Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесі: идеялары мен ағартушылық қызметі

Бүгінгі Ұлы даланың ағартушы-педагогы, ұстазы болған Ыбырай  Алтынсаринді танып білу өзектілігі. Елімізде көптеген стратегиялық жоспарлар жүзеге асырылуда. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазахстан халқына Жолдауларында және  өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық бірегейліктің сақталуы, қоғамдық  сананы жаңғырту – ұлттық кодымызды сақтау, яғни ана тілін, ұлттық дәстүр, ұлттық сана-сезім, ұлттық болмыс,  әдет-ғұрып, мәдениет, музыка, әдебиет, өнерді қастерлеу, – деп атап көрсеткен.

Мәдени мұра, рухани жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры сияқты жобалар ұлттық код тұрғысынан өзектелінуде. Бұл жобалардың тарихи бастаулары XIX  ғасырдың екінші жартысындағы қазақ демократ ағартушыларының,  оның ішінде ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің  педагогикалық мұрасында  айқын орын алған. 

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесін зерттеу әдіснамасы. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесін нақтылауда мәдениеттанымдық,  этнопедагогикалық тұғырлар аясындағы жүйелiлiк, ақиқаттылық, баламалық, мәндік талдау, генетикалық, тарихилық және қисындылық, тұжырымдамалық бірлік ұстанымдары басшылыққа алынды. Сондай-ақ,. тарихи-теориялық зерттеу әдiсi; педагогикалық ойлар, идеялар және тарихи-педагогикалық тәжiрибелердi зерттеу әдiсi қолданылды.

Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымы. Ы. Алтынсарин – ағартушы, прогресшіл қайраткер,  демократ, гуманист, этнограф, публицист-жазушы. Ы. Алтынсариннің шығармашылығы философия, тарих, педагогика ғылымдары тұрғысынан талданды. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесі. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарастары демократияшыл ағартушылық ой-пікірлер мен алдыңғы қатарлы орыс мектебінің тәжірибесі негізінде қалыптасты.

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесінде оның ағартушылық идеялары мен қызметі келесідей:  ұстаздың шығармашылығын зерттеген ғалымдар еңбегіне қысқаша шолу берілген; оның дүниетанымы сипатталған; дидактикалық және әдістемелік мұрасы талданған;  тәрбиелік және психологиялық көзқарастары баяндалған;  мектепті ұйымдастыруы мен мектептегі оқыту үдерісінің әлеуеті мазмұндалған.

Ыбырай Алтынсариннің дидактикалық және әдістемелік мұрасы.  Ы. Алтынсариннің педагогикалық жүйесінде Қазақстан жағдайында алғаш рет жалпы педагогика, дидактика және методика слаласының аса маңызды ғылыми принциптері қолданыла бастады: оқытудың көрнекілігі, тәжірибе мен бақылау, оқытудың белгілі мақсатқа құрылуы, класс жұмыстары мен кластан тыс жұмыстардың түрлері жүзеге асырылды. Ол оқыту әдісін өз түйгенінше, орыс мектебінің озық үлгісіне неіздеп құруды ойластырды. Мектеп оқушыларына арнап оқу құралдарын, программалар, нұсқау хаттар жазды. Мектеп кітапханаларының физикалық, химиялық, астрономиялық құралдарымен жабдықталуына, оқушылардың түрлі ғылым мен өнер саласындағы жаңалықтарды біліп отыруына үлкен мән берді.

Ы. Алтынсарин алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлеріне негізделген оқулығын (“Қазақ хрестоматиясы”) 1879 жылы  бастырып шығарды. Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясына» шығармаларды іріктегенде біріншіден, әр халықтың  тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру, екіншіден, оқушының бойына адамгершілік қасиеттерді дарыту, үшіншіден, бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беру қағидаларын басшылыққа алды.

Оның хрестоматиядағы материалдарды жүйелеуі осы қағидалармен қатар балаға адамгершілік, еңбексүйгіштік, ақыл-ой, кәсіптік тәрбие беру мақсатын көздеді. Ыбырай аударып, хрестоматияға енгізген орыс жазушылары Пауэльсонның, Ушинскийдің, Толстойдың әңгімелерінде де қайырымдылық, кішіпейілділік, талаптылық, еңбексүйгіштік сияқты зор адамгерші,лік қасиеттер дәріптеліп, оған қарама-қарсы жауыздық, екіжүзділік, дүниеқорлык, т.б. жексұрын мінез-құлықтарды әшкерелеу өзекті орын алады. Ыбырай осы арқылы жастардың ізгі жүректі, инабатты, талапты, ел-жұртына пайдалы азамат болуын көздейді.

Оқу методтары мен балаларды оқыту тәсілдерін Ы. Алтынсарин мұғалімдерге олардың кең тәрбиелік мағынасында түсіндіретін:  а)  оқыту методтары – балалардың жүре келе мектепке, сабаққа, кейіннен ғылымға, өз бетімен білім алуға құмарландыратын (ынталандыратын, ықыластандыратын) жол;  ә) сабақта балалардың ойлау қабілетін арттыратын жаттығулар қажет, мысалы, әңгіме, түсіндіру арқылы оқыту методы. Ы. Алтынсарин еліміздегі оқулық жасаудың негізін салды. Ол қазақ оқулығының тарихында өз орны бар ағартушы.

Ыбырай Алтынсариннің тәрбиелік ой-пікірлері. Ы. Алтынсарин өзінің ұстаздық қызметіне байланысты қазақ жастарын оқытып-тәрбиелеу мәселесін ең басты мәселе деп есептеді.  Оның шығармаларында екінші бір өзекті мәселе – жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман істерден жирендіру мәселесі.

Адамгершілік–имандылық және ата-ана тәрбиесі. Ы. Алтынсарин өз шығармалырында жасөспірімдерді адамгершілік қасиеттерге баулып отыру мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп дұрыс түсінді. Осы идея Алтынсарин әңгімелерінің арқауы. Ол  – еңбек адамының өмір жөніндегі көзқарасын кеңейтіп, оның бойында жақсы қасиеттердің (кішіпейілділік, мейірімділік, зеректік, әдептілік, жинақтылық, жомарттық) қалыптасуына әсерін тигізетін, сондықтан да әрбір ата-ана еңбектің осындай жасампаздық қасиетін балаға кішкентайынан ұғындыра білудің қажеттігін айтады.

Қыздар тәрбиесі. Қазақ әйелдеріне білім беру ісі де Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Ырғыз қаласында қазақ қыздарына интернаты бар арнаулы мектеп ашылды. Бала психологиясының жалпы сипаты туралы тақырыпты алғаш рет талдаған Ы. Алтынсарин болатын. Ыбырай Алтынсариннің мектепті ұйымдастыруы мен мектептегі оқыту үдерісінің әлеуетін бағалауы. Ы. Алтынсарин 1860 жылдардан бастап, жергілікті жерлерде мектеп ашу ісімен айналысады.

Мұғалімдік өнер. Қазақ топырағында тәрбиеші ұстаз, мұғалімдер жөніндегі небір жүрек тебірентерлік тың ойлар, аталы сөздер де Алтынсарин аузынан бірінші естілген еді. Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық жүйесінің өміршеңдігі. Оның прогресшіл сипаттағы педагогикалық жүйесі халық ағарту саласында аса зор, пайдалы  рөл атқарды. Сондықтан да  заманауи білім беру саласының  стратегиялық мәселелерін қарастырғанда ағартушының бай мұрасын терең зерделеп пайдалану қажеттігі туындап отыр.

Ұлттық ғылыми білім беру, мектеп философиясы, әдебиеттану,  дипломатия, лингвистика, әліппетану, мектептану, жаңа алфавитке көшу, рухани-адамгершілік жаңғыру, балалық шақ философиясы мен тәрбие идеалы, отбасы мен қыз тәрбиесі, балада тілдік, тарихи, географиялық сананы қалыптастыру, діни құндылықтарды, халықтық поэзияны тиімді пайдалану, хрестоматия, оқулық жазу, орыс тілін оқыту әдістемесі, кәсіптік-техникалық білім беру, кәсіпкерлік пен аударма салалары мамандарын және мұғалімдерді жаңаша дайындау  заманауи педагогика мен психологияның зерттеу пәніне айналмақ. Ыбырай Алтынсариннің ілімі  өз алдына дербес, тұтас бір педагогикалық жүйе болып табылатындығы ақиқат.

Шәркүл Таубайқызы ТАУБАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті педагогика және білім
беру менеджменті  кафедрасының профессоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий