“Болашақ” бағдарламасының түлегі Айжан Аршабаева жаңа білім беру жобаларын жүзеге асырып жатыр
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Айжан Аршабаева – EduTech.kz жобасының негізін қалаушы. Қазіргі таңда Айжан Елбасы Академиясында жұмыс істейді және жаңа білім беру жобаларын жүзеге асырып жатыр. Айжан Аршабаева «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы мен «Birge Oqy» онлайн-мектебінің үйлестірушісі, – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

«Біздің жобаларымыздың мақсатты аудиториясы – ауыл оқушылары мен жастар. Біз ауыл балалары, 6, 7, 8 сынып оқушылары үшін онлайн мектеп ұйымдастырдық. НЗМ, РФММ және елордалық лицейлердің жетекші педагогтері біздің онлайн-платформамызда бейнеконференцбайланыс арқылы ауыл оқушыларын оқытады. Өткен жылы 1,5 мың бала оқып, биыл тағы 1,5 мың оқушы білім алды. Осылайша біз қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтып жатырмыз», – деді Джордж Вашингтон университетінің түлегі Айжан Аршабаева.