Білім сапасын көтерудің болашақ бағдары

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Бейнеңді  көңіліме  қыстатқанмын. Қазіргі өркениетті заманда білім сапасы кімді де болса, алаңдататын өзекті мәселе. «Бала – болашағымыз», ендеше сол баланың болашағын баланы өз дәрежесінде дұрыс қалыптастыратын – жақсы білім беру үдерісі.

Білім беру сапасы педагог кадрлардың білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан болашақта білім беру саласының маманы – педагогтің  қандай болуы керектігін, оның кәсіби құзыреттілігін, тұлғалық құндылықтарының сипатын, өлшеу бірліктерін, бағалау критерийлерін анықтау қажет. Педагогтің игілікті жұмыс істеуіне қажетті құрыреттіліктерді екі түрлі санатқа бөле аламыз:  

Бірінші санатқа мұғалімнің өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәнерінің, киім киісі мен жүріс-тұрысының аса жауапты міндет екендігін сезінуге, сынып (немесе мектеп) ішінде оқушылармен және әріптестерімен қарым-қатынаста мұғалім этикасының, бала құқығының сақталуын қамтамасыз етіп, қадағалауға мәжбүр ететін асқақ сезім жатады.

Екінші санатқа ілім-білім мен жаңалықтарды оқып-үйренуге, қазіргі қоғамдағы қажетін алуға жан-дүниесінің бейімдігі, туындаған мәселелердің түп-төркінін дұрыс және тез арада аңдай қою қабілеті, ой-өрісінің кеңдігі жатады. Осы айтылғандардың барлығын біртұтас алып, іс жүзінде өрістетіп көргенде аталған қасиеттердің барлығы да педагогтің мәртебесін құрайды.   Сондықтан педагог сымбатының квалиметриялық моделін құрайтын төмендегідей өлшемшарттарды ұсынамыз: Қарым-қатынас мәнері. Педагогтің қызмет аясына қарай (оқушымен, ата-анамен, әріптестермен)  қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілдік, толеранттық таныту және ортақ мүддеге жеткізетін икемді қарым-қатынас жасау мақсатында мәдениетті сөз саптауды, сөйлеу мәнерін, сарынын (тон), екпінін (ударение), ырғағын (интонация) қолдану.

Киім кию мәнері. Педагогтік қызмет атқаруға лайық, нысаналы, мейлінше, қазақтың ұлттық нақыштағы киім кию үлгісін сақтау. Келбеті. Шаш қою, бет-әлпетінің (шаш күтімі, сақал-мұрт күтімі) мәнері арқылы шырайлы, жылы жүзді келбет ұстану. Жүріс-тұрыс мәнері: қызмет ортасындағы жоспарлаған күн тәртібіне лайық уақыт мөлшерін сақтап, байсалды, байыпты, сырбаз, салмақты, салиқалы қозғалыста әрекет ету. Қолданатын аксессуарлар: оқу процесінен оқушы назарын алаңдататындай аса қымбат, түрлі-түсті, тым жылтырақ емес, көзге тұрпайы көрінбейтін, жұмсақ реңді, мейлінше қазақ ұлттық нақыштағы отандық өнімдерді тұтыну.

Халықаралық зерттеулерге, соның ішінде Жапониядағы білім беру жүйесіне көз жүгіртер болсақ, білім – ол отбасы, қоғам мен мемлекеттің үшжақты тығыз байланыста қолдауынан тұратын ұрпақ тәрбиелеудің, яғни тұлға тәрбиелеудің дәстүрлі негізі. Жапон мемлекетінің білім беру саласындағы саясатының негізгі міндеті әртүрлі шоғырланған қоғамдық және мемлекеттік құрылымдарда әрекет ете алатын ерекше шығармашылықпен ойлана алатын, үйлесімді және рухани бай тұлғаны тәрбиелеу және оқыту болды. Кез келген жапондық баланы отбасы және қоғам жас кезінен үздіксіз оқу мен дұрыс тәрбие алуға баулиды.

Жапониядағы білім берудің  ерекшелігі – «кокоро» ұғымымен байланысты. Әрбір жапондық үшін «кокоро» тек білім мен дағдыларға ғана емес, адамның мінезін қалыптастыруға ықпал ететін білім идеясын білдіреді. «Кокороны» қазақша айтсақ, жүрек, жан, ақыл, менталитет, гуманизм деп түсінуге болады. Барлық жапон бастауыш және орта мектептердегі білім берудің ең маңызды, объективті негізі – білім және дағдылармен байыту екендігіне сенімді (жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті академиялық білімді беруге баса назар аударылатын бірыңғай орта мектептен айырмашылығы).

«Кокоро» ұғымының мазмұны адам мен жануарларды құрметтеу, басқа адамдарға деген жанашырлық пен жомарттық таныту, шындық іздеу, өзін әдемі және керемет сезіну, өзін-өзі бақылау, табиғатты сақтау, қоғамның дамуына үлес қосу сияқты қасиеттерді қамтиды. Бұл принцип барлық бағдарлама мен пәндердің мазмұнын, күнделікті өмірді қамтиды. «Кокоро» сөзінің мағынасына зер сала отырып, оның түркі халықтарында «көкірек» сөзімен мағыналық жағынан ұласатынын, «көкірек көзі ояу» ұғымына саятынын аңғарамыз.

Егер білім беруді «сауат ашу» деп қарасақ, тәрбие беруді «көкірек көзін ашу» деп түсінуге болады. Ендеше, бұл білім мен тәрбиенің егіз екеніне тағы да дәлел. Ж. Аймауытов жазғандай, «жағдайдың өзгеруі мінезді де өзгертеді», сондықтан кіріс кестесі арқылы түлектің тәрбиесі өлшенетін критерийлерді белгілей және бақылай отырып, мұғалімдер оқушыны қоғамға жат мінезінен арылтып, қоғамға қажетті адамгершілік, ізгі мінездерін дамытуға күш салады. Бұл үнемі бақылауды қажет ететіндіктен, білімді бағалағандай мінезді де бағалай отыруымыз керек.         

Осыған байланысты тұлғаның білім, білік және өмірде қолдану дағдысын көтеру және түлектің білім, тәрбие және дағды сапасын квалиметриялық бағалау мәселесі де өзекті. Бүгінгі күні дұрыс шешім қабылдап, үздіксіз білім беру жүйесінің білім беру деңгейлері бойынша білім алушы тұлғаның құзыреттілік өлшемін жаңаша модельдеу, біз ҚР Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленген нысаналы индикаторға қол жеткізуге зор ықпал болады.

Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін білім алушылардың ыңғайына қарай оңтайландыру және білім сапасын арттыру үшін әр деңгейді аяқтаған түлектің тұлғалық сапаларын және бағалау критерийлерін нақты айқындау керек. Сондықтан: әр деңгейді аяқтаған түлектің тұлғалық сапасы көрсететін критерийлер нақтыланады; әр деңгейді аяқтаған түлектің тәрбиесі өлшенетін критерийлері белгіленеді; әр деңгейді аяқтаған түлектің қоғамға қажетті адамгершілік, ізгі мінезін бағалайтын дереккөздер қоры құрылады.

Аталған жұмыстардың атқарылуы барысында білім беру саласындағы қоғамдық тапсырыстың қалыптасуы, нәтиженің тапсырыс талабын қанағаттандыруы, білім сапасына әсері деген мәселелер қоғамдық пікірталас туғызуы мүмкін. Сондықтан зерттеу жұмыстарымыз бен тың ойларымызды жеке мақала ретінде ғылыми, ғылыми-көпшілік басылымдарда, отандық және халықаралық журналдарда жариялап, конференцияларда баяндап, талқылауға ұсынып, алдағы уақытта сын-ескертпелер мен ұсыныстар бойынша ашық жариялылықта жұмыс жасауды мақсат етеміз.

Исатай Умирзақович САГИНДИКОВ,
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА «Педагогикалық
Квалиметрия және халықаралық зерттеулер»
орталығының директоры, п.ғ.к.,
Бекзат Бегалықызы ДИНАЕВА,
Гүлжан Жақсыбайқызы УБАЙДУЛЛАЕВА,
жетекші сарапшылар, ф.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий