Алматы облысында “Мектепке жол” акциясы басталды

Облыс орталығы Талдықорғанда «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық шарасы бастау алды. Әлеуметтік бағыттағы бастама 2021-2022 оқу жылы қарсаңында жүргізіліп жатыр. Аталған акция жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып келеді. Дәстүрге айналған шара биыл да жалғасын тапты, – деп хабарлайды Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі.

Аталған шараны алғашқылардың бірі болып, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Оған облыстық ұйымының қызметкерлері, ата-аналар, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты. Шараның мақсаты– жаңа оқу жылына дайындық жасау, кәсіподақ мүшелерінің ішінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау болып табылады.

Акция барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, қайырымдылық акциясының маңыздылығына тоқталды. Елімізде оқушылардың сапалы білім алуына жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Әлемді әбігерге салған індеттің салдарын айтып, ұстаздар қауымына қолдау танытқан ата-аналарға алғысын білдірді.  Қашықтан оқу кезеңінде сала қызметкерлерінің мұқтаждықтарын анықтап, барынша қолдау танытқанын жеткізді. Сонымен қатар, жаңа оқу жылымен барша салтанатты шараға қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін айтты.

Жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің мұқтаждықтарын анықтап, балаларды барынша қамтуға басымдық берген қоғамдық ұйым эпидемиологиялық ахуалға байланысты 6 оқушыға мектеп формасы, спорттық киімдер, аяқ киімдер, кеңсе тауарларын табыс етті. Шараға қатысқан  Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының есепшісі Динара Оразымбекова ұйымдастырушыларға ата-аналардың атынан ризашылығын білдірді.

Және балаларының мектепке баруына ықпал етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасаған жандардың жомарттығына алғысын айтты. Қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдық бірлестіктің аудандық, қалалық филиалдардың ықпалымен 60 оқушыға көмек көрсетілетін болады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий