Қылықты қыздарымыз аман болсын!

Отбасы – ата – әжеден, әке – ана, бауырлар мен  балалардан құралатын шағын мемлекет. Оның мықты, үлгілі, өнегелі болуы сол отбасындағы әрбір жанның рухани байлығында. Қазақ халқының  тәрбиесінде: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбелейміз. Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деу бекер емес. Өйткені, «Ақиқатында берекет қыз баласында.

Олар кеңшілік кезде – гүлзарың, қиыншылықта – жәрдемшің, ауырғанда – күтушің. Олардың ауыртпалығын жер көтереді, несібесін Аллаһ береді» – деген де сөз бар. Ендеше, бұл өмірге қыз бала әкелген әрбір ана, әрбір отбасы кеңшілікте, несібелі өмір сүретіні анық та, айқын. Менің анамда  өмірге 1 ұл, 2 қыз әкелген бақытты – адам. Қазіргі таңда әкем екеуі – бауырым Аслан отбасын құрып, Талшын есімді келіні мен олардың екі ұлы Ескендір мен Есентемірдің көз тоймас қылықтарын рахаттана, тамашалап өмір сүруде.

Анамның бақытындай мағанда аллам – Рахымжан есімді ұл, содан соң  Үміт, Аянат есімді 2 қыз сыйлады. Қыз баланың  әкеге жақын екенін терең түсіндім. Себебі,  өмірге үшінші әкелген перзентіміз Аянатты 2 айынан бастап әкесі бақты. Біз жас отбасы болғандықтан, анау керек, мынау керек деп несие алып тірлік жасаудамыз. Сонымен не керек 10 ай толғанда қызымыз Аянатты ауылға ата – әжесіне жібердік. Қала өмірі оңай емес, таңның атысы, кештің батысы жұмыс өтіп жатқан бір өмір.

Ауылда ата – анамыз, бауырларымыз, яғни балаларымыздың ата – әжесі, аға – көкелері мен тәтелері тұрады. Және де Аянаттың туған әпкетайы Үміт бар. Олар мәз, қызымызды сағынып, қалай әкелетініміздің жолын іздеудеміз. Алла, алға қойған арман – мақсаттарымызға тез жетуімізге жәрдемдесіп, жаңа жылда Аянатты үйге әкелсек, деген ниеттеміз. Әкенің қыз балаға деген ерекше махаббатын мен өзімнің жан – жарым Самалдан көп байқадым. Себебі, ол ауылға хабарлассақ, Үміт қайда деп бірден қызын сұрайды.

Сондай – ақ,  әкесі жұмыста болып, мен өзім ауылға хабарлассам, қызым бірден әкесін сұрайды. Бұл деген ерекше – сезім. Сондықтан әкелер – сіздер егер қызыңыз сізге бір нәрсе айтқысы келсе, сөзін бөлмей тыңдаңыз. Немесе анаңа айт деп, сөзін тыңдаусыз қалдырмаңыз. Себебі, қыз бала бәрібір  әкеге арқа сүйейді. Негізінде мен, қазақ халқының ырым – тыйымдарына қатты сенемін, үнемі орындаймын. Сол ырым – тыйымдарды тәрбиенің бастауы деп қабылдаймын. Және де кей кездері психология ғылымымен ұштасып жататын тұстарын қатты қолдаймын.

Ал қазақ халқында ата – әже тәрбиесі бөлек әңгіме. Ата – әженің немерелеріне берер тәлім – тәрбиесі, өнегесі, немерелеріне деген махаббаттарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Атам қазақ «балаңды –  өскенше бағасың, немереңді – өлгенше бағасың» деген жақсы сөз бар. Мен өз ата – аналарымыздың сол өсірген немерелерінің қызығын көруін тілеймін. Біздің тұңғышымыз Рахымжанда ата – әжесінің баласы, оны да ата – әжесі 5-6 айынан бағып – қағып өсіріп, 3 жасқа толғанда, екінші  баламыз Үміт 6 ай толып ауылға ата – әжесіне жол тартты.

Содан бері міне, 6 жыл өтіпті, Үміт 6 жасқа толды. Атасы мен әжесінің  қолқанаты. Енді міне, бөпесі Аянатты ойнатып, еркелетіп бәрімізге көмектесуде. Ал,  Рахымжан бізге келіп қазіргі өзім қызмет жасап отырған Алматы облысы, Іле ауданы М.Түймебаев  ауылындағы мемлекеттік «Күншуақ» бөбекжай – балабақшасының  тәрбиеленушісі атанып, 2018 жылдың мамыр айында балабақшаны үздік аяқтап, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде ауылымыздағы № 19 орта мектептің 1 «А» сыныбына қабылданды. Қазір 3 сыныпта, үздік оқушы.

Жалпы, мен осы өміріме ризамын. Осындай ата – аналарымыз бар, әке – шешеміз бар. Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ – демекші, әке – шешелеріміз аман болсын. Қазіргі жаңа ғасырда  бала тәрбиесінде ата – әженің өмірде алатын орнын көрсете білуіміз қажет. Және де жер дөңгелек, ертең өзіміздің де ата – әже болатынымызды естен шығармайық. Ата – аналарымыздың немере махабатына бөленуіне мүмкіндік жасайық. «Ұлдарымыз – ұлықты, қыздарымыз – қылықты» – болсын.

Сөзімді қорытындылай келе,
«Айқайлама, ұрыспа қызға қатты,

Ақылменен тәрбие бер, ұлағатты.
Ата – бабаң айтып кеткен, қартайғанда,
Осы қыздан көресің деп, рахатты, – деп барлығымыз өсіріп отырған ұл – қыздарымыздың рахатын көрейік!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий