Жаңашылдық – басқарудың тың қадамы
«Білім берудің ең үлкен мақсаты – білім беру емес, әрекет ету», – дейді Герберт Спенсер. Бұқар жырау:
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ, – деген екен. Расында, шаршы топтың алдында сөз бастау мен шаршы топты басқарудың айырмашылығы көп бола қоймас.
Жиырма бір жылдық мектеп директоры қызметін атқару барысында қоғамның әр түрлі мүшелерімен бірге жұмыс жасауға тура келді. «Елу жылда ел жаңа» демей ме, осыдан бірнеше жылғы мектеп басқару мен қазіргі басқарудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін басымнан өткеріп те, тәжірибе жинақтай отырып та түсініп келемін.
Кез келген мектеп басшысы – бұрынғы да, қазіргі де мұғалім. Егер басшы өзінің негізгі мақсаты ел баласына қызмет ету екенін түсінсе, мұғалім деген қасиетті мамандықтың астарын ұғынса, мектептің жалпы жұмысы оң қадам басатыны анық. Осы орайда, білім беру ұйымының басшысы ретінде өзімнің басқару тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім. Басшы, ең алдымен, мектеп ауласының табалдырығынан аттап басқан сәттен бастап «бұл білім ордасы – менің екінші үйім» деген көзқараспен қарайды.
Қазіргі таңда басшылықта жүрген нәзік жанды азаматтар үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Мектептің ескі, жаңа екендігі маңызды емес, тек өз үйіңдей жақсы көре алуыңда ғана. Сол мектептің ішіндегі қайнаған тіршіліктің ішінде жүріп өзің де біраз уақытта пісіп шығасың. Мен үшін, ең маңыздысы, көңілі таза, кіршіксіз балалармен жұмыс жасау. Бала деген – бір ерекше тазалық иесі. Содан да болар, қай жерде жұмыс жасамасам да, балаларға жағдай жасауды мақсат еттім.
Олар киелі білім ордасының қабырғасын өз үйінің қабырғасындай сезінсе, мектепте білім ала отырып та өз үйіндегідей демалса, ата-анасымен сөйлескеніндей ұстаздармен, қатарластарымен, өзіне жақын достарымен сөйлессе, бір-біріне ашық болса деген армандарым қазіргі таңда жүзеге асырылып отырғанын жасырмаймын. Білім орны дәлізінде тұрып-ақ, қаншама оқушымен пікірлесе аламын, қаншама балалар менің ойыма-ой қосады, жылдар өткен сайын қаншама баланың сол ойларын жүзеге асыру үшін мектеп жаңарады.
Балалардың демалуы үшін мектеп дәлізіне қойылған жиһаздар мен заманауи аумақтарда оқушылардың өзара бір дүниелерді қызу талқылап отырғанын көргенде немесе достарымен сұхбаттасып, үзіліс арасында демалып, кітап оқып, дойбы ойнап отырғанын көргенде, кейде тіпті сол жұмсақ дивандарда бірер оқушының жартылай жантайып жатқанын көрген сайын қуанышымда шек болмайтын. «Міне, біздің балалар өздерінің екінші үйлерінде еркін демалып отыр. Жасаған ісіміз бос дүние емес», – деген ой қалыптасатын.
Ешқашан «мектептің әп-әдемі мүлкін бүлдіреді» деген ой болмайтын және менің осы ойларым жылдар өте шындыққа айналды. Себебі, оқушылар білім ордасындағы әр жаңалыққа шынайы қуанып, керісінше, жанашырлықпен қарауға үйренді. Тіпті бірнеше жылда 1990 жылы салынған мектептің өзі қазіргі заманауи мектепке айнала бастағанына өзім де таңданамын. Бір қызығы, балалардың қуанышында шек болмайды, ата-ананың ризашылығын көзіңмен көріп, көңілің марқаяды.
Екіншіден, мектептің абыройын асқақтататын – ұжымның бірлігі. Кеше ғана жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманнан бастап, зейнеткерлікке шыққалы отырған абыройлы ұстаздармен біріге қызмет жасау, бір бағыттағы арнамен ағу, бір мақсатқа қол жеткізудің де өзіндік жауапкершілігі мол. Олардың әрқайсысы – бір-бір тағдыр. Олар – ана, әке, біреудің әлпештеген ұлы мен қызы, олар «ұстаз» деген қасиетті маман иесі. Сондықтан да болар, ұжымның мұғалімдеріне, кіші қызметкерлеріне, ата-аналарына «қай кезде де ашық болуды» бірінші кезекке қоя алдым.
«Еркін елдің баласын тәрбиелеу үшін де оқытушы еркін болу керек» деген ұстаныммен келемін. Маған бұл басқарудың көп пайдасы тиді. Мектеп өміріндегі кез келген мәселе өте жылдам шешіледі, ата-ана мен алтын ұя арасындағы байланыс күннен-күнге нығая түседі. Тіпті бір-бірімізге деген жанашырлығымыз қалыптасты деуге болады. Үшіншіден, тікелей күнделікті тізерлесе қызмет атқаратын әкімшілік мүшелеріне үнемі сенім білдірдім. Шынында, мектептің оқу-тәрбие, ғылым мен ақпараттық, қаржы-шаруашылық бағытының әрқайсысының атқарар жұмыстары орасан.
Әлсіздеу тұстарымыз болса, ертең бірнеше уақытта бізден артық мықты болмайтынына өзім сендім және өзгелерді сендіре алдым десем де болады. Осы сенімнің арқасында өзім басшылық жасап отырған білім беру орны қаланың ең мықты мектептерінің қатарынан орын алды. Айтпағым, өзімді-өзім мақтау емес. Керісінше, барлық әріптестеріме деген шексіз ризашылығым десем де болады. Шынымды айтсам, басшы жоғарыдан басқаруымен емес, өзінің қарапайым қалпынан айнымаса, мектептің өзі де, оның әлеуметі де зор табысқа жететініне сенімдімін.
Алмагүл Тлектесқызы СЕГІЗБАЙ,
Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп
лицейдің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы