Үйірме жұмысының мазмұны – пән бойынша білімді тереңдету мүмкіндігі

Теміртау жоғары политехникалық колледжі республикамыздың жетекші оқу орындарының бірі. Колледж білім беру қызметтері нарығында алпыс бес жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Колледжде студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына маңызды орын беріледі. Студенттер зерттеу үйірмелерінде, сондай-ақ оқу уақытында рефераттар, баяндамалар дайындау процесінде ғылыми шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады.

Жаңа заманғы білім берудің мақсаты-отандық және әлемдік мәдениет дәстүрлеріне, өмірдің құндылықтары мен қажеттіліктерінің қазіргі жүйесіне бағдарланған, қоғамда белсенді әлеуметтік бейімделуге және өз бетінше өмірлік таңдауға, еңбек қызметін бастауға және кәсіби білім беруді жалғастыруға, өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі жетілдіруге қабілетті азаматтың жан-жақты дамыған жеке тұлғасын дайындау болып отыр. Осыған байланысты колледжде 2020-2021 оқу жылынан бастап, жеті бағытты қамтитын «Креативті ойлау орталығы» жұмыс істей бастады.

Осы жылы мұнда алты жүзден астам студент қамтылды. Оқытушыларға іс-шараларды ұйымдастыру кезінде тиісті әдістемелік көмек көрсетіледі. Орталықтың мақсаты: студенттерде жаңа ғасырдың құзыреттерін қалыптастыру саласындағы инновациялық қызметті жүзеге асыру болып табылады. Міндеттері: білім алушылардың кең танымдық және шығармашылық мүдделерін, олардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін, өз бетінше тану және оқыту қабілеттерін қанағаттандыру және дамыту үшін ұйымдастырушылық және әдістемелік жағдайларын жасау.

Креативті ойлауды қалыптастыру және дамыту; білім алушылар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіру; инновациялық қызметті жүзеге асыру; білім алушыларды кәсіби қызметтегі трендтер мен жаңа технологияларды тәжірибелік іске асыру ерекшеліктерімен таныстыруды ұйымдастыру; экономиканың инновациялық салалары үшін мамандар даярлау; жастардың шығармашылық әлеуетін іске асыру; креативтілікті дамытудың теориялары мен әдістерімен, әлемдік тәжірибемен танысуды ұйымдастыру.

«Креативті ойлау орталығы» өзінің әрекетін төмендегі бағыттар арқылы жүзеге асырды: орындаушылық өнер; жаңа медиа және сандық мәдениет; дизайн және сәулет; стартап-жобалар және бизнес-идеялар; ғылыми және техникалық шығармашылық; экологиялық-құқықтық; шығармашылық өзін-өзі көрсету. Берілген бағыттардың бірі «Ғылыми-техникалық шығармашылық» бағыты. Мұнда жоспар бойынша, жетекшінің үздіксіз нұсқауымен «0911000 – Электр және электрлі механикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша Камбаров Жанас, Куандыкова Айнұр, Нуруллаев Мухит, Тоймуратов Мақсат және Жорабеков Жарқынбек 2 бөлмелі пәтердің стенді бойынша жобамен айналысты.

Нақты айтқанда, оны электрмен қамтамасыздандыру және монтаждау, берілген әр түрлі сұлбаларды жинау және оқу, монтаждау түрлерін меңгеру және орындалатын жұмыстың ретін білу, тиімді электронды құрылғыларды таңдай алу, типтерін анықтай алу бойынша жыл бойы жұмыстар атқарылды. Жобаның мақсаты: кең ой-өрісі бар, заманауи ақпараттық технологияларды білетін және кәсіби міндеттерді білікті түрде шешуге, проблемаларды көруге, тұжырымдауға, оларды шешу жолдарын таңдауға қабілетті маман-кәсіпқойды даярлауға ұмтылу.

Студенттер жобаның бірінші кезеңінде сабақ барысында электр аспаптарымен, электротехника, материалтану негіздерімен, қарапайым электр аспаптарының құрылғысымен және жұмысымен, принципті электр схемаларымен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерімен танысты. Практикалық сабақтарда монтажды, сұлбалардың дұрыс құрастырылуын тексеруді, жиналған түрін сынауды меңгерді. Электр өлшеу құралдарының көмегімен өлшеуді және дәнекерлеуді үйренді.

Жұмыстың екінші кезеңінде күрделі емес электр жабдықтарына қызмет көрсету және тұрмыстық электр техникасын жөндеу негіздерін меңгерді. Келесі кезеңде күрделі электр жұмыстарын игеру, сонымен қатар электр шеберханаларын қайта құру және жаңарту бойынша зерттеулер жасап, теориялық білімдерін дамытты. Тақырыптар бойынша теориялық білімдерін шыңдап тәжірибе жүзінде екі бөлмелі пәтерді электрмен қамтамасыздандырды және монтаждады.

Жоба студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының отырысында үздік жұмыстардың қатарынан табылды, студенттер мен оқытушылардың жылы лебіздеріне ие болды. Сонымен қатар, студенттердің осы жоба бойынша жасаған жұмысын колледждің YouTube арнасынан да көруге болады. Бүгінгі студенттер колледждің үздік дәстүрлерін жалғастырып, еліміздің әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал ете отырып, бәсекеге қабілетті кәсіпқойларға айналатынына күмән жоқ.

Эльмира НУРМАГАНБЕТОВА,
директордың оқу-әдістемелік
жұмыстары бойынша орынбасары,
Алқагүл КАРИПОЛЛА,
энергетикалық пәндер кафедрасының
оқытушысы, Қарағанды облысының
Теміртау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий