Жаңартылған білім беру бағдарламасы – өздігінен білім алу кеңістігін құру ортасы

Еліміздің жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жағдайында оқыту мен оқу үдерісі сындарлы оқыту теориясына негізделіп, ынтымақтастықта белсенді оқу үлгісіне көшірілуде. Жиырма бірінші ғасырда адам капиталын дамытуды мақсат ететін жаңа экономикалық қағидаттардың нығаюы мен әлемдік білім беру жүйесіне ықпалдасу үдерісі педагогикалық жүйелерді дамыту жолдарын жетілдіруге барынша ықпал етуде. 

Бұл мәселенің маңыздылығы отандық білім беру саясатының парасатты зияткерлікті қалыптастыру туралы нақты міндеттерінен туындауда. Олар бірнеше бағыттарды қамтиды: зияткерлік еңбектің мәртебесін көтеріп, жастардың білімділікке, парасаттылыққа, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастары мен қарым-қатынасын өзгерту; ұлттық интеллектінің діңгегін құру, ол үшін халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын, қабілеті мол азаматтар қалыптастыру; білім, ғылым және инновациядағы серпілісті қамтамасыз ету; бұлардың барлығы да жаһандық әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі факторы адами капитал рөлін арттыру, адами ресурстарға деген жаһандық бәсекелестіктің өсуі және жаңа «технологиялық толқын» талаптарына жауап беруді қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.

Осы мақсаттарға жету үшін елімізде кешенді жұмыстар жоспарланып, стратегиялық мақсаттарға сай сан-салалы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Стратегиялық бағдарламаларға сай білім беру жүйесін реформалау кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша білім беру үлгісі 1-сыныптарда сынақтан өтуде. Оқыту нәтижесінде қандай қоғам азаматына қол жеткізе алатынымыз басты мәселе болып табылуда. Яғни, білім берудің нәтижесі оқушының пәндік білім, білік, дағдыларды меңгеруі ғана емес, оның қоғамның саналы, жауапты, құқылы мүшесі болып қалыптаса алуында болмақ.

Қазақстанда білім берудің ұлттық мақсаттарын үштілділік, еуразиялық көпмәдениеттілік, қатысымдылық, технократтық құзыреттіліктері базалық құзыреттіліктер ретінде құрай алады. Мектеп – әлеуметтік институт, ағарту және мәдениет орталығы. Бала кіші жасынан бастап құрбыларымен, ересектермен, қоршаған ортамен әрекеттесуді, ақпараттық, қатысымдылық құзыреттіліктерді меңгеруді, оларды оңтайлы қолдануды мектеп қабырғасынан бастағаны дұрыс.

Қазіргі кезеңде сабақ мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті, оның мазмұны мен құрылымын, өткізілу формасын мен түрін, құралдарын таңдауда оқушының сұранысы назардан тыс қалмауы керек. Ең басты құндылық бала тұлғасының тұтастығы мен жеке ерекшеліктерін сақтай отырып дамуы, баланың денсаулығы, оның психологиялық жайлылықта өмір сүруі, әрекет етуі. Бала денсаулығы оның жеке және ұлттық құндылығы, бала мәртебесі – қоғам мәртебесі, мемлекет мәртебесі.

Қазіргі кезеңде «нәтиже» сөзіне бірнеше анықтамалар берілуде: біріншіден, мектептік білім беру нәтижесінде оқушылардың білім, білік, дағдыларын дамытуы, екіншіден, сынып немесе жүйе деңгейлеріндегі оқушылардың тест, курс көрсеткіштері тағы сол сияқты үлгерім индикаторлары, үшіншіден, әрбір білім беру деңгейіндегі оқушылардың қоғаммен әрекеттесу, яғни әлеуметтену нәтижелері. М. Жадринаның еңбегінде көрсеткендей, білім мазмұнын жаңартуға қатысты жаңалықтарында білім беру мазмұнын құрылымдау объектісі оқу материалының көлемі мен құрамы емес, оқыту нәтижелері болатындығы айтылған.

Ұлттық стандарттар әр сынып пәндері бойынша білім беру мазмұнына «кіруімен» емес, күтілетін нәтижелер негізінде «шығуымен» реттеледі делінген. Осы орайда, негізгі мәселе білім беру нәтижелерінің құзыреттілік негізінде түзілуі болмақ. Педагогикалық еңбектерде білім жетілдіру проблемасына байланысты мұғалімнің құзыреттілігі өзекті де түйінді мәселе ретінде қарастырылуда. Басқару практикасында құзыреттіліктерді қолдану және құзыреттіліктерді модельдеу саласындағы белгілі ағылшын мамандары Стив Уиддет және Сара Холлифорд әлемдік практикада іс-әрекет құралы құзыреттілік деп көрсеткен.

Еуропа Кеңесі семинарында «Европадағы орта білім» тақырыбында талқылау нәтижесінде ұсынылған құзыреттіліктер тізбесін ұсынатын болсақ: оқуға байланысты құзыреттілік: өз білімдерінің байланысын ұйымдастыруы және оны реттей білуі, тәжірибе тиімділігін қолдана білуі, өзінің дара оқыту әдістерін ұйымдастыруы, проблемаларды шеше білуі, өздігінен оқумен айналысуы. Ізденіске байланысты құзыреттілік: әртүрлі мәліметтер базасын сұрастыруы, айналасындағы адамдардан сұрауы, сарапшылармен кеңесуі, ақпараттар ала білуі, іс-құжаттармен жұмыс жасауы және жіктей білуі.

Ойлауға байланысты құзыреттілік: өткен және қазіргі оқиғалармен байланысты ұйымдастыруы, қоғам дамуының аспектілеріне сыни көзқарас таныта білуі, қиындықтар мен сенімсіздікке қарсы тұра білуі, пікірталастарда өз ойыңды айтып, ұстанымдардағы тұрақтылығы, білім алып, қызмет етіп отырған ортаның саяси және экономикалық маңыздылығын түсінуі, денсаулыққа, қоршаған ортаға байланысты. Бірге еңбек ете білуге байланысты құзыреттілік: топтарда және бірлесе еңбек ете білуі, шешім қабылдай білуі, келіспеушіліктер мен керісулерді реттей білуі, келісе білуі, келісімшарттарды дайындауы және орындай білуі.

Іске кірісуге байланысты құзыреттілік: жобаларға қатысуы, жауапкершілік жүргізуі, топқа және ұжымға ене білуі, өз үлесін енгізуі, ынтымақтастықты дәлелдеуі, өз жұмысын ұйымдастыра білуі, техникалық құралдарды пайдалана білуі. Бейімделе білу құзыреттілігі: ақпараттық-коммуникациялық жаңа технологияларды қолдана білуі, шұғыл өзгерістер алдында бейімділігін дәлелдеуі, қиындықтар алдында төзімділігін көрсетуі, жаңа шешімдер таба білуі болып табылады.

Білім беруді дамытуға бағытталған құжаттарда бұдан басқа да көптеген құзыреттіліктер анықталған. Түйінді құзыреттіліктердің алты тобы көрсетілген, соның ішінде математикалық құзыреттілікке тоқталғым келеді. Математикалық құзыреттілік: сандық білім, кеңістікті бағдарлау, геометриялық білім, құру, мәліметтік баға, математикалық ойларды қолдану, адаптациядан өткізу, проблема шешуге арналған үдерістерді ұйымдастыру немесе орындау.

«Нәтижеге бағытталған білім» адамдарды үш себеппен жақындата түседі: нәтижеге бағытталған білім беру оқытудың сапасын жақсарта түседі, қатысушылардың жоғарғы сапалы нәтижеге жетуге мүмкіндіктерін көтереді және мектеп құрылымында міндеттерді жіктеуін жақсартады. Нәтижеге байланысты білім жүйесіндегі мұғалім құзыреттілігі мен квалификациясына талап қою мәселелеріне келсек: мектептік білім жүйесі нәтижесінің соңғы нәтижесін бағдарлау; білім сапасының анықталуына құрылымдық қатынас жасау; білім сапасының жетістігіне жету үшін оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық ережелермен қамтамасыз ету; білімнің сапалы жетістіктері мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру ережесі.

Әлеуметтік серіктестік механизмдерін енгізу (инновациялық білім беру ұйымдарымен, жекелеген тәжірибелі мамандармен, ғылыми-практикалық жобалармен, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен); білім жүйесінің нормативті-құқықтық негіздерін меңгеру, қызметтік функциялардың мазмұны мен сапалық деңгейін заманауи талаптарға сәйкестендіру; нәтижеге бағытталған білім берудің тұжырымдамаларын, аспектілерін меңгеру, практикалық маңыздылығына мән беру, эксперименттер мен зерттеу жұмыстарына қатысуы; әрбір мұғалім өзінің кәсіби даярлық мониторингін жасап отыруға машықтану.

Әрбір мұғалім өзінің кәсіби даму бағдарламасын даярлау; білім беру ұйымдарының басшылары, жетекшілер мектептердің жаңа білім беру кеңістігіне айналуын қамтамасыз етуге жұмыс жасау. Еліміздің орта білім беру жүйесін жетілдіруде көзделіп отырған мақсаттардың ең негізгісі әрбір жеке тұлғаға білім алудың өмірлік жолын еркін таңдауына мүмкіндік туғызу екендігі жаңалық емес. Сыни тұрғысынан ойлай да білетін, шешімдерді таба да алатын, өз мүмкіндіктеріне сенімді, оқу және өмір жағдаяттарын шешуге қабілетті тұлғаны дайындау аса маңызды мәселе болып табылуда.

Кез келген оқушы мұғалімнің жетекшілігімен орындаған шығармашылық жұмыстың нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамыта алуы тиіс. Бірқатар логикалық операцияларды орындауға машықтандыру, соның ішінде салыстыру, талдау, жинақтау, құрылымдау, жіктеу, топтау, өңдеу. Осы тұрғыда әрбір мұғалімнен оқу үрдісін ұйымдастыру жолдарын қайта қарауды, технологиялармен, ұтымды әдіс-тәсілдермен ұштастыруды қажет етеді. Осы мақсатта білім негіздерін өздігінен меңгеруге талпынатын, алған білімдерін іс жүзінде қолдана алатындай білім беру кеңістігін құруымыз керек.

Бауыржан  Жағыпарұлы ЕСЕНҒАЛИ,
Ақтөбе облыстық мамандандырылған
физика – математикалық мектеп-интернатының
физика пәні мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий