Қандай форматта оқытсақ та, білім деңгейін төмендетпеуіміз керек..
Бүкіл әлем жұртшылығын әбігерге салған жаһандық пандемияның залалы бізді де айналып өткен жоқ. Белең алған жағдайға байланысты біз бұл жүйелермен бір-ақ күнде бетпе-бет келгеніміз есімізде. Әрине, жұмыс барысында туындаған мәселелер де баршылық. Бірақ олардың денін біз игере білдік, – деп хабарлайды Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл, әсіресе, білім саласы мамандарын біраз әуре-сарсаңға түсіргені анық. Дегенмен, шындап іздесек, шығар жолдың да табылып қалары сөзсіз еді. Дер кезінде қажетті шешімдерді қабылдап, қиын науқанды қисынды ұйымдастыра білудің арқасында міне, биыл екінші жыл еліміздің білім саласы жаңа форматтарды тиімді пайдаланып, білім әлеміне жаңаша леп әкелді.
Бұл жолғы оқу жылы да өткен жыл секілді өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Елдегі де, облысымыздағы да санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың құбылмалылығына байланысты білім беру саласында да ішінара өзгерістер жасалынып отырды. Осындай ауқымды жұмыстардан Түркістан облысының да білім ұялары тысқары қалған жоқ.
Мәселен, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің биылғы жылғы 27 ақпандағы № 9 қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты осы жылдың 1 наурызынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат алды. Алтын ұя мектептерін сағынған балалар үшін бұл бір орынды шешім болды.
Жалпы, Түркістан облысында 499894 оқушыны қамтитын 919 (900 мемлекеттік, 19 жекеменшік мектеп) күндізгі орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 136 мектеп шағын жинақты, ондағы оқушы саны – 12763. 2020-2021 оқу жылының III тоқсанында білім алушылардың, педагогтардың және басқа қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында 1-11 сыныптарда оқу процесі 313277 (63%) оқушыға қашықтықтан жүргізілді.
Бұл біздің ойдан шығарған жаңалығымыз емес. Заман талабы осыны қалайды. Ең алдыңғы орынды балалар мен ұстаздардың бас амандығы. Ал дұрыс игерімей қалған тақырыптарды жазғы мектептер, қосымша сабақтар арқылы қуып жетуімізге мүмкіндігіміз бар. Сәт сайын құбылып отырған эпидахуалға байланысты біз де оқыту форматын соған ыңғайлап отыруға күш салдық. Және ол өз жемісін бере де алды.
Бүгінгі таңда, мектептегі оқушы саны 5-тен 300 адамға дейін контингенті бар шалғайдағы 224 жалпы орта білім беретін мектептерде 29 827 оқушы штаттық режимде оқытылды, бастауыш 1-4 және 5 сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері негізінде 8198 кезекші топта 108083 (44%) оқушы білім алды. Бір қуанарлығы, қаншалықты қиын болса да, оқу процесі бір үзіліп көрген жоқ.
Тіпті, оқу бітіретін 9,11 сыныптардағы 48707 оқушыға ( 9 сынып – 1780 топта 29045 оқушы, 11 сынып – 1268 топта 19662 оқушы ) 6 күн ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30 % қашықтықтан оқытуға қол жеткізілді. Барлық мектептерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауға баса мән берілді. Осының арқасында тәп-тәуір нәтижелерге де қол жеткізіп үлгердік.
Төртінші тоқсанда да өңір тәуекелі төмен немесе орташа аймақтардың қатарында болған жағдайға байланысты облыстың білім беру ордалары аралас форматта оқыту үдерісін одан әрі жалғастырды. Түркістан облысы бойынша, дәстүрлі форматта – 13 2064 оқушы, ал қашықтан – 28 6168 оқушы бұл тоқсанды аяқтады. Биылғы оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу ерекше жаңа форматта өткізіліп жатыр. 2020-2021 оқу жылында Түркістан облысы бойынша жалпы түлектер саны – 27410.
Олардың 22535-і (82,2 %) ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2021 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы №82 бұйрығына сәйкес облыста 5 аудан, қала орталығында және Шымкент қаласында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында ҰБТ компьютерлік форматта өткізілуде.
Олар: Түркістан қаласында (Түркістан, Отырар, Кентау), Жетісай ауданында (Жетісай, Мақтаарал, Шардара), Сарыағаш ауданында (Сарыағаш, Келес, Қазығұрт), Ордабасы ауданында (Ордабасы, Арыс, Бәйдібек), Созақ ауданында (Созақ), Шымкент қаласында (Арыс, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам) орналасқан тестілеу орталықтарында 25 аудиторияда 620 орын дайындалған. 2021 жылғы ҰБТ өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың барлық талаптары сақтау қамтамасыз етілген.
Тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде екі метр арақашықтық сақталды. Барлық тестілеу пункттері тепловизорлармен, медпункттермен, зарарсыздандыру тоннельдерімен, санитайзерлермен, дезинфекциялаушы кілемшелермен, бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген. ҰБТ өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін ҰБТӨП-ке ҚР БҒМ қызметкерлері қатарынан және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдерімен арнайы мониторингтік топ мүшелері қатарынан бақылаушылар жіберіледі.
Демалыс кезеңінде білім алушылардың білім олқылықтарының орнын толтыруға байланысты қызметтің негізгі түрлері оқу материалын меңгеруде қиындықтары бар, оқу үлгерімі төмен білім алушылармен қосымша сабақтар өткізу, өзіндік дайындық үдерісінде қиындық тудыруы мүмкін сұрақтарды түсіндіру, білім алушылармен жеке жұмыс, білім алушылардың өздігінен оқу қызметін жүргізу мақсатында жазғы мектептер өз жұмысын бастаған болатын.
Жазғы мектептер 2021 жылдың 26 мамыр мен 19 маусым аралығында ұйымдастырылды. Қорыта айтқанда, біз оқытудың қай форматына көшпейік, біздің алдымызда тұрған ең өзекті мәселе, оқушылардың білім деңгейін төмендетпеуіміз керек. Облыстың барша ұстаздар қауымы осы қағидатты берік ұстанса, жолшыбай ұшырасатын өткінші кедергілер біздерге бөгет бола қоймасы анық.
Загрузка...