Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы: Коронавирус кеселінен құтылудың жалғыз жолы – вакцинация

Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатты шыр айналдырып, ауыр зардап шектіріп отырғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Пандемиямен күрес біздің еліміздің аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап үздіксіз жүріп жатыр.

Ғалымдар мен дәрігерлер дабыл қағуда. Аурудың алдын алуға, вирус жұқтырған адамдарды емдеуге мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп жатыр. Еліміздің экономикасы үлкен шығынға ұшырады. Билік қабылдаған шектеу шаралары әлеуметтік шиеленісті тудыруда. Білім беру жүйесіне елеулі залал келтірілді, оқушыларды қашықтықтан оқыту форматына ауыстыру оқу мен тәрбиелеу сапасына әсер етті.

Сапалы білім алу үшін балалардың сабаққа қатысып, мұғалімдермен және құрдастарымен сөйлесуінің орны бөлек. COVID-19 пандемиясын тоқтатудың, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жаппай вакцинация қажет. Тек осылай ғана біз қалыпты өмірге орала аламыз. Бұл локдаундардан шығу стратегиясын ойластырған елдердің тәжірибесімен дәлелденді.

Өткен эпидемиялардың тарихы да пандемияны тоқтатудың бір жолы – тек вирусқа қарсы вакцина екенін анық дәлелдеді. Сондықтан екпе туралы алып қашпа әңгімелерден гөрі, ғылымға негізделген ақпараттарға сенген дұрыс деп санаймын. ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев әлемді жайлаған індет білім саласына зиянын тигізбеуі тиістігін қадап айтып, білім берудің қалыптасқан дәстүрлі тәсілін барынша тездетіп енгізуді тапсырды.

Биылғы тамыз айының 11-і күні ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент тапсырмасына сәйкес 2021-2022 оқу жылының басталуына қатысты дайындық шараларына ерекше назар аударылды. Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді дәстүрлі режимде оқытуды қамтамасыз етуді жүктеді. Әрине, біз, ең алдымен, бүгінгі жағдайда мамандар шығарып жатқан ережелерді сақтауымыз керек.

Ешбір жағдайда олардың ұсыныстарын елемеуге болмайды, маска режимін және басқа талаптарды орындау маңызды. Бүгінгі таңда білім беру саласы қызметкерлерінің 90% – дан астамы екпе алып үлгерді, бұл олардың балалардың денсаулығына бей-жай қарамайтынының айқын көрінісі деп есептеймін. Барша қазақстандықтарды вакцина алуды белсенді жалғастыруға шақырамын. Тек осылай ғана біз пандемияны еңсере аламыз. Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық пен амандық тілеймін.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий