Сырбойылық үздік шәкірттер марапатталды
Өңірдің бас ұстазы Ақзира Қасымова білім мен ғылым, өнер салалары бойынша халықаралық, республикалық деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізген оқушыларды қабылдады, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Өткен оқу жылында №9 дарынды балаларға арналған облыстық “Білім-инновация” лицей-интернатының түлектері Ширниязов Мұхаммедәли, Хамзин Елнұр, Атымтай Нұрсұлтан және №2 “Мұрагер” мектебінің түлегі Жарылқасын Бақдаулет SAT балдары ҰБТ балдарына ауыстырылып, 140 балл еншілеген болатын. Сонымен қатар, Мысыр елінде өткен математика-арифметика халықаралық олимпиадасында №3 it-лицейдің 4 сынып оқушысы Абдрахманова Тоғжан бақ сынап, бірінші орын – “Алтын кубокты” иеленген болатын.
Тоғжан сонымен қатар, наурыз айында Дубайда өтетін «Юниор біріншілігіне» жолдама алды. Сыр елінің атын әлемге танытып келе жатқан «Бриллиант дауысты» жас әнші Төлеубай Дінмұхамед жақында «Славян базары» халықаралық фестиваліне қонақ ретінде қатысып, өз өнерін көрсетіп келді. Дінмұхамед осы кезге дейін «АРТ-парад в Витебске», Diamonds voice, Спивограй секілді тағы да басқа түрлі халықаралық ән байқауларында гран-при иегері болды.
– Сендердің үздік атанған жетістіктеріңнің барлығы ұстаздар қауымының еселі еңбегінің арқасында екенін атап өткім келеді. Біз өз тарапымыздан оқушыларымыздың өздерін күллі әлемге таныта отырып, халықаралық байқауларда және білім көрсеткіштерінде үздік нәтиже көрсетуі үшін жағдай жасауды жалғастыра беретін боламыз, – деді құттықтау сөзінде Ақзира Бақтыбайқызы. Кездесуде білім, өнер салаларының үздіктеріне салалық басқарманың жетекшісі жас дарындарға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Загрузка...