Заман сұранысына сай маман дайындау – басты мақсат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында еліміздегі білім беру сапасын арттыру мәселесін айрықша атап өтеді. Өйткені мемлекеттің өркендеуі, еліміздің болашағы білімді ұрпаққа байланысты екені айдан анық. Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрінің тікелей қадағалауымен еліміздің білім беру саласында айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Еліміздің бас ұстазы Асхат Қанатұлының білім мен ғылым саласын жаңғырту жолындағы жасап жатқан жұмыстары өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Уақыт пен заман сұранысына сай жаңғырып, бәсекелестік қабілетін арттырып жатқан еліміздегі Жоғары оқу орындары нағыз қоғам талабына сай маман дайындауға барын салуда.

Бұл өзгерістен біз де шет қалмадық. Азаматтық авиация академиясы еліміздегі жалғыз салалық ЖОО ретінде елімізде ғана емес, азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар талап ететіндей, халықаралық дәрежеде талапқа сай болуды басты мақсат еткенін атап өткім келеді. Соның дәлелі Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының (ICAO), Ұшу қауіпсіздігі бойынша Еуропалық агенттіктің (EASA), Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының (IATA) стандарттарына сай білім бағдарламаларын жетілдіріп отырған оқу ордамыз қоғам талабына сай деп айта аламыз.

Академиямыз аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) өткізетін жоғары оқу орындарына сұраныстың ұлттық рейтингіне және «Жоғары оқу орындарының жалпы рейтингі» номинациясына қатысып, еліміздің 20 үздік ЖОО-ларының қатарынан көрінуі де сөзіміздің дәлелі десек болады. Биыл Академиямыз өз қызметінің және іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларының деңгейін сапалы бағалау олардың халықаралық талаптарға сәйкестігін растау мақсатында институционалдық және бакалавриат, магистратура білім беру бағдарламалары бойынша мамандандырылған аккредиттеу рәсімінен сәтті өтіп, 5 жыл мерзімге аккредиттелді.

Академиямыздағы көптеген жаңашылдықтар оқу ордамыздың өзіндік әлеуетін арттырып қана қоймай, авиамамандарды даярлаудың әлемдік нарығына шығуға және авиациялық жоғары оқу орындарымен бәсекелесуге дайын екенін аңғартады. Әрине халықаралық деңгейге шығу үшін шекараның арғы бетінен мамандарды тартып, студенттерімізді баулудың маңызы зор. Осы орайда оқу ордамызға шетелдік үздік ЖОО-нан білікті ұстаздарды шақыру қараcтырылып отыр. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген жас мамандарға тартымды жағдай жасап шақыру көзделініп отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, түлектеріміз толығымен жұмыспен қамтылуы үшін халықаралық деңгейде нақты қадамдар жасалуда. Соның дәлелі 2019 жылдан бастап ҚР БҒМ қолдауымен жоғары білім туралы дипломына қоса коммерциялық ұшу куәлігін, «В1» және «В2» әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету маманының куәлігін алуға қажетті EASA PART-FCL және PART-66 еуропалық стандартымен белгіленген пәндер кешені «Ұшақтарды ұшуда пайдалану (ұшқыш)» және «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарды техникалық пайдалану» білім беру бағдарламаларымен кіріктіру процессі жүзеге асырылуда.

Бұл қадам еңбек нарығында Академия түлектеріне деген қажеттілікті арттыра түсетіні сөзсіз. Атап өтер жайт, студенттеріміз практикадан өту кезінде жұмысқа орналасу мәселесін де бірден шешіп алады. Практика кезінде студенттерімізді ұнатқан әуе мекемелерінің түлектерімізді болашақта маман ретінде өздеріне жіберуін өтінуі соның айғағы. Отандық және шетелдік мекемелердің біздің түлектерімізге деген сұранысы артып келеді, сондықтан болашақ авиамамандарды дайындауда тәжірибеден өткізуге де ерекше көңіл бөлінеді.

«Air Astana» АҚ, «SCAT» АҚ авиакомпанияларымен әріптестік аясында ұшқыштарды бірлесе дайындау жолға қойылған. Бұл мақсатта неғұрлым талапты студенттер іріктеліп, теориялық дайындықты Академияның базасында, ал тәжірибені авиамекемелерімен бірге шетелдік авиа оқу орталығын анықтап соның базасында өту қарастырып отыр. Аталған авиакомпаниялар бірлесе отырып даярлаған мамандарды жұмыспен қамтуға кепілдік береді. Академияның техникалық базасы жастарымыздың жоғары білікті маман болып қалыптасуына толық мүмкіндік береді.

Ұшқыштық дағдыларды қалыптастыру мақсатындағы тренажерлық дайындықты жүргізуге мүмкіндік беретін көп функциялы «ALX ALSIM», «Аirbus-320», «Boeing-737NG» тренажерларымен қамтылған. Бұл тренажерларда Академия білім алушылары ғана емес қазақстандық авиакомпаниялардың ұшқыштары да жаттығады. Академияның ICAO сертификаты бар Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы үшін 2020 жылы дайындықтың әртүрлі салалары бойынша сабақ жүргізуге және тестілеуге мүмкіндік беретін Simfox (Ұлыбритания) тренажеры алынды.

Тренажердың оқытудың нақты динамикалық модельдерге неғұрлым жоғары деңгейде жақындатылған режимдері бар. Тәжірибеден өту базалары ретінде Академия «Air Astana» АҚ, «№ 405 авиажөндеу зауыты» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» АҚ, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы» АҚ сияқты жетекші авиациялық кәсіпорындармен келісім жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін атап өткен болатын. Осы орайда білім алушылардың сапалық құрамын жақсарту мақсатында талапкерлерге қойылар талаптар да жоғарылап келеді. 2020 жылы оқуға түсушілер үшін кейбір білім бағдарламалар бойынша шекті деңгей ҰБТ-дағы 75 балл деп бекітілсе, 2021 жылы Академияның Ғылыми Кеңесінің шешімімен бұл деңгей 90 балл болып бекітілді және ағылшын тілін В1 деңгейінде білу талап етілді.

Академияға Назарбаев Зияткерлік мектебінің, «Білім-Инновация» лицейінің, республикалық физика-математика мектебінің түлектерін тарту ісі барынша белсенді жүргізілуде. Академия 2023 жылы бейіндік пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшуді жоспарлап отыр. Ағымдағы оқу жылында 14 пән ағылшын тілінде оқытылса, келесі жылы олардың санын 90 пәнге жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар Академияның оқытушылық құрамы да өздерінің біліктілігін заман талабына сай ұштап, білім алушыларға терең білім беруге машықтанған.

Академиялық адалдық принциптерін бұзған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа бейім жауапсыз қызметкерлер үнемі қадағаланып, тәртіп бұзғандары жұмыстан шығарылып отырады. Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы еліміздің авиамекемелері мен авиакәсіпорындарындағы еңбек өтілі мол, ғылыми-педагогикалық қызметке қызығушылығы жоғары, адал мамандарды жұмысқа қабылдау арқылы жаңарып отырады. Бүгінде Азаматтық авиация академиясы Еуропаның дамыған елдеріндегі азаматтық авиация саласына ұшқыштар даярлайтын оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жан-жақты жұмыс істеп жатқанын атап айтуымыз керек.

2020 жылы Академияның 101 педагогикалық қызметкері жалпы сомасы 8 млн. теңгеге әртүрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, 2021 жылы бұл мақсаттарға 35,6 млн. теңге қарастырылған. Оқу ордамызда «Болашақ» бағдарламасына ұқсас шетелде мамандар даярлаудың арнайы бағдарламасы да жасалған. Бұл бағдарлама бойынша алдағы уақытта Академияның қаржысы есебінен ең үздік салалық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда тағлымдамадан өтуге жіберу үшін профессорлық-оқытушылық құрамнан бес үміткерді таңдап алу жоспарлануда.

«Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың жалақысына мән беріп отыру мәселесін де атап өткен болатын. Осы орайда оқу ордамызда 2020 жылы профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жалақы мөлшері 380 235 теңгені құраған еді.

Биылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы 25%-ға көтерілгенін атап өткім келеді. Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қыркүйектен бастап профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жалақы мөлшері 461 000 теңге болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, оқу ордамыз әрқашан ұстаздар біліктілігін көтеріп отырумен қатар, олардың еңбегін біліктілігіне сай бағалап отыруды да дәстүрге айналдырған. Білімнің сапасын білікті ұстаз ғана көтеретіні айқын.

Осы орайда профессорлық-оқытушылық құрамды академияішілік аттестациялаудан тұрақты өткізіп, қызметкерлердің өз лауазымдарына сәйкестігін олардың кәсіби қызметін бағалау негізінде сынақтан өткізіп отыруымыз сөзіміздің дәлелі. Ұстаздарымыз да мұндай сынаққа разы. Өйткені жинаған балына қарай жалақысын үстемелеп, сынақ нәтижесінде біліктілігін жалақысымен өлшеп отыру ең әділ жүйе деп айта аламыз. Жемқорлықтың жолын кесу мәселесі де үнемі басты қадағалауда.

Студенттер тарапынан да, оқытушылар тарапынан да кез келген академиялық адалдық принциптерін бұзушылыққа және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік көрсету Академияның басым принциптерінің біріне айналған. 2020-2021 оқу жылы ішінде білім алушылар қатарынан 270 білім алушы әртүрлі себептермен оқудан шығарылды, оның ішінде 120 (44%) академиялық үлгермегендігі бойынша, қосымша тағы 110 білім алушы оқудан шығаруға үміткерлер болып табылады. Жазғы семестр шеңберінде 308 білім алушы қайта оқытудан өтуде.

Өткен оқу жылында 191 білім алушы академиялық үлгермегендігі бойынша оқудан шығарылған болатын. Ағымдағы оқу жылындағы үлгерім 73% құрады, ал өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 71% болатын. Биыл оқуды бітіргенге дейін жеткізілу 58%-ды құрады, өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 68% деңгейінде болды (экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша АҚШ пен Еуропада студенттердің оқуды бітіргенге дейінгі жеткізілуі 50% – дан аспайды).

Академияда «Академиялық адалдық кодексі» ішкі нормативтік құжаты қабылданған. Аталмыш құжат Академияның даму стратегиясына сәйкес білім беру процесінде академиялық адалдық принциптерін, білім алушылардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді, академиялық адалдықты бұзу түрлерін және оған шара қолдану тәртібін анықтайды. Сондықтан оқу ордамызда жемқорлыққа жол жоқ дер едік!

Халықаралық дәрежеде білікті де білімді, заман сұранысына сай маман даярлауды басты мақсат етіп, көшбасшылыққа ұмтылған Азаматтық авиация академиясы алдағы уақытта да жаңашылдық пен ашықтық қағидасынан айнымай, нағыз уақыт сұранысына сай оқу ордасы болып қалуды көздейді.

Кайрат Болатович ЖАКУПОВ,
Азаматтық авиация академиясының
оқу-әдістемелік, тәрбие жұмысы және
ынтымақтастық жөніндегі проректоры, т.ғ.к

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий