Асхат Аймағамбетов: 20 балдан көп ауытқуы бар талапкерлердің видеосын бөлек қарап, зерттеу өткізіледі
– Өздеріңіз білетіндей, ҰБТ аяқталды. Оған 145 мыңнан астам талапкер қатысты. Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Менің ойымша, бұрын-соңды болмаған өте қолайлы жағдай жасалды. Балалар үшін ыңғайлы формат болды. Сонымен қатар академиялық адалдық қағидаларын сақтау үшін маңызды қадам болды, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін ұйымдастырылған салалық ведомстваның кезекті аппарат жиналысындағы сөйлеген сөзінде.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша тамыз айына дейін барлық камера бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тәуекелдер анықталса, тиісті шешім қабылданады.
Загрузка...– Алдыңғы жылы да алғаш рет мұндай жұмыс жүргізілді. Сол кезде өзін дұрыс ұстамай, бекітілген талаптарға сәйкес келмейтін қылықтар жасағаны және ережелерді бұзғаны үшін бірнеше талапкердің нәтижелері жойылған болатын. Мысалы, осы жылы наурызда өз еркімен тапсырған сынама тестілеу болды. Енді сынама тестілеу мен ҰБТ балдарын салыстырып, 20 балдан көп ауытқуы бар талапкерлердің видеосын бөлек қарап, зерттеу өткізіледі, – деп түсіндірді еліміздің бас педагогы. Оның сөзінше, 20 балл ауытқу болса, онда осындай тәуекелдерді зерттеу қажет.