Кәсіпкерлікке даярлау мектебі

Біздің әрбіріміз – кәсіпкерміз. Кәсіпкер болу үшін Сіздерге ең керек дағдылар: сәтсіздікке төтеп беру, тың идеяларды туғызу, оны сата білу, сол идеяны жүзеге асыру және өзінің қателіктеріне қарамастан, одан әрі оқу, даму, болашаққа қадам жасауда табандылық таныту. Джеймс Алтачер. Қазіргі білім беру саласында заман талабына сай айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Осыған орай, білім беруде оқушының жеке және кәсіби дамуын қамтамасыз ететін тұлғаға бағдарланған оқыту жүйесін енгізудің маңызы зор.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту тұжырымдамасы баланы жан-жақты дамытумен бірге жеке және жас ерекшеліктеріне қарай, қоғамдағы өзгерістерге бейімделе отырып, даму мүмкіндігін айқындауды қалыптастырады. Сондықтан да білім саласында ең өзекті мəселенің бірі – əлемдік  білім кеңістігіне жол ашатын 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу болып отыр.

Он екі жылдық оқытудағы басты мақсат – қоғамда өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, жоғары білімді шығармашыл дамыған тұлғаны қалыптастыру. Кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге оқушыларды даярлау, оларға кәсіптік бағдар алу үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру болып табылады.

Жеке тұлғаны дамытуда сапалы білім беріп, еңбек етіп келе жатқан мектеп ұжымының миссиясы – білім беруді кәсіпкерлікке негіздеу арқылы әр оқушының қабілетін аша отырып, болашақ кәсіпке даярлау. 2018 жылдан бастап мектебіміз «Кәсіпкерлікке даярлау мектебі» жобасымен жұмыс жасауда. Оқушылар байыпты білім алып, өз қабілетіне қарай бір кәсіпті игеріп шықса деген мақсатымыз бар. Оқушының қабілеті мен дарынын, қызығушылығы мен икемділігін анықтауда мектепте тегін үйірмелер жүргізіледі.

«Қолөнер» үйірмесінде ұлдар ағаштан астау, ас үйге арналған жабдықтар, кәдесыйлар, ал қыздар әр түрлі тігін, тоқыма, фетрдан жасалған тұрмыстық бұйымдар, қыздарға арналған аксессуарлар жасайды. Алдағы уақытта бұдан да сапалы заттарды жасау үшін биылғы оқу жылында қажетті құрал-жабдықтар алынып, толықтырылды. «Шаштараз және сән» үйірмесінде оқушыларымыз шаш үлгісі, маникюр, педикюр, макияж түрлерін жасайды. «Флористикада» табиғи заттардан картиналар, гүл өсіру, «Су моншақ» үйірмесінде бисерден зергерлік бұйымдар, «Шебер қолдарда» бастауыш сынып оқушылары қағаз, картоннан бұйымдар жасап үйренеді.

«Қуыршақ театрында» болашақ актерлер, «Шабыт» үйірмесінде мәнерлеп оқу, «Оратор» үйірмесінде болашақ шешендер тәрбиеленеді. «Сенім – менің серігім» клубында психологтар жұмыс жасайды. Кәсіби қабілеттерін дамыту үшін әр буында оқытудың мақсаттары бар. Бастауыш сыныптарда оқушылардың өз қабілеттеріне сенім артуға, қиындықтарды жеңуіне көмектесу және интербелсенді, қолдаушы атмосфера қалыптастыру болса, 5-9-сыныптарда оқушыларды кәсіпкерлік қабілеттерді дамыту, жаңа нәрселерді жасауда өз мүмкіндігін пайдалана отырып, мәселелерді шешуге тәрбиелеу, жоғары сыныптарда кәсіпкерлікті іс-тәжірибеде қолдану арқылы бастамалар жасауға, серіктестік, жауапкершілікке, өз тәжірибесіне рефлексия жасауға үйрету болып табылады.

Бүгінгі күні оқушыларымыз өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын сатылымға шығарып тұрады. Онымен қоса оқушылардың түрлі республикалық, қалалық жарыстардағы жетістіктері де айтарлықтай. Атап айтар болсам, «Самғау» жобасы аясында өткен республикалық семинарлар мен көрмелерге қатысып, «Қазақстанның халықтық, сәндік-қолданбалы өнеріндегі жаңа қырлар» байқауында ІІІ орын, «Шығармашылық балалар әлемі» байқауында «Алғыс хат», «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!» республикалық сәндік-қолданбалы өнер байқауынан «Алғыс хат».

«Ұлы даланың жеті қыры» республикалық көрме байқауынан І орын, «Дарынды балалар әлемі» қалалық байқауында ІІ орынды иеленіп, біршама жетістіктерге жетіп жүр. Болашақта оқушыларды сәйкес құжатпен куәландыруды жоспарлап отырмыз. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім. «Мен болмасам, Сіз барсыз, үміт еткен ұрпағым», – деп ұлт ұстазы Ы.Алтынсарин атамыз нық сеніммен айтып өткендей, болашақ ұрпағымыз білімді, көзі ашық, шығармашыл болу үшін терең білім алып, тынбай еңбектену керек.

Ұрпағымыз жан-жақты болса, болашағымыз жарқын болады. Әр ұстаз өз шәкіртіне сеніммен қараған жағдайда ғана баладан үлкен адам шығады. Президентіміз айтқандай, «..біздің мемлекетіміздің әрбір азаматы тиісті білім мен біліктілік алған соң әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маман бола алатын…» деңгейге жетуіміз тиіс.

Бақытжан Шарапбекұлы ОРЫНБАЕВ,
№ 34 орта мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий