Докторанттар дала экспедициясына қатысты
Жаз мезгілі көпшілік білім мекемелері үшін демалыс кезеңі. Алайда оқу процесінен бөлек, жаз айларын да маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар ұштастыруға әбден болады. Осы мақсатта «Дінтану және мәдениеттану» мамандығының 1-курс PhD докторанттары далалық зерттеу жұмыстарын өткізді. Далалық зерттеу докторанттардың ғылыми диссертация тақырыптарымен байланыстырылып ұйымдастырылды.
Ғылыми экспедиция барысында Ұзынағаш, Самсы, Тарғап, Беріктас елді мекендері мен Жамбыл облысынан асып, Шу өңіріндегі жергілікті мәдени және сакралды орындар зерттелді. Атап айтар болсақ, Көкқайнар, Оразалы батыр және Ақсу ауылдарында, Қордай ауданына қарасты Ақсу ауылындағы «Ақтөбе» (Баласағұн) қаласын аралап, Меркі ауданындағы Ақтоған, Интернациональный ауылдарында зерттеу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік туды. Экспедиция қатысушылары Тараз қаласына жетіп, Керей, Жәнібек хандар алаңында және қаланың мәдени орындарында болды.
Одан соң Қаратау қаласында зерттеу жұмыстарын бастады. Ғалымдар көптеген жаңалықтар мен зерттеу тақырыптарына сай, ғылыми материалдарға қанық болды. Болашақта мәдени туризм орталығы болу потенциалы өте жоғары деп бағалаймыз, оның ішінде Тамды қалашығы мен Ақкесене, Тәңірқазған және Бөріқазған сынды т.б. орындар, Тамды әулие бұлағы мен өзге де сакралды мекендер үлкен қызығушылыққа ие. Қаратау қаласы өлкетану музейінің жұмысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Ғылыми зерттеу Тараз қаласында өз жалғасын тапты. Зерттеушілер Жуалы, Сайрам және Түлкібас ауданын басып өтіп, көне шаһар Шымкентке жетті. Ең алдымен осы қаладағы Сайрам (Исфиджаб) ауданындағы өлкетану мұражайын аралап, көптеген ақпараттарға қол жеткізді. «Сайрамдағы сансыз баб» аталып кеткен түрлі діни және мәдени өкілдердің орнын көріп, тың материалдар жиналды.
Шымкент қаласында орналасқан тарихи-өлкетану мұражайы мен ұлттық салт-дәстүр орталығының жұмысымен танысты. Қазақ мәдениетінің тарихы мен оның терең тамырына бойлауға мүмкіндік беретін құнды жәдігерлерді тамашалады. Наурыз алаңында орналасқан Қазақ хандығы мен Бәйдібек би ескерткіштері, аумағы бір гектардан астам Ақмешіт үңгірі де назардан тыс қалмады. Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында Сарыағаш (тасқа айналған ағаш), Жабай ата, Иса ата, Сөксек төбесінде болды.
Шардара ауданында өлкетану мұражайының жұмысымен танысып, қала және аудан тарихын бағамдады. Оған қоса, көне Жаушықұм қалашығы мен Шардара төбесін де зерттеп, қажетті тарихи-мәдени баға берілді. Шәуілдір өңірінде, көне Отырар қаласы мен Арыстан баб кесенесінде, түркі өркениетінің орталығы Түркістан қаласында, ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған, Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық қалалардың бірі – Сауран қаласында болып, қала орнын, оның маңын, өркениетін зерттеп көрді. Қазақстанның республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің қатарындағы ортағасырлық қалалардың бірі Сығанақта, одан әрі Кентау қаласында және Қызылорда өңірінде зерттеу жұмыстарын жалғастырды.
Зерттеушілердің бір бөлігі Маңғыстау өңіріндегі елді мекендерде, атап айтар болсақ, Бозжыра, Бекет ата, Шопан ата киелі орындарында болып, халқының саны 200 мыңға жуық адамды құрайтын Жаңаөзен қаласының тарихы мен әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Зерттеу тақырыптары аясында қажетті маңызды ақпараттарды өңірдің білім мекемелері (мектептер, колледждер мен университеттер) мен мәдени орталықтары сынды негізгі ақпарат көздерінен жинақтады.
Экспедицияның Алматы облысында ұйымдастырылған тұсында Кеген ауданы өңіріндегі «Бартоғай» суқоймасы жолындағы «мұртты қорғандар» (шамамен үйсін дәуірі), үйсін дәуірінің қорғандары, Тоғызбұлақ, Жалаңаш ауылдары, Құмтекей құмды төбелері т.б. ерекше назарға ие болды. Аталған далалық зерттеу жұмыстары жас ғалымдардың әлеуетін дамытуға, өз салаларында ғылыми байланыстар құруға және оларды нығайтуға мүмкіндік берері анық. Ал өз кезегінде зерттеушілер мұндай ғылыми-тәжірибелік қызметті жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырған университетімізге, оның ішінде факультет ұжымына, сондай-ақ Әл-Фараби орталығына алғыс білдіреміз.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының
1-курс PhD докторанттары