Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандық анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейді, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметі. 

Міне, сондай қиын да қызықты мамандықтың иесі болып жүрген, ұстаздық еңбек жолын сонау еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы бастаған  білімді, талантты, жауапкершілігі  мол, өз пәнін жетік меңгерген,  басқару қабілеті жоғары, көшбасшы–ұстаз – Умарова Жанипа Мынжасаровна. Еңбек жолын Сырым ауданының Қазақстан орталау мектебінде орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұалімі және тәлімгер болып бастады. 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Григорьев орта, қазіргі таңда Кеңтүбек ЖОББ мектебінде еңбек етіп келеді.

1993 жылы Григорьев орта мектебіне орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қабылданды. Ол кезде еліміздің мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі жетіспейтін еді. Сол уақытта мектеп директоры болған Суюнгараева Рысты Амангереевна қазақ жерінен көшіп келген, қазақша сайрап тұрған, бойынан болашақ ұйымдастырушы қабілетін байқаған жас ұстазды қуана қабылдады. «Қазақ тілі пәнінен сабақ бересің, мұғалім жетіспейді»,- деген сөзін жерге тастамай, 15 жылдай өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретіп, білім нәрін септі.

Сол уақыт ішінде Жанипа Мынжасаровнаның шәкірттері ана тілімен қатар, мемлекеттік тілді де жетік меңгеріп шықты. Қазіргі таңда Жанипа Мынжасаровна өзінің мамандығы бойынша орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінен сабақ беріп, теориялық және практикалық әдістеме жинақтап, үнемі жаңашыл шығармашылық ізденісте жүреді. Жанипа Мынжасаровна мектеп мұғалімдері арасынан алғашқы болып өз тәжірибесіне Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының элементтерін енгізіп, алғашқы рет жаңартылған білім мазмұны курсынан өтті.

Еңбегінің нәтижесі – ұстаз шәкірттерінің жетістігі. Жанипа Мынжасаровнаның шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға, олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жанипа Мынжасаровна – өз педагогикалық шеберлігін арттыруда көп жұмыстанып жүрген ұстаздардың бірі. 2016 жылы «SMART – біліктілік арттыру жүйесіндегі технологиялар» атты республикалық ғылыми практикалық конференцияның қатысушысы атанып, «Эффективность применения ИКТ на уроках русского языка и литературы в условиях сельской школы» атты баяндамасы конференция жұмысының жинақтамасына енгізілді.

2017 жылы облыстық флеш–семинарға қатысып, үй тапсырмасының маңыздылығы мен тиімділігі туралы презентация қорғады. 2018 жылы НЗМ жанынан «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» атты курсты жоғары деңгейде аяқтап шықты. Қашықтықтан оқыту аясында да өз білімін жетілдіріп отырды. 2020 жылдың сәуір айында өткен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы ұйымдастырған орыс тілі мен әдебиет мұғалімдеріне арналған «Қашықтықтан оқыту жағдайында орыс тілі мен әдебиет сабақтарын ұйымдастыру» атты вебинар қатысушысы болды. 

Жанипа Мынжасаровна 2019 жылы аудандық орыс тілі мен әдебиет ұстаздары  арасында өткізілген олимпиадада жүлделі орынды және 2018 жылы аудандық педагогикалық қызметкерлерінің тамыз кеңесінде өз шығармашылығын таныстырып «Ең үздік таныстырылым» номинациясын иеленді. 2019 жылы қазан айында  ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында аудан бойынша «Орыс тілі мен әдебиет пәнінің ең үздік мұғалімі» номинациясын иеленіп, аудандық білім беру бөлімінің дипломымен марапатталды. Халықаралық «Лидер.kz» интеллектуалдық олимпиадаға оқушыларды дайындап белсенді қатыстырғаны үшін Алғыс хатпен марапатталып, І дәрежелі дипломмен және «2019 жылдың үздік ұстазы» атағын иеленді.

Республикалық «Тағылым» ғылыми-әдістемелік журналдың ұйымдастыруымен өткізілген «Ең үздік педагогикалық мақала» атты байқауда «Лучший сценарий внеклассного мероприятия» атты номинация алып, І жүлделі дипломмен марапатталды. 2020 жылдың қаңтар айында Ақсай қаласында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап өткізілген республикадық байқауда оқушыларды дайындап, белсенді қатыстырғаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Жанипа Мынжасаровна шәкірттерін алға жетелеп, әр түрлі шараларға қатыстырып отырады.

Сол еңбегін бағалаған Ақсай қаласының «Адам бол» қоры өзін-өзі тану шығармашылық онкүндігі барысында алғыс хатпен марапатталды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді дана халық. Жанипа Мынжасаровнаның шәкірттерінің жетістіктері – ұстаз жетістігі. Шәкірттері Ганиева Гулайхан аудандық «READx» байқауында II орынды иеленсе, Жоламанова Мейрамгуль алғыс хатпен марапатталды. Кешегі шәкірт, қазіргі мектеп түлегі Белоусова Анастасия аудандық «Фокин оқулары» байқауында II орынды иеленді.

Сонымен қатар Жанипа Мынжасаровнаның көптеген шәкірттері республикалық, халықаралық интернет-байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындар иеленеді. 10  сынып оқушысы Хасанова Альбина облыстық пәндер олимпиадасының аудандық кезеңінде 2019 жылы II орын, 2021 жылы III орынды жеңіп алды. Ал 5 сынып оқушысы Саин Алихан мен 8 сынып оқушысы Жоламанова Мейрамгуль Ақсай қаласында өткен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болды.

Осы байқауда «Жас қалам» номинациясы бойынша 10 сынып оқушысы Хасанова Альбинаның шығармасы үздік деп танылып, 1 орынға ие болды. Пәнге деген қызығушылықты, оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту үшін Умарова Жанипа Мынжасаровна пән бойынша сыныптан тыс жұмыстарға жауапкершілікпен қарайды, пәндік онкүндік кезінде ашық сабақ, әртүрлі сыныптан тыс іс-шаралар мен жарыстар өткізеді. Әр сабағы әдістемелік талаптарға сай өтеді. Жаңа ақпарат құралдарын көп қолданады.

Оқушыларды қазіргі заманғы талапқа сай білімге жетелейді. Үлкен педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз Жанипа Мынжасаровна сынып жетекшілік қызметін де тапжылмай атқарып келе жатыр. Оқушыларға қоғамдық ортадан өздеріне қажетті дұрыс жан-жақты тәрбие беруіне аса көңіл аударады. Оның сынып оқушылары әр түрлі деңгейдегі шараларға, сайыстарға белсене қатысады. «Еңбексіз өмір-сөнген көмір» демекші, еңбек ету, соның ішінде шәкіртке білім беріп, тәрбиелеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Аталған жетістіктер Жанипа Мынжасаровнаның еңбегінің кішкене бір бөлшегі. Ол мектептің, ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысып, ауыл әкімі мен мектеп директорының алғыс хаттарымен марапатталды. Жанипа Мынжасаровна – педагогикалық өмір жолында тапжылмай еңбек ететін, оқушылары, ата-аналар мен әріптестері арасында сый құрметке ие болған  ұстаздардың бірі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий