Докторантура: Білімді жасқа – жол ашық!

Білім бағдарламалар тобы бойынша докторантураға үміткерлердің құжаттарын қабылдау мерзімі аяқталып келеді. Бір апта ғана уақыт қалды. Еліміздің жоғары оқу орындарында ғылыми дәрежесі бар оқытушылар өте тапшы. Оның шешу жолы – PhD докторантура арқылы оқытып, диссертацияларын уақтылы қорғатып, ғылыми мамандарды көбейту.

Бұл орайда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде PhD докторларын дайындау жақсы жолға қойылған. Университет факультеттерінде диссертациялық кеңестер ашылып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Скопус деректер базасына кіретін әлемдік тіркеуден өткен үш ғылыми журналы бар. Отандық және шетел ғалымдарымен тұрақты байланыс орнатылған.

Қысқасы, жас ғалымдарға зерттеу жүргізіп, ғылыми нәтижеге қол жеткізулері үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан, ғылым жолын таңдаған жастарға айтарымыз: білімді жасқа жол ашық! Келіңіздер, отандық ғылымды бірге көркейтейік! ЕҰУ сіздерді күтеді! Талапкерлер үшін тағы бір жауапты кезең қыза бастады: 2021-2022 оқу жылына қабылдау жұмыстарын жүргізуге университеттен арнайы қабылдау комиссиясының құрамы бекітіліп, қазіргі күні барлық қабылдау комиссияның мүшелері өз қызметтерін мінсіз атқаруда.

Бірі техникалық бағдарламалаушы ретінде жауапты болса, енді бірі бакалавр білім беру бағдарламалар топтары бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдауда. Оған негізінен оқытушылар мен лаборанттар тартылған. Магистартура және доктарантура білім беру бағдарламалар топтарына білім алушыларды қабылдау үшін әр факультеттен мамандар бар. Мұның бәрін жауапты хатшы Шолпан Ахметова мен оның екі орынбасары Өміржан Қоқаев және Нұргелді Айманбетов үйлестіріп отыр және ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев күнделікті қадағалауда.

Бір сөзбен айтқанда, Еуразия ұлттық университетінде оқуға түсуші талапкерлер мен үміткерлерге барлық жағдайлар қарастырылған. Біз Еуразия ұлттық университетінің Қабылдау коммиссиясының Жауапты хатшы орынбасары – Кәсіптік бағдар беру және тестілеу орталығының бастығы Өміржан Қоқаевқа жолығып, Қабылдау комиссиясының бүгінгі тыныс-тірішлігі және докторантураға түсу жайлы сұрап-білген едік.

Биылғы жылы оқуға қабылдаудың жай-күйі қалай болып жатыр? – Университеттің қабылдау комиссиясы Электрондық қызмет көрсету жүйесі бойынша жұмыс істеп келеді: Электрондық тіркеу жүйесі арқылы әрбір үміткер өздерінің деректерін өз бетінше университеттің жергілікті желісі арқылы және кез-келген қашықтықтан, үйден интернет арқылы енгізуіне мүмкіндік беріледі; Техникалық хатшыларға құжаттарды беру «электрондық кезек» тәртібімен талонды бере отырып, университет терминалы арқылы жүзеге асырылады.

«Callcenter» жұмысы – кеңестік көмек беру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында барлық мүдделі тұлғаларға (ата-анасы, талапкерлерге, туыстары және тағы да басқалар) тікелей сапалы да жедел қызмет көрсетеді. Қазіргі күні сандық технологиялар жыл сайын жетілдіріліп, өмірге енуде. Әсіресе, талапкерлер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған, оның ішінде талапкерлер бұрынғыдай сарылып кезекте тұрмайды, құжаттары электронды нұсқада қабылданады. Тікелей эфирде ақпарат беретін арнайы орталық жұмыс істейді.

Қабылдау комиссиясының жұмысы қашанға дейін жалғасады? – Еуразия ұлттық университеті студенттерінің саны талапкерлердің қабылдануына байланысты. Сол себептен техникалық хатшылар құрамына университеттің ең тәжірибелі, білікті қызметкерлері енгізілген. Қабылдау комиссиясының мүшелері 80 адамды құрайды. Жауапты хатшы, оның екі орынбасары, алты техникалық хатшы, төрт техникалық қолдау мамандары бар. Олар үш ай бойы тынымсыз еңбек ететін болады. Яғни, Қабылдау комиссиясының жұмысы тамыз айының 28-де университетке оқуға қабылдау туралы Ректордың бұйрығын рәсімдегенге дейін жалғасады.

Докторантураға түсуге үмітті талапкерлерден құжаттар (өтініштерді) қабылдау және түсу емтихандарының өткізу мерзімдері қалай? – Докторантураға түсуге өтініштер беру 3 шілдеде басталған, құжат қабылдау 3 тамыз күні аяқталады. Түсу емтихандары компьютерлік форматта 4 тамыз – 20 тамыз аралығында өтеді, оқуға қабылдау 20 тамыз – 28 тамыз аралығында жүргізіледі.

2021-2022 оқу жылына қабылдау бойынша қандай өзгерістер бар? – Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде 9 ай еңбек өтілі бар тұлғалар қабылданады. Докторантураның білім беру бағдарламаларының топтары бойынша компьютерлік форматтағы түсу емтиханы білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған ұйымдарда өткізіледі. Докторантураға компьютерлік форматтағы түсу емтиханы эссе жазудан, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тесттен және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтарына жауаптардан тұрады.

Қорытынды баға эссе, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест, білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтарына берілген жауаптар нәтижелерінің қосындысынан алынған балдар жиынтығынан тұрады. Ал докторантураға түсу емтиханына 4 сағат беріледі. Жалпы, докторантураға түсу туралы толық ақпаратты Қабылдау комиссиясынан алуға болады. Қабылдау комиссиясы ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетінің ғимаратында орналасқан. Call-center байланыс телефоны: 8 (7172) 70-94-50, ішкі 33-001, 33-002, 33-003, 33-004, 33-005, 33-007.

Әңгімеңізге рахмет!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий