IGEO-2021: Қазақстан тарихындағы алғашқы олимпиадалық алтынды NIS Ақтөбе оқушысы жеңіп алды

Ақтөбедегі NIS оқушысы Рустам Валеев ел тарихында алғаш рет география пәнінен Халықаралық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Биыл Түркияда қашықтан ұйымдастырылған зияткерлік жарыс әлемнің 46 елінен екі жүз жас географтың басын қосты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Қатысушылар жазбаша әрі мультимедиалық тестілеуден және картографиялық бейнелеу тапсырмаларынан бақ сынасты, нәтижесінде Қазақстан Ұлттық құрама қомандасының атынан қатысқан ақтөбелік оқушы IGEO – 2021 жарысының жеңімпазы атанды.

– Біз биылғы жылы еліміздің қоржынын медальдармен толықтыра алатынымызға сенімді болдық, себебі дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді, ал мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан көрсетілген қолдау одан әрі сенімділікті ұялатты. Алған білімімді бүкіл әлемге көрсету мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын, – дейді олимпиаданың алтын медаль иегері Рустам Валеев.

IGeO 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың (IGU) жетекшілігімен өткізіліп келеді. Алғаш рет өз бастауын Гаага қаласынан алған IGeO, жыл сайын әлемнің әр түрлі елінде ұйымдастырылады. Басты мақсаты – жас білгірлердің өз білімдерін көрсетуге, көкжиегін кеңейтуге, осы салада жетістікке жетуге ықпал ету.

Айта кетейік, осы жылдың маусым айында Рустам Валеев география пәні бойынша Еуропалық олимпиаданың (EGeO) күміс жүлдесін иеленді, сондай-ақ 2019 жылғы IESO Халықаралық олимпиадасының қола медаль иегері, республикалық пәндік олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы атанып отыр. Бірнеше жылдан бері түрлі деңгейдегі жарыстардан тәжірибе жинаған зияткер география пәнінен NIS құрамасын дайындап, білімімен бөлісем деп уәде етті.

– Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық болады. Жылдар бойы жиған білімім мен тәжірибемді қуана бөлісемін, себебі замандастарымның ғылымға қызығушылығын арттырып, елімізден білім саласының нағыз үздік оқушыларын дайындауда белсенділік танытқым келеді, – деп жоспарымен бөлісті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий