Болашаққа бағдарланған байыпты жұмыстар

Жоғары білім беру тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі ел экономикасының табысты дамуының кепілі. Соңғы жылдары білім беру сапасын және жоғары оқу орындары қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған реформалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Ең бастысы – ең­бек нарығында сұраныс бар маман­дық­қа ие болу. Бұл, әсіресе, ақ­па­рат­тық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компью­терлендіру дәуірінде өзекті бол­мақ. Таяу болашақта қа­зіргі ма­ман­дықтардың 50 пай­ыз­ына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек» – деп,  жоғары білім жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойғаны белгілі.  

Осы ретте, кеше елдордада өткен «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Рспубликалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясының маңызы ерекше болды деп ойлаймын. Ұстаздар басқосуын ашқан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов отандық жоғары білім беру жүйесін әрі қарай өркендету басымдықтарына кеңінен тоқталды. Асхат Қанатұлы ЖОО-ның тиімді цифрлық стратегиясын және дуалды оқыту жүйесін дамыту, академиялық артықшылық орталықтарын құру, жасы келген азаматтар үшін өмір бойы оқыту ортасын жасау, ЖОО ректорларының рейтінгін ендіру, сапаны қамтамасыз ету жүйесін мемлекеттік реттеу, тағы да басқа алда жасалатын қадамдар бағдары мен енгізілетін құралдар түрлерін белгілеп берді.

Сондай-ақ, облыс орталықтарында орналасқан университеттердің, негізінен, сол өңірдің экономикасы мен әлеуметтік салаларын дамытуға бет бұруы қажеттігін қадап айтты. Расында, еліміздің әр өңірінің дамуын университеттерсіз көзге елестету қиын. Бұған көз жеткізу үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім беру қызметіндегі жетістіктер мен жаңалықтар жөніндегі мәліметтермен қысқаша бөліскім келеді.  Өткенді  байыпты қорытындылау  қашанда болашақты баянды етудің  берік негізі.

Өткен оқу жылында, яғни 2020-2021 оқу жылында университетте бірқатар  жаңа бастамалар көтеріліп,  игілігі мол  істер атқарылды. Ең маңызды жаңалық-түлектерге өзіндік үлгідегі диплом  беру. Тұңғыш университет дипломдарын 1500-нан астам түлекке тапсыру, әрине, ЖОО-ға зор мәртебе. Түлектерге жаңа техника, саладағы жаңа тәуекелдер мен мүмкіндіктер талап етілетін жаңа дағдыларды игерту қажеттігі күн тәртібінде өткір тұр. Білім беру бағдарламасы (БББ) ішіндегі біліктілік талаптары деңгейінің өзгеруі білімі бар және біліктілігін арттыруды жоспарлаған адамдар үшін  пайдалы.

Қызылорда облысының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін экономикасы мен әлеуметтік салаларына мерзім-мерзім жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижесінде аймақтың инновациялық кадрларға және мамандықтарға сұранысы анықталды, бұл BTS Education компаниясымен жұмыс бастауға және облыстың Жаңа мамандықтар атласын қалыптастыруға триггер болды. Академиялық бағдарламаларды күшейту, жаңарту және жаңаларын әзірлеу бойынша 2021 жылдың ақпаны мен мауысымы аралығында университетте «Ұлттық Ұстаз Онлайн Академиясы» сарапшыларын шақыру арқылы «Инновациялық-кәсіпкерлік университеттің академиялық бағдарламаларының жаңа архитектоникасы» тақырыбында оқыту семинары және академиялық бағдарламалардың аудиті өткізілді.

Семинар қорытындысы бойынша 7 инновациялық білім беру бағдарламасы (Цифрлық журналистика;  Ұшқышсыз ұшу аппараттары; Қаржылық технологиялар; Агрохимия және агротопырақтану; Басқарудағы цифрлық трансформация; Бизнес аналитика; Цифрлық дизайн) және 2 бірлескен білім беру бағдарламасы (Құрылыс инжинирингі (Жәңгір хан атындағы БҚАТУ); Физика (магистратура, РФ Дубна университеті) әзірленгені үлкен жетістігіміз.   Енді осы  бағдарламаларды кезең-кезеңімен енгізетін боламыз.

Бекітілген жаңа кәсіби стандарттар мен жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде барлық даярлау деңгейлері бойынша 95 білім беру бағдарламасы жаңартылды. Негізгі білім беру бағдарламасы (Major) мен (немесе) қосымша білім беру бағдарламасы бойынша (Minor) пәндерді оқытуда білім алушының дербес траекториясын қалыптастыруға байланысты БББ трансформациялау және мазмұнын жаңарту нәтижесінде бакалавриаттың қолданыстағы бағдарламаларының саны 78-ден 65-ке дейін қысқарды.

Жаппай ашық онлайн-курстар (МООК) әзірлеу мақсатында РФ «МИСиС» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің Edcrunch University  орталығымен жолға қойылған ынтымақтастықтың берері көп. Өнеркәсіппен және еңбек нарығымен әріптестік қатынастарын дамыту аясында 38 білім беру бағдарламасы бойынша дуалды оқыту элементтері енгізіліп, өндірістегі цехтарда, зертханаларда  практикалық сабақтар өткізілуде. Университет кафедраларының өндірістерде 91 филиалы (оның ішінде 29-ы соңғы 2 жылда ашылды) бар. Практика базаларымен жасалған   келісімшарттың білім беру процесіне тартылатын практик-мамандардың санын   көбейтуге тигізетін ықпалы тұрақты.

2020-2021 оқу жылында университеттің 742 қызметкері біліктілік арттыру курстарынан өтті. Білім алушылардың, оқытушылар мен қызметкерлердің ағылшын тілін  білу деңгейін көтеру мақсатында  деңгейлер бойынша ағылшын тіліне оқыту курстарын тегін ұйымдастырдық.  Атқарылған жұмыстардың  магистратура мен докторантураға түсушілер санын арттыратынына күмәніміз жоқ. Сөзіміз жалаң болмас үшін 2020 жылы университет докторантурасына тек 3 оқытушымыздың, магистратурасына – бакалавриаттың 210 түлегі қабылданғанын,  2021 жылы докторантураға – 20 оқытушымыздың, магистратураға – 370 бакалавриат түлегінің құжат тапсырғанын айтсақ та жеткілікті.

«Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасы студенттерінің кәсіби дағдыларын қалыптастыру, оларды сертификаттау және еңбекпен қамту мақсатында университетте үстіміздегі ашылған «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебі 25 түлекке сертификат берді. 2021 жылдың қаңтарынан бастап университетте педагогикалық білімі жоқ, сәйкес бейін бойынша педагогтің кәсіби қызметіне алғаш кірісуші кәсіби білімі бар тұлғаларды педагогикалық қайта даярлау жүргізілуде.

Өмір бойына оқу тұжырымдамасын іске асыру үшін университетте Қосымша білім беру орталығы ашылды. Орталық барлық ниет білідірушілерге: Чемпиондар Лигасы (шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ), Дарындылар бояуы (сурет салу және дизайн), Шеберлер қаласы (киім пішу және тігу), Медиа орталық (шешендік өнер), Ғылым қалашығы (web әзірленім), Технопарк (робототехника), Тілдер академиясы (ағылшын, араб, қытай тілдері), Кәсіпкерлік клубы, Қаржылық сауаттылық клубы және тағы да басқа клубтарда қосымша білім алуды ұсынып отыр.

Қай ЖОО-ның да бай-қуаттылығы талантты білім алушылардың көптеп болуына да байланысты.  2020 жылы қаңтарда Рекрутинг орталығы ашылуы, «Дарын»  Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп пәндік олимпиадалар өткізілуі, университет қабырғасында мектеп оқушыларымен түрлі шаралардың ұйымдастырылуы, студенттеріміздің мектептерде шефтік жұмыстар жүргізуі мемелекеттік грантқа түсушілердің санын арттырып отыр. 2019-2020 оқу жылында біздің бакалавриатқа  мемлекеттік тапсырыс негізінде 396 талапкер оқуға түссе, 2020-2021 оқу жылында –  519,  биылғы оқу жылында 795 түлек грант иегері атанды.

Жалпы білім алушылар контигенті 2019-2020 оқу жылында 5300 құраған болса, 2020-2021 оқу жылында 6242 өсіп, басталайын деп отырған оқу жылында 7000-ға жетпек. Бұл дегеніміз университетіміздің имиджі арта түскендігінің белгісі. Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірімізде жүзеге асырылатын 22 инновациялық жобаға университет ғалымдары мен білім алушыларды тарту жоспарлануда. Ал, Білім және ғылым министрлігінің ғылым саласындағы енгізілген жаңашылдықтарының арқасында ғалымдарымыз 230 млн. теңгеге ғылыми жоба орындауда.

Былтырғымен салыстырғанда қаржыландырылатын жобалар саны 20%-ға көбейгенін де айту ләзім. Өңірлерде білім, ғылым мен өндірістің интеграциясын тиімді жүзеге асыру, шетелдік ғылыми тағылымдамаға жіберу арқылы ғалымдардың  деңгейін көтеру, өңірде орындалатын жобалардың сапасын арттыру мақсатында құрылған «Академиялық артықшылық орталығы» жобасы аясында университетте 8 заманауи зертхана ашылмақ. Жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету ісі де басты назарымызда. Биыл тұңғыш рет конкурстық негізде анықталған үздік 4 жобаға университет гранты бөлінді.

Елімізде алғашқы ашылған жоғары оқу орындарының ондығына кіретін 85 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жаңа технологиялар мен әдістерді өңір экономикасы мен ел мүддесі жолында тиімді пайдалана  отырып, өркениетті дамуды-басты миссиясына балайды. Табысқа жетудің жолы оңай емес, бірақ  бір арнаға тоғысқан-заманауи талап, биік мақсат, жасампаз еңбектің әрдайым  көкжиегі кең болмақ!

Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий