ЕҰУ автоматтандырылған ақпараттық жүйеге екпе алудың ішкі модулін енгізді

Е.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаменті SMART.ENU автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне «Вакцинация» ішкі модулін енгізді. Жүйе http://smart.enu.kz/ сілтемесінде орналасқан. Жүйеге кіру үшін «Platonus» жүйесіндегі логинді немесе ЖСН нөмірін және құпиясөзді енгізсеңіз болғаны, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

ЕҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері және білім алушыларына жүйеге кіріп, өз статусын енгізу үшін төрт нұсқа қарастырылған. Мәселен, екпенің бірінші компонентін алған болсаңыз, вакцина түрін таңдап, күнді белгілеп, екпе алынған емхана атауын жазасыз. Ал екпенің екінші компонентінде вакцинация паспортын жүктейсіз, егер екпе алу алдағы жоспарда болса, онда жоспарланған уақытты көрсету керек. Сондай-ақ екпе алуға тыйым салынған жағдайда, себебін жазып, анықтаманы жүктеп қоясыз.

-Бұл арқылы университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері және білім алушыларының арасында вакцинация барысы  назарда болады және университет басшылығы, декандар мен кафедра меңгерушілері кез-келген уақытта жүйеден мәлімет алуларына мүмкіндік туады, – дейді ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.

Департамент директорының айтуынша, аталған жүйе қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың күрт төмендеуіне байланысты ЕҰУ ұжымының вакцинация барысы жөніндегі мәліметті тез алуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар індеттің таралуына қарсы шаралар ұйымдастыруға да өз септігін  тигізбек. Тағы бір игі шараны айта кетейік: Еуразия ұлттық университеті профессор-оқытушылар мен сала қызметкерлері және білім алушылардың коронавирусқа қарсы екпе салдыруды ынталандыру мақсатында 2021 жылдың 1-20 шілде аралығында вакцинацияланған ұжым мүшелері арасында ұтыс ойындарын өткізді.

Нәтижесінде, көрсетілген мерзімде екпе алған 154 оқытушы-қызметкерлер мен 287 білім алушылардың арасында сертификаттар мен жолдама иегерлері анықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқытушы-қызметкерлерге сертификаттар жуырда табысталса, білім алушыларға арналған шаралар 2021-2022 оқу жылының І-жартысында жүзеге асырылмақ. Ал мұның негізгі мақсаты, жаңа оқу жылы дәстүрлі (офлайн) форматта ұйымдастырылатын болғандықтан ЕҰУ ұжымының қауіпсіздігін сақтау және барша әріптестерді екпе алуға шақыру.

Айтпақшы, алғашқы күндері ерікті түрде екпе салдырғандар арасында ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев та болған еді. Бүгінде жағдайы қалыпты, дәрігер қызметіне жүгінбеген. Лауазымды тұлға өз қызметін жалғастырып жатыр. Сондай-ақ ерікті түрде екпе алғандар тізімінде әріптестеріміз де жүр. Алғашқы болып Ақпараттық орталықтың фотографы Ербол Ерденбек «Спутник V» вакцинасын салдырды. Біз күнделікті бірге жүрген әріптесіміздің әңгімесін тыңдап көрген едік.

– Вакцина алдым. Үш күн бойы дәрігерлердің бақылауында болдым. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жұмысымды істеп жүрмін. Әрине, көңілімде індеттен туған үрей болды, бірақ мен оны жеңдім. Осы күдік адамдардың екпе алуына да кері әсер етіп тұрғандай. Әріптестерімді екпе салу арқылы індетті толық жеңіп, қалыпты тіршілікке оралатын күннің жақын қалғанына сендіргім келеді,- дейді Ербол Ерденбек.

-Екпе салдырғаннан бері бір айға  жуық уақыт өтті. Вакцина алған кезде болуы мүмкін деген жағымсыз реакциялардың бірде бірі менің бойымнан байқалмады. Мен ғана емес бөлімдегі Марат Жомартов, Ольга Муравьева, сынды әріптестерімнің де жағдайы жақсы. Уақыты келгенде екінші кезеңдегі екпені де салдырамын. Себебі бұл коронавирус індетіне тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы, – дейді журналист Назерке Тоқтаған.

– Мен Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алдым. Ешқандай кері әсерін байқамадым. Вакцинациядан кейін барша жұртты белсенді түрде екпе жасатуға, одан қорықпауға шақырғым келеді. Әсіресе, қазір вирустың жаңа штамы пайда болған кезде екпе салғызудың маңызы ерекше. Бұл өз денсаулығымыз үшін керек және дүниені дүрліктірген бәлекетті бірлесіп еңсеруге тиіспіз. Сондықтан барша замандастарыма белсенді болайық дегім келеді. ЕҰУ-ды сүйсеңіз, өзіңіз де екпе алып, жаныңыздағы әріптесіңізге де салдырыңыз, сонда  ұжымдық иммунитет қалыптасады Күшіміз артып, бүгінгі қиындықтың бәрін  ұмытамыз. Ал екпе алмаса, қауіп-қатер ұлғаяды. Қазір бұл коронавирусқа қарсы вакцинадан басқа қорғаныс жоқ. Сондықтан дер кезінде екпе  алған жөн,- дейді ЕҰУ физика-техникалық факультетінің докторанты Асыл-Дастан Базарбек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий