Президент тапсырмасы: ҚР Үкіметі “Тәуелсіздік ұрпақтары” грантын тағайындады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындауды ұсынған болатын. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес ел Үкіметінің (08. 07. 2021 ж, №469) қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындалды, – деп хабарлайды ҚР Премьер – Министрдің баспасөз қызметі. 

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы. Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалсын. Қоса беріліп отырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидалары бекітілсін. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

1-тарау. Жалпы ережелер. Осы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын (бұдан әрі – грант) беру тәртібін айқындайды. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) грант алушы – грант беру туралы шартқа (бұдан әрі – шарт) сәйкес грант төлемі жүзеге асырылған конкурс жеңімпазы;

2) грант беруге арналған конкурс (бұдан әрі – конкурс) – осы Қағидаларға сәйкес грант беру үшін жеңімпазды айқындау процесі; 3) жоба – жобаны іске асыру орындылығының, мерзімдерінің әлеуметтік – экономикалық негіздемесін, грант қаражаты есебінен жоспарланатын шығындардың тізбесін айқындайтын ұсынылған идеяны жүзеге асыру және іске асыру жоспары; 4) конкурстық комиссия – конкурстық өтінімдерді бағалауды жүзеге асыратын және конкурс жеңімпаздарын айқындайтын алқалы орган; 5) конкурстық өтінім – азаматтың осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қажетті құжаттар қоса берілген, конкурсқа қатысуға арналған өтініші;

6) мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік жастар саясаты саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 7) үміткер – конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде жасы он төрттен кем емес және жиырма тоғыздан аспайтын, конкурсқа қатысуға конкурстық өтінім берген Қазақстан Республикасының азаматы. Гранттың мөлшері мен санын Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейді. Бөлінген грант қаражаты жобаны іске асыру үшін пайдаланылады. Грантты пайдалану мерзімі бір жылдан аспайды. Гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:

1) «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған; 2) «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған; 3) «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған; 4) «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

5) «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған. 2-тарау. Гранттың мақсаттары мен міндеттері. Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау болып табылады. Грант беру міндеттері: 1) талантты және талапты жастарды қолдау;

2) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық тудыратын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау; 3) жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету; 4) жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.

3-тарау. Конкурс өткізу тәртібі. Конкурсты ұйымдастыруды және өткізуді уәкілетті орган жүзеге асырады. Конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарламаны уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ интернет-ресурсында, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жариялайды.

Конкурс екі кезеңде өткізіледі: 1) бірінші кезең – уәкілетті органның конкурстық өтінімдерді қабылдауы және осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкестігін қарауы; 2) екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздардын анықтау. Конкурстық өтінімдерді бағалау үшін уәкілетті орган конкурстық комиссия құрады. Конкурстық комиссияны төраға – уәкілетті органның басшысы басқарады. Конкурстық комиссияның құрамына орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі, бағыттардың әрқайсысын уәкілетті органмен келісу бойынша конкурстық комиссия мүшелерінің арасынан басшы басқарады.

Мүдделер қақтығысы болған жағдайда конкурстық комиссияның мүшесі бұл туралы конкурстық комиссияның төрағасын хабардар етеді және конкурстық комиссия төрағасының шешімімен конкурстық комиссияның жұмысына қатысуға жіберілмейді. Конкурстық комиссияның отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарында өткізіледі және уәкілетті органның интернет-ресурсы мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі. Конкурстық комиссияның отырыстары, егер оған мүшелердің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

Үміткер конкурсқа қатысу үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген электрондық мекенжайға және конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген мерзімдерде конкурстық өтінім береді. Конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді дайындауға және ұсынуға байланысты барлық шығыстарды үміткер көтереді. Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:

1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы; 2) жобаның бейне-таныстырылымы (алпыс секундтан аспайды); 3) шығыстар сметасының жобасы; 4) зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуға тиіс. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген конкурстық өтінімдерді беру мерзімі өткеннен кейін ұсынылған конкурстық өтінімдер қабылданбайды. Уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді тіркейді және осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкестігін қарайды.

Осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды үміткерге конкурстық өтінім ұсынылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қайтарады. Үміткер пысықталған конкурстық өтінімді конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген өтінімдерді қабылдау мерзімінің соңына дейін қайта бере алады. Осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келетін конкурстық өтінімдерді уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның қарауына жібереді.

Уәкілетті органның конкурстық комиссияға конкурстық өтінімдерді бергенін растау конкурстық өтінімдерді беру туралы хаттамамен ресімделеді. Конкурстық комиссияның мүшелері уәкілетті орган осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келетін өтінімдерді ұсынған күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес бағалау парағы бойынша бағалайды және конкурс жеңімпаздарын айқындайды. Үміткер ұсынған конкурстық өтінімде жобаның негізгі идеясы, оның әлеуметтік әсері, күтілетін нәтижелері ашылмаған жағдайда және конкурстық комиссияда жобаға қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасының шешімі бойынша үміткерлердің баяндамаларын презентациялармен бірге көзбе-көз немесе қашықтан тыңдау жүргізіледі.

Конкурстық комиссияның шешімі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес бағалау парағы бойынша жиналған балдардың санын көрсете отырып, конкурс қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған конкурстық комиссияның мүшелері қол қояды. Конкурстық комиссияның конкурс қорытындылары туралы хаттамасы қол қойылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және интернет-ресурсында орналастырылады.

Уәкілетті орган конкурс жеңімпаздары айқындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы конкурстық комиссия хаттамасының үзіндісін ұсына отырып, конкурс жеңімпазы болған үміткерлерді және конкурс жеңімпазы деп танылмаған үміткерлерді хабардар етеді. 4-тарау. Грантты беру, пайдалану және қайтару тәртібі. Конкурс жеңімпазы екінші деңгейдегі банктерде жеке шот ашады және конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын айқындау туралы хаттамасына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға грантты аудару үшін банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынады.

Уәкілетті орган конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын анықтау туралы хаттамасының негізінде конкурс жеңімпазы банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынғаннан кейін конкурс жеңімпазымен шарт жасасады. Конкурстың кәмелетке толмаған жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен шарт жасасады. Грант алушы үш айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынады.

Уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуына, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторингті жүзеге асырады. Гранттың нысаналы пайдаланылмағаны анықталған жағдайда уәкілетті орган грант алушыны шарт талаптарының бұзылғаны және гранттың толық сомасын қайтару қажеттігі туралы жазбаша нысанда хабардар етеді. Грант алушы грант қаражатын уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қайтарады.

Грант алушы қаражатты белгіленген мерзімде қайтармаған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алынады. Грант алушы қайтарған грант қаражатын уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджетке аударады. Қаражат: 1) грант алушы қайтыс болған; 2) грант алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған; 3) грант алушы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларда (растайтын құжаттар болған кезде) қайтарылмайды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий