ХХІ ғасыр талабы – жаңашылдық

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мектепке дейінгі білім беру саласына тоқталып, білім беру сапасын жақсарту керектігін айтты. Балаларда ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасады. Сондықтан, білім беру ісінде 4к моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда (Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 5 қазан 2018 жыл).

 

Осыған орай мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, жүргізілуде. Курс барысында перспективалық жоспар мен апталық циклограмма құру жүзеге асады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жолдауында айтылған 4к моделі: креативтілік, сыни ойлау, коммуникативтілік және командада жұмыс істеу дағдылары да қарастырылған. Елбасының Жолдауында айтылған 4к моделін жүзеге асырып, оқу қызметін ұсынып отырмын.

Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру курсында алған білімімді, үйренген әдіс-тәсілдерді өзім еңбек ететін балабақшадағы іс-тәжірибемде қолданып, оқу қызметін ұйымдастырдым. Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында ойынның үш тәсілін: педагогтың жетекшілігімен ойын, құрылымдалған ойын және еркін ойынды қолдандым. Себебі, осы үш ойын арқылы бала мақсатқа жетеді және белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді.

Ұйымдастырылған оқу қызметі барысында балаларды жылулық шеңберіне тұрғызып, бір-бірінің қолдарын ұстап, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Балалар өздеріне ұнаған сары, қызыл және көк түсті шаршылар арқылы топтарға топтастырылды. Сары түсті таңдаған балалар сары орындыққа, қызыл түсті таңдаған балалар қызыл орындыққа және көк түсті таңдаған балалар көк орындыққа отырды. Сонымен қатар столда сары түске сары гүл, қызыл түске қызыл гүл және көк түске көк гүл тұрды.

Мұнда саралау стратегиясының топтарға, рөлдерге бөлуі жүзеге асты. Балалар топтасқаннан кейін педагогтің жетекшілігімен ойын, құрылымдалған ойын және еркін ойын жүргізілді. Педагогтің жетекшілігімен жүргізілген «Үй қалай қаланады?» деп аталатын ойында балалар кубиктерден  үй құрастырды. Бұл ойында балалардың 4к моделінің сыни ойлауы, креативтілігі, коммуникативтілігі және топпен жұмыс жасауы көрініс тапты. Балалар бір-бірімен қарым-қатынаста болып, жұпта және топта үйді қалай құрастырғанын бір-біріне айтты.

Ойын барысында әр бала нәтижеге жетіп, құрастырған үйлерін әңгімелеп айтып берді. Сонымен қатар үйді қандай геометриялық пішіндерден құрастырғанын, қабырғасы мен шатыры қандай пішіндерден тұратынын және олардың түстерін айтты. Джиксо әдісі арқылы топтан спикер сайланып, басқа топтарға барып, үйдің неден және қалай қаланатынын айтты. Мұнда саралау стратегиясының нәтиже арқылы саралауы жүзеге асты. Сонымен қатар ойын барысында балаларға жаппай бақылау жасап, балалардың сөйлеу қабілеті мен қарым-қатынасын және шығармашылық мүмкіндігін бақылаймыз.

Саралау стратегиясының педагогтің түрлі қажеттіліктері мен деңгейі бар балаларға қолдау көрсетуі стратегиясын қолданып, күннің екінші жартысында сол баламен жұмыс жүргізуге өзіме белгілеп қойдым. Педагогтің жетекшілігімен жүргізілген ойынның мен үшін тиімділігі: баланың қызығушылығы мен қабілетін бақылай алдым. Бала үшін тиімділігі: балалардың ойлауы, шығармашылық қабілеттері дамыды, топтасып, жұмыс жасауды үйренді, бір-бірімен қарым-қатынасы дамыды.

Кездескен кедергілер: кейбір балалар педагогтің көмегін қажет етіп, тапсырманы орындауға қиналды. Шешу жолы: күннің екінші жартысында жеке жұмыс жүргізіп, құрастырғыш материалдарды, кубиктерді қолданып, сөздік қорын дамыту үшін ашық сұрақтар қойып, диалог арқылы әңгіме жүргіздім.Құрылымдалған ойынды «Өз үйіңді тап» деп атадым. Себебі, құрылымдалған ойында балаларға ресурстар беріліп, балалар өздерінің қызығушылықтарына, қажеттіліктеріне қарай ресурстар таңдап алып, сол ресурстармен жұмыс жасап, тиімді пайдаланды.

Фетрадан қиылған пішіндерден үй құрастырды, қима қағаздардан үйді жапсырды, түрлі-түсті қарындаштарды пайдаланып, үйді бояды және қиылған пішіндерден үйді жапсырды және мақталы таяқшамен дайын суретті бастырды. Осы ойын барысында балаларға диалог арқылы сұрақтар қойып, әр бала қандай ресурс таңдап, не істеп жатқанын айтты. Осы топта бала үні ескеріліп, диірмен әдісі арқылы еркін ойынға ауысты. Мұнда балалар үй туралы көптеген мәліметтер алды.

Сонымен қатар ресурсты таңдап алғаннан кейін кейбір балалар педагогтің көмегін қажет етіп, мақталы таяқшаны қолдана алмады. Күннің екінші жартысында ол баламен жеке жұмыс жүргізіп, мақталы таяқшаның көмегімен сурет бояуды ұсындым. Құрылымдалған ойында балалардың сыни ойлауы, коммуникативтілігі, бір-бірімен қарым-қатынасы көрініс тапты. Саралау стратегиясының қарқын, жылдамдық, уақыт түрлері жүзеге асты.

Өйткені кейбір балалар тапсырманы аз уақытта орындап болғандықтан, оларды ескеріп, тағы да тапсырма бердім. Ішінара бақылау барысында балалар өздерінің қызығушылықтарына қарай ресурстарды таңдап алып, нәтижеге жетті. Бұл – мен үшін құрылымдалған ойынның тиімді жақтары. Ал бала үшін тиімділігі: өзіне қажетті ресурсты таңдап, нәтижеге жетуі. Кір жуу әдісі арқылы балалар жасаған жұмыстарын іліп, бір-бірін бағалады.

«Сен не жасай аласың?» деп аталатын еркін ойын –балалардың сыни ойлауына, бір нәрсені ойлап табуына, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға және топта жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Шарты: еркін ойында балалар деньеш блоктарымен өздеріне ұнаған геометриялық пішіндерді қолданып, құрастырды. Еркін ойында балалар бір-бірін сыйлауға, достыққа, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауға үйренді.

Балаларды жанама бақылау барысында бала өзін еркін сезініп, сыни ойлап, өзінің қызығушылына қарай креативтілігін көрсетіп, өзінің ойындағы затты құрастырып, нәтижеге жетті. Бұл ойында кедергілер де кездесті. Балалар еркін ойнағандықтан, басқа балаларға кедергі келтіріп, балаларды алаңдатты. Бала үнін ескеріп, күннің екінші жартысында еркін ойын ұйымдастырдым. Педагогтің жетекшілігімен ойын, құрылымдалған ойын және еркін ойын арқылы балалар оқу қызметінің мақсатына жетті.

Ұйымдастырылған оқу қызметін ашық сұрақтар қою арқылы қорытындылап, әр топтан спикер сайлап, джиксо, диірмен әдістері арқылы балалар үш ойынның шартын біліп, оқу қызметінің мақсатына жетті. Ойынның үш түрін қолдану педагог үшін де, бала үшін де өте тиімді. Себебі, бала үш ойын түрінде де сыни ойланады, креативтілігі байқалып, жаңа бір нәрсені ойлап табады, достарымен қарым-қатынасқа түседі, бір-бірін тыңдайды, топта бірлесіп, жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, оқу қызметінің мақсатына осы үш ойын тәсілі арқылы жетеді. Ал педагог үшін үш ойын түрін қолданған кезде барлық бала қамтылады, балаларды жаппай, тікелей, жанама және жеке дара бақылайды. Балалармен ашық сұрақтар қою арқылы, диалог арқылы қарым-қатынаста болады. Бақылау барысында баланың қызығушылығын, қабілетін байқайды. Қорыта келе, ұйымдастырылған оқу қызметі баланың қызығушылығына, мақсатқа жетуі үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жоспарланады.

Ардак Матанбековна ДУДАБАЕВА,
“Күншуақ” бөбекжай – 
балабақшасының
тәрбиешісі, Алматы  облысының Іле ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий