Алаштың Әлиханы
Ел қамы үшін басын бәйгеге тігіп, соңына өлмейтін өнеге қалдырған. Бүкіл өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азамат Әлихан Бөкейханның қазақ тарихындағы орны бөлек. Ол ұлт мүддесін өз ұстанымынан жоғары қойған, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, Алашорда өкіметінің негізін қалаушы. Тұңғыш Абайтанушы. Саналы ғұмырын Алаш жұртының жолына құрбан еткен қазақ көгіндегі күн.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінің, Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келді. Ата-тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Ол алты жасына дейін сөйлемеді. Әкесі де, анасы да оқу-білімге жақын адамдар еді. Өзінің де оқуға талпынысы ерекше болатын. Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығаннан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы 3-сыныптық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.
Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының 3-жылдық училищесін «өте жақсы» деген бағамен аяқтайды. Одан кейін Омбыдағы техникалық училищесін бітіреді. Сөйтіп 20 жасында Дала генерал-губернаторы кеңесінің ұсыныс хатымен қазақ қауымдастығының 200 сом степендиясын алып, Ресейдің астанасы Санк-Питербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Өз бетімен ізденіп, ұлт мүддесі жолында аянбай білім жинаған Әлихан жоғарғы оқу орнында да көзге ілінеді. Ол студенттік шағында ұрандатып, жалған сөзге ерген жоқ.
Дүрмекпен бірге биліктің сойылын соқпады. Қанында бар турашыл мінез жанына жуығанның жүрегін шайлықтырып, мысы басып кететін. Оны 2 ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады. Елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді алдына мақсат етіп қояды. Бір ғана Әлиханның өзі мамандығына сай орманшы, экономист, техник әрі заңгер болып шектеліп қалмай, ұлт үшін жасалатын игілікті істерге білек шеше кірісті.
Әлихан елін қараңғылықтан жарыққа сүйреді. Алаш елінің азаттығын аңсады. Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінді. Сондықтан ең алдымен халықтың сана – сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Семей мен Оралда, Қарқаралыда отарлық езгіге қарсы қозғалыстарға қатысып, негізсіз түрмеге тоғытылады. Кейін Самара қаласына жер аударылады. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Орынборға келеді. Соның өзінде демократиялық пікір қалыптастырып, Ресейдің бірінші мемлекеттік думасына депутат болып сайланады.
Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Уақытша үкімет қазаққа автномия беруге қарсы болады. Әлиханның арманы ұлттық идеямен ұласып, 1917 жылдың желтоқсаннында бүкіл қазақтардың қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы Республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Жаңадан құрылған «Алаш» автономиясы іс жүзінде Президенттік Парламенттік Республика болды. Әлихан жас демократиялық мемлекет жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне арқа сүйеуі тиіс деп санады.
Жаңа мемлекеттің саяси экономикалық бағытынан бөлек Әлиханды тәуелсіздікті қорғап қалу жағы мазалады. Өйткені Алашорда Уақытша үкімет пен Ленин бастаған большевиктер партиясының ортасында қалған еді. Әлихан большевиктер билігін қолдамағанымен қалыптасқан жағдайда олармен санасуға тура келетінін түсінеді. Енді олар күшті Кеңес үкіметі әзірге келіссөзге көніп тұрған шақта тез арада қазақ елінің шекарасын айқындауға жұмсайды. Әлиханның жетекшілігімен Алаш үкіметі мүшелері большевиктермен талас-тартысқа толы ауыр келіссөздер жүргізді.
Кеңес билігі тәуелсіздікке ұмтылған Алаш қайраткерлерін оның ішінде ел бір ауыздан қолдаған басшысын бәрібір кешірмейтінін Әлихан жақсы түсінді. Оны қызыл үкіметтің алғаш қудалауы 20-жылдардың басында басталды. Алаш ардақтысы саяси қуғын-сүргінде жүрсе де, туған халқының әдебиетінен алыстап көрмеді. Ол Абай айтқан даналықпен өмір сүрді. Абайдың исламға деген көзқарасынан да аттап кетпеді. Ал аударма саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Халықтың өткен мұрасымен өресін шектеп қоймай, үзеңгіліес қаламгерлерінің де туындылырына назар аударды.
Замандастарына сын айтып, ақсаған тұстарын түзеп отырды. Әлихан «Қазақ» газетінің әр санында халық тарихы туралы пайымдауларын жазып отырған. Ол берген анқтаманы осы уақытқа дейін ешкім айтқан емес. Тарихтың қандай маңызға ие екенін алғаш жазған ел перзенті қазақтың жер бетінен жоғалып кетпеуін, тілін сақтауын тікелей өткен өмірден өнеге алумен байланыстырады. Қазақтың қырғыз атануына қарсылық білдірді. Ұлтын шексіз сүйген ғалым қазақ туралы алып-қашпа сөздерге, намысқа тиетін ауыр әңгімелерге тосқауыл қоя білді.
Әлихан Бөкейхан ғылымда үлкен ерлік жасады. Патшаның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заманда қаймықпай, қазақтың қазақтығын қорғап мақала жазуға шынында да жүректілік керек еді. Ғалым қазақтың атауы қайдан шыққаны туралы көп ізденді. Түрлі саяси кедергілерге қарамастан бабалар тарихын қайткенде де қағазға түсіруді көздейді. Қазақ тарихы туралы тың мәліметтер ұсынып, халықтың көкірегін ашты. Тегін танытты. Оның жазып қалдырған мұралары бүгінгі күнге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Тарихи дерек ретінде де, ғылыми жұмыс ретінде де маңызы өте жоғары.
Кешегі қыңыр билік қанша тұншықтырғысы келсе де, Әлиханның жүрек тербеген сөздері маржандай сүзіліп, тарих бетіне қайта шықты. Алаш көсемі өмірінің соңғы жылдарын Мәскеуде граф Шереметьевтің үйінде саяси сенімсіз тұлға ретінде «үй тұтқыны» болып отырған. Дегенмен қазақтың мемлекеттік мәселелерінің қай-қайсысы болсын Әлихансыз шешілмейтін. Қазақ елінің билік басында жүргендер Мәскеуге барғанда әуелі Кремльге емес, Әлиханға барып жолығатын.
НКВД тергеушілерін айлап жүргізген азапты тергеу , жауап алулар да егде тартқан Әлиханның рухын сындыра алмады. Ол тек бір нәрсені ғана ашық мойындады. Үкім шығарар алдында берілетін соңғы сөзде өзін кінәлі етіп, жазаға кесетіндеріне күмәні болмаған Әлихан Бөкейхан ешқандай өкінішті де, аяушылық сұрамады да. Бірақ мағынасы терең ақтық сөзін айтты: «Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым!» Осы сөзді айтқанда ол 72 жаста еді.
Сөйтіп, нақақтан нақақ талайдың көз жасын төккен ССРО Жоғарғы соты Әскери алқасындағы атышулы «үштік» 1937 жылы 27-қыркүйекте әбден үйреншікті, жаттанды болған үкімдерінің бірін шығарып, Әлихан Бөкейханды «ең жоғарғы қылмыстық жазалау шарасы- өлім жазасына кесті. Үкім сол күні орындалды. Қазақтың көрнекті қайраткерін ақтауға жарты ғасыр өткеннен кейін ғана қол жеткіздік. 1989 жылы 14-мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен Әлиха Бөкейхан кінәсіз деп танылды. Ұлы бабамыздың 155 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Эльмира Мырзаханқызы ТУРСЫНБАЕВА,
№ 91 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласының Алатау ауданы