Дала сазы тарихтан сыр шертеді: 100 күйдің тарихы

Қазақтың ән-күйі – кемеліне келе түр­леніп, биік кәсіби өреге жеткен мәде­ниеті­міздің алтын діңгегі. Ғасырлар көшінде сақталып келе жатқан  осынау алтын діңгекті өнерді дәріптеу, зерттеу, тарихи сипатын айқындау мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі «100 күйдің тарихы» жобасы жүзеге асып келеді. 

Атаудың өзі айтып тұрғандай, оқушылар жоба аясында күйлердің шығу тарихын зерттеп, күйшілердің шығармашылығымен танысады. Жас зияткерлер елге танымал күйлерді зерделеуден бөлек, халық жадынан тыс қалған ескі күйлерді қайта жаңғыртуда. – Ақпараттарды ақтара отырып, Абылай ханның «Шаңды жорық» атты күйінің тарихы менің назарымды ерекше аударды,өз деп ойымен бөліседі көкшетаулық зияткер Дильназ Олжабаева.

«Шаңды жорық» – Абылай заманындағы жоңғар мен қазақтың арасындағы соғыстың шежіресі. Екі жүз жылдық шайқастың соңғы нүктесін қойған, тарихта аты қалған жойқын ерліктің тарихы. Абылайдың сенімді батыры болған, жаудан беті қайтып көрмеген жаужүрек Баян батырдың апат болғандағы қанды қырғын шақта дүниеге келген туындысы. Жазушы Мұхтар Мағауин «Шаңды жорық» – шаңы бұрқыраған жорық емес, иек даланы қан сасытқан қазақ пен қалмақтың арасында болған ең бір аяусыз, ең бір қатал, құрбандығы шектен шыққан, аса зор,  әрі жойқын қырғын соғыстың болғанын айтқан.

Бұдан бөлек тілге тиек етер күйлердің қатарына Кенжебек Күмісбековтің «Өмір жолы», Тәттімбет Қазанғапұлының  «Сарыжайлау»,  Абылайхан ханның «Қара жорға», Тәттімбет Қазанғапұлының  «Сылқылдақ», Дайрабайдың «Шәуілдір» секілді ұмыт қалған күйлерді айтуға болады. Болашақ ұрпақ Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсуде. 

Сонымен қатар, қазақ халқының төл өнерін насихаттау мақсатында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күй жұмбақ сайысы өткізілді. Оқушылар қазақ күйінің тарихын, дәулескер күйшілердің өмірін танып білді. Таңғы жиын кезіңде мектептегі домбыра үйірмесінің белсенді мүшелері қазақтың музыкалық аспабын қолдарына алып, күмбірлеген күйлерді орындады. Көрермен ретінде қатысқан 7-8-сынып оқушылары сол күйлердің атауы мен авторларын анықтап, шығу тарихын талқыға салды.

– Бұл шара халқымыздың баға жетпес қазынасы – күйді насихаттау мақсатын көздеіді. Жастар ұлттық музыкаға жақындай түсіп,  күйші-ақындардың шығармашылық өмірі жайлы білімдерін тереңдете алады, –деп түсіндірді Қызылорда қаласындағы NIS-тің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Дина Аширбаева. Күй жұмбақ сайысында зияткерлер күй атасы Құрманғазының атақты «Балбырауын», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны», және  «Тепенкөк», «Әлқисса», «Туркмен», «Еркесылқым», «Ата толғау» күйлері жайында танымдық білімдерін арттырды.

Күй атасы Құрманғазының өзін талантымен тәнті еткен Дина Нұрпейісованың  туғанына биыл – 160 жыл. Халқымыздың күй өнерінің кеңінен таралуына ықпал еткен дала қызының қалдырған мол мұрасы бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарап-ақ жатыр. Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушылары күйшінің мерейтойы аясында «Жарқын болашақ бүгіннен басталады» атты кеш ұйымдастырылды.

– Жетінші сыныпқа жаңадан қабылданған әр зияткер шәкіртімізге домбыраны тарта білуге үйрету міндетіміз. Осы үшін Зияткерлік мектептерге ғана тән «100 күй» желілік жобасы жұмыс жасайтынын көпшілік жақсы біледі. Оқушылар арасында өткізілген осы шарамыз арқылы біз күйші апамыздың рухына тағзым ете отырып, оның асыл қазынаға толы мұрасын дәріптейміз. Сол арқылы күй өнерінің құдіретін танытып, әр баланың домбыраға деген қызығушылығын арттырмақпыз. Сонымен қатар, оқушылар өз сыныптастарының өнерлерін де тамашалауға мүмкіндік алды, – Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастырушы-педагог-кураторлары.

Атақты күйшінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнематериалдан бастау алған шара  оқушылардың домбыра, гитара, фортепиано, скрипка  аспаптарымен Дәулеткерейдің «Қос алқа», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», «Әке толғауы» күйлері және «Құстар қайтып барады», «Моя земля Казахстан», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Прелюдия ІІ», «Соната Я. Ваньхаль», «L’Orage The Storm» сынды композицияларды оны нақышына келтіре орындаумен жалғасты. Тіптен поэзияға жаны құмарлары суырып салмалылығымен көзге түсіп, өз өлеңдерін оқыды.  Шараға қонақ ретінде қатысқан ата-аналар балалардың өнеріне тәнті болып, жылы  лебіздерін білдірді.

Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде «100 күй» жобасы қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Оның дәлелі, жоба шеңберінде оқушылар халықаралық және республикалық байқауларда бақ сынап, ұлттық өнердің жаңғыруына және қатарластарының домбыраға деген қызығушылықтарын арттыруға үлес қосып жүр. Мәселен, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-ші сынып оқушысы Азбике Құсайын «Бойтұмар» халықаралық шығармашылық байқауының бас жүлде иегері атанды. Зияткер ең бәсекелі «Аспапта ойнау» номинациясында жоғары өнер көрсете білді.

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте «100 күй» жобасы аясында оқушылардың шығармашылығын «Нұр сазы» ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Ертай Барлықов дамытады. «100 күй» жобасы аясында жас орындаушылар  түрлі қазақ халық аспаптарында ойнауды үйренеді. Оркестр республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты,  Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық «Үкілі Ыбырай» республикалық байқаудың Бас жүлде иегері атанды.

– Байқауға қатысу мен үшін жаңа тәжірибе болды, бұл музыкалық құзыреттілік деңгейін арттыруға көмектеседі және сені өз стиліңді дамытуға, халық аспабы – домбырада ойнауға ынталандырады. Мен Зияткерлік мектепте өз қабілеттерімді дамытып, шығу тегі ежелгі замандарда жатқан Қазақстанның өзіндік музыкалық өнеріне терең үңілуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Өйткені, халық музыкасы – ел мәдениетінің ажырамас бөлігі – дейді Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS оқушысы Азбике Құсайын.

Сондай-ақ, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ұлан Талғатов пен Дархан Оралханов «Ұлы даланың – Ұлы Абайы» атты республикалық балалар өнер байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. Зияткерлер жеңіске ұмтылуда «100 күй» жобасының рөлі зор болғандығын айтады. «Жарқын болашақ» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырған доданың «Аспапта ойнау» аталымында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін Ұлан мен Дархан екі дауыста орындап шыққан.

– Дәстүрлі байқау балалардың жас ерекшелігін ескере отырып, 7 жанр бойынша өткізілді. Ұлан мен Дархан мектебіміздегі талантты шәкірттердің қатарынан. Бір атап өтерлігі – олардың екеуі де домбырада ойнауды білмейтін. Азғана уақыттың ішінде бірнеше күйді үйреніп, тіптен байқауларға қатысатын дәрежеге жетті. Осының барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі желілік «100 күй» жобасының жемісі, – дейді Семей қаласындағы NIS-тің домбыра үйірмесінің мұғалімі Мадияр Аширов.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий