Ұстаздық – өмірлік ұстаным

Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім – ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді.

Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша “… 1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”- деп толғаған.

Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Оқушының саналы білім алуы мен мұғалімдердің жұмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі Бас ұстаздың атқарып жатқаны еңбегі өлшеусіз. Тосыннан келген індет экономиканың барлық саласына, оның ішінде білім беру саласында шұғыл шешім қабылдап, оңтайлы жол табуды талап еткені баршаға мәлім.

Саналы ғұмырымды білім саласына арнаған мен үшін Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлының бастамасымен жасалып жатқан барлық жаңалықты қуана қабылдаймын. Мектеп директорларын, директордың орынбасарларын және мектеп мұғалімдерін аттестаттау, ол үшін жалақысына үстемақы қосу – білім қызметкерлеріне үлкен қолдау деп білемін. Марапаттаудың жаңа түрі – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін енгізу, оған қосымшаақы төлеу – ұстаз еңбегіне баға, оның жұмысын ынталандыру болары сөзсіз.

Мемлекетіміздің саясаты ұстаз мәртебесін асқақтатуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соның айғағы жаңадан қабылданған “Педагог мәртебесі” туралы заң аясында педагогтардың жалақысының жыл сайын артуы қуантарлық жағдай. Білім саласының өкілі ретінде осындай жағымды өзгерістер мені қатты қуантады.

Бірақ дегенмен де “Педагог мәртебесі” ол ұстаздардың өз қолдарында. Сондықтан барша әріптестеріме айтарым рухани ұстазымыз Абай Құнанбайұлының “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…” деген даналығын өзіміздің ұранымызға айналдырайық. Ұстаздық бұл жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным екенің ұмытпайық!

Айтжан ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
педагогикалық еңбек ардагері,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий