Санаға сәуле шашқан шамшырақ

Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. «Толық  адам» болу идеясы қазіргі өмірмен біте қайнасқан, Жиырма бірінші ғасырдың барлық талап-шарттарына жауап бере алатын өміршең, нағыз қазақы әрі жаһандық деңгейде жұмыс істейтін мықты жоба. Дамудың 4 тұжырымын (рухани, интеллектуалды, физикалық, материалдық) Хакім Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді.

Яғни, «ыстық қайрат» – физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани дамуды білдіреді. Ал, осы 3 дамуды берік ұстанған, өзін 3 бағытта дамыту жолында жүрген һәм дамытқан адам қайтсе де «материалдық дамуға»  қол жеткізеді. Үш қасиет толық болса, боласың елден ерек деп Абай айтқан «Толық адамның» мәні осы. Абай ұранының тағылымдық тәрбиесінен ғибрат алып қана қоймай, оны өмірде қолдана білуге де үйрену қажет. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына сәйкес, Абайдың қара сөздерін ұстаздардың өн бойынан өткізіп, талдау, зерделеу, іс-жүзіне асыру мақсатында мектебімізде алты ай көлемінде Абайдың «Адам болу тағылымы» жобасы жүзеге асырылды.

Осы аралықта қара сөздерге байланысты бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды. Әр айналымның өзіндік ерекшелігі мен жетістіктері талқыланып, ұжым арасында кері байланыс болып отырды. Жобаның алғашқы айналымында әр бірлестік мүшелері берілген қара сөздерден түйген ойларын түрлі әдіс-тәсілдермен көрсетті. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озбақ демекші, мұғалімдердің шығармашылығы мен  шеберлігін бір-біріне таныту үшін  екінші айналым он бір қара сөзі бойынша бейнежазба түсірілімі болды.

Бұл айналым да өзіндік ерекшелігімен ұстаздарымыздың  қара сөзді талдауда өзіндік дүниетанымын таныта алды. Ұстаздар өз еңбектерін аянбай, күш жігермен заман талабына сай шебер ұстаз бейнесінің бір қырын ашып танытты. Критерийге сай жұмыс жасалды. Дайындалған бейнероликтер мектеп сайтына жарияланды. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса аптасына бір, ең болмаса айына бір өзіңнен өзің есеп ал!..» деп  он бесінші қара сөзінде айтқандай, мұғалімдер қара сөздерді оқыды.

Сондай-ақ есті сөздерді бойға азық етіп, өз білімдерін пысықтап, үшінші айналымды  «Сыр сұхбат» форматында  өткізілді. Әр бірлестіктен 2-3 мұғалім қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті, бірлестікте жүргізілген талқылаудың нәтижесін көрсетті. Төртінші айналымда әр бірлестік мүшелері қара сөздерді талдап, талқылап, тұшынып өз тәжірибелерімен ұштастырды. Әр бірлестікке бірнеше бағыт бойынша тақырыптар беріліп, сол бағыт бойынша өз жаңашылдықтарын енгізіп, келесі жылға оқушылармен қара сөздерді талдау жолдарына сай әр түрлі форматта өнім даярланды.

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззат, хұрмет етіс, –  деп ұлы ақын атамыз айтқандай, жоба барысында  ұжымның ынтымақтаса жұмыс жасалғаны байқалды. Абайдың «Адам болу тағылымы» жобасын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жұмагүл Тастемірқызы жүргізді. Аталған жобаға барлық оқытушылардың  белсенді қатысуы, жобаның маңыздылығын айқын көрсетті. Абайдың қара сөздерін оқу ең алдымен ұстаздарға өзін-өзі дамытуға, бағалауға әсерін тигізді.

«Абайдың қара сөздері» кітабын қолға алып, оқу, талдау, саралау әрбір адамға ой салары анық. Абай халқын оянуға, жан тірлігіне, намысты оятуға, үздіксіз рухани дамуға шақырады. Екіншіден, айналасындағы адамдармен тиімді қарым-қатынас құруға және қарым-қатынас дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Адам қоғамда, өзін қоршаған адамдар тобында өмір сүреді жəне дамиды, оның талаптарына сай өз пікірі мен мінез-құлқын өзгертеді, топтың өзге мүшелерімен бірлескен іс-əрекет ықпалымен түрлі сезімдерді бастан кешеді.

Алайда, мұның барлығы өзге адамдармен ақпарат жəне толғаныс алмасудан ғана болады, оларды жақсы тани отырып, біздің əрқайсымыз қалай да болса байланыста боламыз. Сондықтан тиімді қарым-қатынас құру – мұғалімнің ең басты қасиеті. Кемеңгер Абайдың поэтикасы – адаммен қауышу, адам мен адамның жүрек жалғастырған татулығын арттыру. Қызметкерлерде өзара әрекеттесу мен бір-біріне көмектесу дағдылары тұрақты түрде дамуы қажет. Олар қызмет орнында бір-бірімен қарым-қатынас жасауды дамыта түсуі керек.

Әріптестермен бірлесе жұмыс жасау, бір-бірінің сөздеріне құлақ асу, бір-біріне көмектесу – осының барлығы ұжымға тұрақсыздық дәуірінде қиындықтарға төтеп беруге жәрдемдеседі. Егер де қызметкерлер ылғи да көшбасшыға жүгініп, оны «әділ қазы» ретінде пайдаланса, онда бұл ұжымның бірлесе жұмыс жасау мәдениетіне өзгерістер енгізу керек дегенді білдіреді. Аталған жобаның жүргізілу барысында Дейл Карнегидің басқару жүйесіне байланысты әйгілі 10 ереженің бірі «Адамдарға жақсы бедел қалыптастырыңыз, олар оны сақтауға және сенімді ақтауға тырысатын болады» деген пікірдің дұрыстығына көзім жетті.

Жанкелді Сағынтайұлы БАЗЫЛ,
Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектеп
лицейінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий