Сапа мен сан: Білімді ұлттың болмысы

ХХІ ғасыр – ақыл-ой, білім‑ғылым, инновация мен креативтілік негізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Жылдам өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам капиталын дамытудың жолы болмақ. Сапалы білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономиканың және бақуатты қоғамның кепілі бола алады. Бұл ағартушы Ыбырай ұстаздың «Өнер-білім бәрі де, оқуменен табылған» деген сөзінің өзектілігін айғақтайды.

«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екендігін айтқан әлем ұстазы Әл-Фараби бабамыздың ойы да заманауи шарттармен сәйкеседі. Өйткені бүгінгі күні оқудың сапасы берілген білімнің тереңдігімен ғана емес, оқушының қоғам мен қоршаған ортаға тигізген пайдасымен де өлшенеді. Жаңаша ойлау мен ортаны өзгертуге талпыныс – осы екі ұғымды бүгінгі буынның үкілі ұстанымы және оны ұрпақтың көз алдында хатталып тұратын ұлағатына айналдыру міндетіміз. Мақалада заманауи шарттар мен сын‑қатерлер жағдайында сапалы білімді қалай беруге болатыны және осы жолда педагогтарға артылып отырған міндеттер туралы ой өрбітетін боламыз.

Қастерлі Тәуелсіздік – бабалар аманаты. Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы кезең аралығында жеткен жасампаз жетістіктер орасан зор. Алғаш рет кемел келешекті іске асыратын кадр даярлау мақсатында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, заманауи сұранысқа жауап бере алатын «Назарбаев университеті» құрылды. Ең бастысы қазақстандық білім жүйесі қалыптасты. Осы жүйеде тәуелсіздік рухындағы саналы, білімді, өзгерістерге икемді ұрпақ қалыптасып, еліміздің одан әрі өркендеуіне үлес қосуда. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, сонау Жәңгір, Ыбырай мектептер жолымен ағартушылық қызметтің беделінің артуына, қайта жаңғыруына серпін қосты.

Биыл Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының құрылғанына 100 жыл мерейтойы. Ғасырға жуық тарихы бар білім мен ғылымның ордасының болуы – біздің еліміз үшін білімнің маңызы асқақ екендігін айғақтап отыр. Қазіргі күні де білім мазмұнын жаңғырту, оқу, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету Академияның басты мұраты болып қала береді. Осы жолда Академия іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді адами капиталдың мүмкіндігін арттыруға және ұлттық білім беру жүйесінің тұрақты дамуына бағыттауға басымдық береді. Сонымен бірге ұлттық мүдде тұрғысынан және жаһандық маңызға ие ғылыми зерттеулерге бастамашыл болуға ұмтылуда.

Өзгермелі орта, технологиялар толқыны. Қазіргі кездегі жағдайлар ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдана білу, цифрлық сауаттылықты қалыптастыру дағдыларының қажеттілігі мен өзектілігін еселеп арттырды. Ұстаздар да, білім алушылар да қашықтан оқыту технологиясын меңгеріп, оны практикада жедел түрде пайдалана білуге дағдыланды. Мұның үстіне  оқытудың  дәстүрлі емес бұл жаңаша формасы оқу процесінің басты екі тұлғасы мұғалім мен білім алушыдан біршама жоғары деңгейдегі ақпараттық – коммуникациялық сауаттылығын талап етіп қана қоймай, замануи цифрлық ресурстардың шапшандығы, жоғары интернет байланысы сияқты  мәселелер де жағдайды күрделендіре түсті.

Осы ретте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы қашықтан оқытудың нормативтік-құқықтық негіздерін, оқыту тәсілдерін, цифрлық оқу ресурстарын әзірлеп оқу-тәрбие процесінің  ұтымды да сапалы өтуіне бар жағдайды жасады. Дегенмен тәжірибе бұл оқу форматының дәстүрлі форматтан тиімділігі аз екенін көрсетті. Мектеп – білім ордасы ғана емес, сонымен қатар балалардың өзара қарым‑қатынас құрып, әлеуметтенуін қамтамасыз ететуіне көмектесетін мекен. Білім саласындағы әлеуметтік конструктивизм теориясы индивидтің жетілуінде өзара қарым‑қатынастың, пікір алмасудың маңызы зор екенін айтады. Сол себепті қашықтықтан оқыту мектеп партасындағы білім алу жолын толық алмастыруға әлі қабілетсіз.

Алайда, пандемияға дейін де дендеп енген және карантин кезінде білім берудің жалғыз форматы болған қашықтан оқыту бұдан кейін білім жүйесінің құрамдас бөлігіне айналып, бетпе‑бет оқумен қатар жүретіні түсінікті. Басқаша айтқанда өскелең ұрпақ аралас формат арқылы танымын кеңейтуге мүмкіндік алды. Мұндай жағдайда ұстаздардың да жаңа шартқа бейімделуі қажет екені айқын. Бүгінгі технология толқыны күшейген тұста цифрлық оқу ортасында жұмыс істеу – ұстаздардан мүлдем жаңа біліктіліктер мен дағдыларды талап етеді. Бұл бағытта уақыт өзгерісіне қарай педагогикалық кадрларға қойылатын талаптар да жоғарылап, үздіксіз кәсіби машықтарды жетілдіру күтілетін болады.

Халықаралық сарапшылардың пайымынша білім саласындағы мұндай цифрлық оқу ортасына шұғыл бет бұрған өзгеріске қазіргі ұстаздардан гөрі «Z» ұрпаққа  жататын мектеп оқушылары мейлінше бейім келеді екен. Американдық ғалымдар Нейл Хоув пен Уильям Штраустың «ұрпақтар теориясына» сәйкес адамның тұлғалық және мінез-құлықтық қасиеттері оның жасөпірімдік, яғни 12-14 жасқа дейінгі тәрбиеленген ортасы мен өмір сүру кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты болады деген сөз.

Қазіргі «Z» ұрпақ күнделікті өмірімізге цифрлық технологияның дендеп еніп келе жатқан кезеңінде өмірге келіп, тұлға  ретінде  қалыптасуда. Осы себептен белгілі Ресейлік ғалым А. Асмолов «ХХІ-ғасырдағы білім саласының басты қайшылығы – бұл біздердің, яғни ұстаздардың цифрлық қоғамға бейімделуі жағынан цифрлық ақыл-ой (digital mind)  жағдайында  өмірге келген балалардан қалып қоюымыз», – деп атап көрсетіп отыр.

Цифрлық орта жағдайында өз коммуникативті дағдыларымызды әлсіретуге емес, керісінше күшейтуге мән беруіміз маңызды. Жаңа формат пен технологиялар оқушы, ата‑ана және мұғалім арасындағы байланыс сипатын да жаңартуды қажеттендірді. Осы мақсатта еліміздің білім беру үдерісінде қазіргі таңда 3,5 млн білім алушы мен 6 млн.-нан асатын ата-ана арасындағы өзара байланысты, бала тәрбиесіндегі ата-аналар қауымдастығы (қоғамдық ұйым) және білім беру ұйымдарының өзара қарым-қатынасын нығайту мен жауапкершілігін күшейту мақсатында «Отбасы-мектеп» жобасын әзірледік.

Бұл осы бағытта жүргізіп жатқан жұмыстарымыздың бір мысалы. Заман талабына сай білім беру дегеніміз – ол өзіміз білетін дүниені я болмаса өзімізге сай тұлғаны дайындау емес, келешек заманына лайық азаматты шығару. Ол үшін жаңа білімді тану, игеру және пайдалану қабілетіміз машыққа айналуы шартты. Өзін ұдайы дамыту мен жетілдіруді өмірлік принципіне айналдырған педагог қана оқушыларының санасына сапалы білім құя білмек.

Білім жүйесі интеллектуалды әлеуеті жоғары, отаншыл тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталған. Еліміздің мектептегі білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастарды тәбиелеп шығаруға қабілетті. Оған еліміздің мектеп оқушыларының математика және жаратылыстану пәндері бойынша рейтинте алғашқы 10 елдің қатарына кіруін мысал ретінде көрсетуге болады. Жаһандық деңгейде танылған мәселен, Жансая Әбдімәлік, Димаш Құдайберген, Иманбек Зейкенов сынды жастарымыз жетістігі де бұл ойымызды қуаттайды.

Әлемдік трансұлттық компанияларда Google, Facebook сынды озық платформаларда еңбек етіп жатқан отандастарымыз тағы бар. Елімізден мұндай таланттарының шығуына ұстаздарымыздың қосып жатқан үлесі қомақты екені анық. Мұның өзі ұлттық білім жүйесі кез келген салада жаһандық өлшемде жетістікке жете алатын тұлғаларды даярлай алатынының айғағы.

Бірегей ұлт болмысын сақтау және танытуда жекелей азаматтардың жауапкершілігі мен отаншылдық сезімін ұлғайту, белсенді ұстанымы, қайырымдылық мәдениеті деңгейін арттыруға басымдық береміз. Бұл ретте «Абай орталығы» тұжырымдамасы жасалды, осындай бағыттармен бірыңғай оқу-ағартушылық жүйесі кеңейетін болады. Бүгінгі күні заманауи көзқарас тұрғысынан жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыруда жаһандық талаптарға сай келетін құндылықтарды білім мазмұнында тереңдеп оқыту мәселесінің өзектілігі артып келеді.

Әлемдегі жаһандану қарқынының түпнұсқалығы біздің ұлттық шынайылығымызға үйлеспеуі де ғажап емес. Қарышты және тұрақты дамуда инклюзивті мемлекетіміз білім жүйесінде әлеуметтендіруді күшейтуде әрбір білім алушы өзіндік ерекшелікке ие екендігін ескереді және осы бағытта қазіргі ұрпақ мүшелерін олардың өзіндік жолы мен таланты, қарым-қабілетіне қарай білім беруді іске асырып жатқаны мәлім. Л. Гумилевтің пайымдауынша, белгілі бір мекенде адамдардың көпшілігіндегі арнайы бір активтілік (пассионаризм) болады, ол адамның өмірін және қоғамды өзгертуге талпыныс. 

Бүгінгі күні де біздің ұлттық рухани жаңғыруымыздың өзі сананың өзгерісіне түрткі болды. Ал бүгінгі білім ұлттық идея деңгейіне көтерілетіндей ұлтымызды пассионарлық серпіліске әкеледі. Ол үшін әр буын жаңашыл құзыретті болуы шартты. Жиырмасыншы ғасыр басында Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаев «жалпы педагогика еңбегінде «Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса – өзін, асса – барлық адам баласын адал жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз.

Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қылу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек», – деп түйіндеген болатын.

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
Академиясының ғылым және стратегиялық
жоспарлау бойынша вице-президенті, PhD

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий