Гүлмира Абишева мен Зивагуль Кабылдина – Тәуелсіз елдің құрметті педагогтары

Еліміздің білім беру саласындағы мұғалімдерді қолдау мақсатында өткізілген «Тәуелсіз елдің құрметті педагогы» атты республикалық байқауда Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Гүлмира Абишева мен Зивагуль Кабылдина бақ сынап, жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. 

Елордадағы NIS-тің химия пәнінің мұғалімі, эксперименттік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Абишеваның шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, еліміздің жас өрендерін тәрбиелеп келе жатқанына бүгінде отыз екі жыл. 

– Ең алдымен, бұл байқауда үздік атанғанымды естігенде, асқан қуаныш сезімінде, еңбегім бағаланып жатыр деген ойда болдым. Аталған сайыста жас мұғалімдердің көптеп қатысуы, үздік мұғалім атануға деген ұмтылыстары көз қуантады. Менің ойымша, педагогтың бойында өз мамандығына деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, қарапайымдылық, тіл табысқыш және заман ағымына бейім қасиеттері болу керек, – дейді Гүлмира Ерболатқызы. 

Ал мектептің жаны – мұғалім деп білетін педагог-ұйымдастырушы-куратор Зивагуль Кабылдина мектептің жандануы мұғалімге байланысты дейді: – Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ. Яғни, мұғалім білімді, білікті, еңбекқор болса, ол мектептен оқушылар сапалы білім алып шығатыны хақ. Мектепке ең әуелі педагогика, әдістемені жақсы меңгерген, парасатты, бала оқытуда сабаққа да қызықтыратын, тәлім-тәрбие де беретін мұғалім қажет. Себебі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – педагог. 

Байқау шарты бойынша Гүлмира Абишева және Зивагуль Кабылдина білім саласындағы жұмыстарын, өз портфолиоларын, өткізген ашық сабақтарының бірін жолдап, жоғары бағаға ие болды. Байқаудың жеңімпаздары білім және ғылым саласының дамуына қосқан үлесі және «Тәуелсіз елдің құрметті педагогы» атанғаны үшін арнайы тағайындалған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталып, қатысушыларға «Тәуелсіз елдің құрметті педагогы» республикалық түрлі-түсті кітап жинағы, куәлік және І дәрежелі дипломдар табысталды. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий