Күн көзінен нәр алған мектеп

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мектептерге  күн энергиясы» жобасына қатысқанына  биыл үшінші жыл. Еліміздің Энергетика министрлігі, Елорда әкімдігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының  және «Шелл Қазақстан» компаниясының қатысуымен іске асырылған бұл жобаны жаңартылатын энергия өндірісін әрі қарай дамытудың өзіндік тұғырнамасы деуге болады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Жоба өскелең ұрпақтың нақты ғылымдарды (STEM) оқуға деген қызығушылығын арттыруға және баламалы энергия көздерінің жаңа мүмкіндіктері жайында хабардар етуге бағытталған. Жобаның ресми ашылу рәсімі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен 2018 жылғы 1 желтоқсанда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдық мерейтойы шеңберінде өткен болатын.

«Шелл Қазақстан» компаниясы 2018 жылы астаналық бірінші Зияткерлік мектептке қуаты 100 кВт/сағ күн фотоэлектрлі панельдермен жабдықталған, жалпы көлемі 828 шаршы метр мамандандырылған тұрақ орнатты. Панельдермен жабдықталған автотұрақты кішігірім күн стансасы деуге болады. Аз уақыт аралығында мектептің энергияға тәуелділігін азайтуға айтарлықтай үлес қосқан күн стансасы өз тиімділігін дәлелдеп  те үлгерді. Жоба мектептің жылдық энергия тұтынуды 30%-ын жауып, электр қуатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік берді, өндірілген артық электр энергиясын қалалық желіге таратуға жағдай туғызды.

«Күн энергиясының дәстүрлі отынның алдында талассыз артықшылығы бар екені сөзсіз. Осыған дейін оқушыларға күн энергиясының жердегі сарқылмайтын электр көзі екенін теория түрінде түсіндіріп келсек, қазір олар күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі Күн батареялары екенін фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған мектеп тұрағында күнде көріп жүр. Осындай күн батареялары мектеп оранжереясында да орнатылған.

Бұл күн батареяларынан жинақталған панель оранжереяны қосымша жарықтандыруға және желдетуге қажетті электр энергиясын өндіреді. Күн электр стансасын орнату бойынша «Шелл Қазақстан» компаниясы жүргізген жұмыстар оқушыларды күн энергиясын тиімді пайдалану саласында көптеген зерттеу жүргізіп, түрлі ғылыми жобалар жазуға ынталандырды. Осындай жобалардың бірін Әмір Ахметов пен Әбуова Ақбибі жазды. «Күн энергиясын тиімді пайдалану жолдары» тақырыбында жазылған Әмірдің ғылыми жобасы Павлодар қаласында өткен «Халықаралық Сәтбаев оқулары» сайысында І дәрежелі диплом алды.

Әмір өзінің жобасында аккумуляторлық құрылғы мен айналары бар жарықтандырғыш жүйені пайдалануға ұсынды. Ал ауа райының күн панельдерінің жұмысына ықпалы туралы жазылған ғылыми жұмысын Ақбибі Shell компаниясының өкілдері  алдында қорғады.Тағы бір талапты бала –  Мирас Байкенов «Болашақтың кепілі – жасыл энергия» атты тақырыпта ізденіп, болашақ автокөлік моделін жасады. Ал Малика Досмағанбетованың «Күн энергиясын тұрмыста пайдалану» атты еңбегі республикалық «Наурыз кездесулері» жарысында ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Қазір Малика Ұлыбританияда танымал жоғары оқу орнында оқып жүр. Мектеп ауласындағы күн сәулесінің энергиясын электр энергиясына айналдыратын шала өткізгішті фотоэлектрлі түрлендіргіштен тұратын ток көзі мектебімізді толық жарықтандырып отыр. «Жасыл» энергетика есебінен мектеп бір айдың өзінде бір миллион теңгеге жуық қаражат үнемдеуге мүмкіндік алды. Егер үнемделген қаражатты электр қуатына айналдырсақ, 56685,035 Вт артық электр энергиясы қалалық желіге таратылғанын көреміз.

Сонымен қатар панельдер қоршаған ортаны ластаушы парниктік газ қалдықтарын азайту саласында едәуір пайда әкеледі. Осылайша біз «жасыл энергия» артықшылықтарын сезініп, мектеп оқушыларына энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саясатын насихаттаудамыз. Біз үшін бастысы – балалардың бойында күнделікті өмірде энергия тұтынудың жаңа мәдениетін қалыптастыру, –  дейді елордалық Зияткерлік мектеп директоры Мейрам Жакенов.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий