Өнегелі өмір иесі

Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына байланысты мемлекетіміз бен қоғам өмірінің, сондай-ақ білім мен ғылымның ұлттық моделінің қалыптасуына да отыз жыл толмақ. Қазақстанның қалыптасу тарихы мен тәуелсіз мемлекет ретіндегі гүлденуі – ел азаматтарының ерен еңбегінің нәтижесі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткеніндей, ақылымен, дарынымен заманауи Қазақстанды қалыптастырған нақты тұлғаларды қоғамға таныту – біздің басты парызымыз.

 

Қазақстандықтар ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғалардың шынайы өмір тарихын еске алусыз, сондай-ақ олардың өмірбаян беттерінің жылнамасынсыз ұлт пен ел болашағы жайлы айту мүмкін болмас. Егемен Қазақстанның педагогикалық ғылымын көптеген ғалымдар жасағандығы анық, бірақ та жарқын із қалдырған тек лайықтылары ғана, оның тарихына айналары сөзсіз. Профессор Жадрина Мақпал Жұмабайқызы осындай жарқын із қалдырушылардың қатарына жатқызуға болатын санаулы адамдардың бірі де бірегейі.

Мақпал Жұмабайқызының қызмет жолдарына қысқаша тоқталсақ, ол – 1974 жылы Алматы облысының Үңгіртас ауылында химия және биология пәнінің мұғалімдігінен бастау алған. Оның ғылыми жолының негізі Алматы қаласындағы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру Орталық институтында және КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясы Білім беру мазмұны және әдістемесі ғылыми-зерттеу институтының Қазақ бөлімшесінде әдіскер, Педагогикалық ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының «Ұлттық білім беру мектебінің мазмұнын болжау», «Педагогика теориясы», «Дидактика» зертханаларының меңгерушісі қызметін атқарды.

1994 жылдан білім берудің мемлекеттік стандарттарын әзірлеу жөніндегі ғылыми-әдістемелік жұмысты басқарып, 1999 жылы Ы.Алтынсарин атындағы  Қазақ білім беру академиясының Орта білім беру институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Мәскеу қаласында КСРО Педагогика ғылымдары академиясының аспирантурасында оқуы Мақпал Жұмабайқызының ғалым ретінде қалыптасу кезеңі болды. 2006 жылы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру орталығы Адамның үйлесімді дамуы институтының директоры, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының вице-президенті лауазымында, 2010 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жүйесінде қызмет атқарды.

Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы екен. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету болмақ. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, оны тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда керемет жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың ұстазына деген құрметі ерекше әрі оны әрдайым еске алары мәлім. Әлемнің бір шетін ұстаған Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін.

Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым»-деп, еске алатын болған екен. Ілім үйреніп, оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай көміп қоюмен тең дейтін даналық тұжырым, ұстаз дәрежесін құрметтеумен қатар, міндеттеп те тұр. Мақпал Жұмабайқызының жетекшілігімен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін 10 диссертация, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін үш диссертация қорғалған.

Мақпал Жұмабайқызының жетекшілігімен алғашқы докторлық диссертацияны «Жалпы орта білім беруді стандарттау жағдайындағы инновациялық процестерді басқару» (Қарағанды қ., 2008 ж.) маңызды әрі заманауи тақырып бойынша қорғау, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы Мұқанованың еншісіне тиіпті.

Міне, сондықтан да Сәулеш Дімкешқызы өзінің ғылым жолында ұстазы болған Мақпал Жұмабайқызының мұрасын насихаттап, еңбектері барша педагогикалық қауымның игілігіне айналуы жолында аянбай еңбек етуде. Жуырда «Өрлеу» Қарағанды филиалы онлайн форматта М.Ж. Жадринаның туғанына 70 жыл толуына орай «Мектептегі білім беру нәтижелері: ББД-дан функционалдық сауаттылыққа дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференцияны өткізу идеясын қолдап, білім беруді жаңартудың философиясы, тарихы мен әдіснамасы бойынша сөз сөйлеген қазақстандық және шетелдік әріптестеріміз Assel Mukhametzhanova, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасының төрағасы, PhD докторы, Ж.Н. Aбдильдина, Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығының» директоры, педагогикалық білім беру магистрі, Е.Нұрланов, ҚР БжҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры, экономика магистрі, Г.Сманова, Назарбаев Университеті, Жоғары білім беру мектебі, докторант, Р.Қаратабанов, Білім беру мазмұны, мектепте білім беруге арналған оқулықтарды әзірлеу және оқу-әдістемелік кешендерді бағалау мәселелері бойынша сарапшы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, А.Култуманова, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының инновациялық және зерттеу жобалары қызметінің жетекшісі, әлеуметтік ғылымдар магистрі, Г.Қожамқулова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері, педагогика ғылымдарының магистрі, М.Мкртчан, Хачатур Абовян атындағы АМПУ «Жалпы әдіснама және педагогикалық инновациялар» зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, доцент, Т.Горбунова, Омбы облысының білім беруді дамыту институтының ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Конференция бүгінгі таңда білім беру мазмұнындағы болып жатқан өзгерістер – бұл құндылықтар мен болжау жүйесін ауыстырудың ұзақ, объективті процесі екенін көруге, өзгерістердің негізінде жатқан қағидаттар қазақстандық болмысты ескере отырып құрылғанын түсінуге, мектеп оқушы үшін нағыз достық орта болуы үшін әлі де көп нәрсе істеу керек екенін қабылдауға мүмкіндік беруі тиіс. Мақпал Жұмабайқызының еңбектерінде қазақстандық 11 жылдық мектеп білімінің мазмұнын жаңартуды жүзеге асырудың практикалық жолдары теориялық тұрғыдан негізделген.

Бүгінгі таңда 1996-1998 жылдар кезеңінде әзірленген тұжырымдамалық және нормативтік құжаттар, жалпы орта білім беру пәндері бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттары білім беру жүйесінің жүйе құраушы негізіне айналды деп сеніммен айтуға болады, ол Қазақстанда жаңа буынның әдістемелік құрамдас бөлігі – оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу бойынша жоспарлы жұмыстарды бастауға мүмкіндік берді. М.Ж. Жадринаның «Мектепте вариативті білім беру мазмұнын құрудың ғылыми негіздері» (2000) іргелі монографиясы, мектеп білімінің мазмұнын ұйымдастырудың әдіскері, дидактигі ретінде отандық педагогикалық ғылымда Мақпал Жұмабайқызының жетекші рөлін түпкілікті анықтады.

Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты «Негізгі ережелер», мектептің бастауыш, негізгі, жоғары сатыларындағы 34 оқу пәні бойынша Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде оқытатын мектептер үшін стандарттар дайындау қажеттілігін ескере отырып, 63 білім беру стандарты әзірленді. 2001-2004 жылдары республикада 12 жылдық білім беру моделінің әдіснамасын анықтау бойынша зерттеулер жүзеге асырылды. М. Жадрина, Н.Нұрахметов, С.Мұқанова, К.Қожахметова, Г. Байжасарова, Б.Кудышева, С.Каликова сынды аналитикалық топ құрамымен Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің ұлттық куррикулумының негіздемелік негіздері шығарылды.

Сонымен қатар, отандық педагогикада алғаш рет нәтижеге бағдарлау әдіснамасында білім берудің мазмұндық және процессуалдық тараптарын ұйымдастыруға сапалы жаңа тәсіл жасалды. М.Жадрина 2006 жылы «Білім беру сапасы мектептегі білім беруді дамытудың жаңа кезеңінің бағдары және мектептегі білім беру мақсаттарын күтілетін нәтижелер ретінде айқындаудың жаңа тәсілдері ретінде» жұмысын дайындады. Оқу жетістіктерінің нәтижелерін бағалау тек білімді, білік пен дағдыны қадағалауға ғана емес, сондай-ақ кең ауқымды білік пен дағдылардың даму серпініне де бой алдырмауға тиіс екендігі айқындалды.

Сондықтан да Мақпал Жұмабайқызының ғылыми қорын Қазақстанның педагогикалық ғылымының дамуына қосқан үлесі арқылы қазақстандық қоғамның одан әрі дамуын қамтамасыз ететін құндылықтар жүйесін қалыптастыру үшін сақтау қажет деп санаймыз. М.Жадринаның ғылыми мұрасы 200-ден астам ғылыми жарияланымдармен, соның ішінде диссертациялармен, монографиялармен, білім беру стандарттарымен, әдістемелік ұсынымдармен, әдістемелік құралдармен, мектептегі білім беру мазмұнын дамыту проблемалары бойынша мақалалардан тұрады.

Мақпал Жұмабайқызының отандық педагогикалық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесіне құрмет көрсете отырып, оның ғылыми зерттеулері нәтижелерінің басым бөлігі Қазақстан мектебіндегі білім беруді жаңартудың стратегиясы мен тактикасында көрініс тапқанын есте сақтау маңызды. Ғылым жолы – дамылсыз ізденістер мен қажыр-қайратты, үлкен мақсаткерлікті талап ететін асулы жол. Осыны ескере отырып, «Жадрина Мақпал Жұмабайқызы. Еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші. 1985-2016 жж.» көрнекті ғалым әрі педагогтің кәсіби қызметінің ең белсенді кезеңінде жарияланған ғылыми және әдістемелік еңбектерінің анықталған және жүйеленген тізімі енгізілген жинақ шығарылды.

Жинақ – бұл отандық ғалымның педагогика саласындағы жеке библиографиясын жасау үшін тамаша мүмкіндік. Артында игі ісі қалған жанның аты мәңгі өшпейтіні анық. Қазақ ғылымының дара да дана білімпазының өткен жолы, бай мұрасы, асыл бейнесі уақыт өткен сайын әр қырынан танылып, шынайы дарын иесі екенін көрсетіп келеді. Ғалымның Қазақстан Республикасының ғылым мен білім беру саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі үлгі аларлықтай, ал оның өнегелі өмір жолы – кейінгі буынға жарық шашып тұратын шамшырақ іспетті. 

Тілеу ТУҒАНБАЕВА,
Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Қарағанды
облысы бойынша
ПҚ БАИ бас маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий