білім жүйесі» аталатын екінші бөлімінде «Білім беру жүйесінің басты міндеттері: Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау…олар мемлекеттік белгілердің мәні мен маңызын терең түсінген, халықтық дәстүрлерді қастерлейтін… халықтар достығының негізінде тәрбиеленген, халық, отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын сезінген…
Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқы мен басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қадір тұтып игеруге пейілді азамат болуы керек» делінген. Осындай міндеттерді ойдағыдай орындап шыға алатын азаматтарды келешекте тәрбиелейтін, университетте оқып жатқан бүгінгі студент-жастар. Өйткені олар қай қызметке бармасын, тәрбиелеуші болып танылады, қоғамдық орта- соны талап етеді. Ал, студент-жастарға халық педагогикасының қыры мен сырын, ғылыми негіздері мен тәлімдік мәнін ғылыми-педагогикалқ тұрғыда игерудің теориясы мен әдіс-тәсілдерін меңгеру міндетті.
Халық педагогикасы негізінде тәрбиелеу, бұл бүгінгі күннен бастау алған жоқ, ол ертеден ақ, жүзеге асуда, қазақ халқының ағартушылары, қоғам қайраткерлері: А.Құнанбаев, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, Қ.Сағырбаевтар ұлттық ғылым мен өнердің, мәдениеттің, философияның негізін салған, Шоқанның ашқан ғылыми жаңалықтары, Абай өлеңдері мен қара сөздері, Ыбырайдың ақындық, ағартушылық енбектері және Құрманғазының музыка өнері жастарды жетілдіріп тәрбиелеуде зор ықпалын тигізді.
Еліміз егемендік алғаннан бастап, қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, дүниетанымына, ұлттық қасиеттеріне қатысы бар, бұрын соңды жарияланбаған, немесе саясатқа қайшы деп кезінде жауып тастаған туындылар мен шығармалардың беті ашылды. Ұлттық сана-сезім қайта жаңғырып, жаңаша рухани көтерілу үдерісі басталды. Білім беру, тәрбие мәселелеріне көзқарастар мен талаптар өзгерді, нәтижесінде жаңа идеялар дүниеге келді. Университет, институт ұжымдары тәжірибелі ұстаздарды, шығармашылық одақтар өкілдерін және ұлттық мектеп тағдырына атсалысқан танымал ғалымдарды бірлестіре отырып, дербес мемлекеттің жаңа мектебінің жобасын, тұжырымдамасын жасауға, мектептегі, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жұмысына халықтық педагогика үлгілерін енгізуге бағытталған түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Осындай іс-әрекеттер барысында көтерілген рухани мәселе адамның санасын күрт өзгертті, осындай өзгерістер қоғам жаңғыруының ең күрделі, ең қиын саласы ретінде саналуда. Қорыта келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзінде: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», – деп ел келешегіне сеніммен үміт артқанын санамызға түйдік. Сондықтан да, Елбасының, сенімінен шығып, бағдарламалық мақалада айтылған ой-пікірді Қазақстанның дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын барлық өскелең жастар таразылай отырып, нақты шешім жасауға ұмтылу қажеттілігінің жеткендігін білген жөн сияқты.
Елбасы атап өткендей әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттерінің алғы көшінен көрінуге бағытталған ұлы мұратының бірі – сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына жиған дарынды тұлғаның қалыптасуы анық екендігі. Биыл тұғырлы тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы жарық көрді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Төрт бөліктен тұратын толғамда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың құндылықтарын түгендеп, бүтіндік, бірлікті меңзеді. Елге қызмет жалаң ұранда емес, нәтижелі істе екенін айтты.
Ал мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталып, азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруға арналады. Білім мен біліктің дәуірі – ХХІ ғасырда қазақ халқы да технологиядан қалыспай, әр адам өзін жетілдіріп, жаңа кәсіпті игеріп, ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Ал ондай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Президент талантты, талапты буынға сенім артып отыр. Ал басты ұран «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ұғым болмақ.
Айна Байларовна АЙДАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, экономика
ғылымдарының кандидаты, профессор,
Шымкент қаласы