ТУЙМААДА – 2021: Альтаирдың жеңісі
Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Альтаир Ашуров информатика пәні бойынша оқушылардың “Туймаада” Халықаралық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. Халықаралық олимпиада онлайн режимінде 2021 жылғы шілде айының 24-і мен тамыз айының үші аралығында ұйымдастырылған болатын.

Жеті елден келген 250-ден астам қатысушы математика, физика және информатика пәндерінен күрделі есептерді шешуден жарысты. Альтаир 2021 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен Республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Информатика пәні бойынша қалалық және республикалық олимпиадаларға қатысып, бірнеше жүлделі орындарға ие болған ізденімпаз жеткіншек.
Загрузка...– Халықаралық деңгейде алғашқы алтын медальді жеңіп алғандықтан “Туймаада-2021” менің жадымда қалады. Маған математика әрқашан ұнайтын, ал программалауда математика басым. Олимпиадалық тапсырмалардың қиындық деңгейі әр түрлі болды. Олардың барлығы математикамен үйлескен: кодты жазбас бұрын, алдымен есептің шешім идеясын біліп, алгоритм ойлап табу керек. Берілген олимпиадалық тапсырмалардың бірі қиын әрі қызық болды және зерттеу тәсілін, ерекше ойды талап етті. Өзіме ұнайтын осындай есептің шығарылу жолын қазір де қарастырудамын, – дейді жеңімпаз.