Қабылдау комиссиясы: ЕҰУ-ды таңдағандар құжат тапсыруда
2021-2022 оқу жылына қабылдау жұмыстарын жүргізуге университеттен арнайы техникалық хатшылар бекітіліп, қазіргі күні барлық қабылдау комиссияның мүшелері өз қызметтерін мінсіз атқаруда. Бірі техникалық бағдарламалаушы ретінде жауапты болса, енді бірі бакалавр мамандықтары бойынша оқуға түскен талапкерлерден құжаттар қабылдауда, – деп хабарлайды ЕҰУ баспасөз орталығы.

Оған негізінен оқытушылар мен лаборанттар тартылған. Магистратура және доктарантура мамандықтары бойынша да әр факультеттен мамандар бар. Мұның бәрін Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Шолпан Ахметова мен оның орынбасарлары үйлестіріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Еуразия ұлттық университетінде құжат тапсырушылар үшін барлық жағдай қарастырылған.
Еуразия ұлттық университетін таңдап, құжаттарын тапсырып жатқан талапкерлерге Студенттер Үйі дирекциясының әкімшілері де қызмет көрсетуде. «Бірінші курсқа түскен студенттердің барлығы бірдей жатақханамен қамтамасыз етіледі. Жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге бірінші кезекте беріледі»,-дейді Студенттер Үйінің директоры Мерей Шәменов.
Біз қабылдау комиссиясына құжат тапсырып жатқан жастарды әңгімеге тарттық. Ақтөбе қаласынан келген Уәлихан Нұрхан Ақпараттық технологиялар факультетін таңдапты. «Мен Ақтөбе қаласындағы қазақ орта жалпы білім беру мектебін бітірдім. Он бір жыл сонда оқыдым.Ұстаздарыма мың алғыс! ҰБТ-дан 106 балл жинап, ЕҰУ-ға ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша оқуға түстім, бұл мамандық өзіме қатты ұнайды, – дейді ол. Назерке тіл әдебиет мамандығын таңдапты. Оған Нұр-Сұлтан қаласын жақсы білетін әпкесі Шырай жол көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп жүр екен. «Іні-қарындастарымның бәрі осы Еуразия ұлттық университетін бітірген» дейді ол.
Өзін Әлима, -деп таныстырған ана Семейден келгенін айтты. Бес баласы да жоғары оқу орнын тәмамдапты. Қуанышы қойнына симаған ардақты ана немересі Назгүлдің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түскеніне аса қуанышты. Құжаттарын уақыт оздырмай та псырғандарына, әсіресе тәртіпті бақылап жүрген ЕҰУ қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмысына дән риза.
– Қараңызшы, әлеуметтік арақашықтық сақталған. Барлық жерге белгілер қойылған. Жастар да маскасын тағып, қазіргі жағдайға үйренгендері көрініп тұр, электронды кезегі келгенде құжаттарын тапсыра қояды. Баяғыда, біздің кезімізде ғой…, – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. – Әлеуметтік желілерде Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жарияланып, содан өз аты-жөнімді көріп мәз болдым. Міне, енді құжаттарымды тапсыруға Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келдім, – дейді Күлтаева Томирис. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы №35 мектепті бітіріпті. Мектепте оқып жүрген кезінде де ЕҰУ-ға талай келіп, «Жазу тарихы», «Білім тарихы» мұрайжайларын аралап, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырған концерттердің куәсі болғанға ұқсайды.
Загрузка...– Ұлттық бірыңғай тесттен 120 балл жинадым. ЕҰУ-дың Сәулет және құрылыс факультетін таңдадым. Болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді. ЕҰУ өзіме ұнайды, сондықтанда осында келіп отырмын,- дейді Томирис. Иә, оқуға түскен талапкерлерден құжат қабылдау қызу жүріп жатыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қанша «Алтын белгі» иегері, қанша халықаралық, республикалық және президенттік олипиадалар, ғылыми және спорттық жарыстардың жеңімпаздары түсті? Ол туралы университеттің Ақпараттық орталығы алдағы уақытта қосымша хабарлайтын болады.