Ауыл мектептеріне арнайы қамқорлық
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту» зертханасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы педагогтердің республикалық Тамыз конференциясының бағдарламасына сәйкес ауыл мектептерінің білім алушыларына сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше іс-шараның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне мұрындық болды.

Атап айтар болса, 2021 жылғы тамыз айының 7-і күні Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «IQanat» қоғамдық қорымен бірлесе «Ауыл балаларына сапалы білім беру» тақырыбында ауыл мектебі мұғалімдерінің слетін өткізді. Слет Ақмола облысы Бурабай ауданында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінде өтті. Слетке қатысушы мұғалімдердің құрамы оқушылардың жазған эссе жұмыстарының қорытындылары негізінде анықталған.
Тамыз конференциясының шеңберінде өткен слеттің мақсаты: ауыл мектептерінің білім алушыларына сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген ауыл мектептері педагогтерінің кәсіби өсуіне, шығармашылық әлеуетінің дамуына жағдай жасау. Слет барысында IQanat амбасадорларын өсіру, «IQTeacher» қауымдастығын құру және дамыту мәселелері талқыланды. «IQanat» – дарынды балаларға арналып 2020 жылы ашылған мектеп-интернат. Мұнда білім алушыларға жоғары сапалы біліммен қатар оқушыны ашықтық, жауапкершілік, еркіндік мәдениетіне тәрбиелеп жылдам өзгермелі заманда өзінің орнын табуға бағыттайды.

Конференцияда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептерді дамыту» зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мукушева «2021-2022 оқу жылының ерекшеліктері және ауыл мектептері білім алушыларына сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасады. Конференцияда басты назар өткен оқу жылдарындағы санитарлық-эпидемиялогиялық шектеу шаралары барысында орын алған оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру мәселелеріне аударылды.
Бұл бағытта Алтынсарин Академиясы 2021-2022 оқу жылында оқушылардың өткен жылдардағы біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыруды және жаңа оқу жылының жаңа бағдарламалық мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етудің алгоритмдік жоспарын ұсынды. Тамыз кеңесінің басты мәселесі ауыл мектептінің білім алушылары мен қала мектептерінің білім алушылары арасындағы білімдегі алшақтықты азайту мәселесі, білімдегі олқылықтарды толықтыру және тағы да басқа мәселелер төңірегінде мұғалімдер ойларын ортаға салды.

Кеңес соңында мұғалімдерден оқушы білімін толықтыруда туындаған мәселелерді жазбаша беру ұсынылды. Конференция соңында мұғалімдердің ұсыныстары алынып сараптау жұмыстары жүргізілді. Мұғалімдердің пікірінше ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жарақтануы мен интернет желісін күшейту қажет. Сондай-ақ, білікті мамандардың жетіспеушілігі, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының қолжетімсіздігі, әдістемелік көмек көрсету бағытындағы жұмыстардың және ауыл мұғалімдерін мотивациялаудың жеткіліксіздігі. Конференцияға қатысушылар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «IQanat» қоғамдық қоры арасында екіжақты меморандум қабылдау туралы ұсыныс жасады.
Алмагүл Наурызбайқызы МУКУШЕВА,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
Академиясындағы ауыл мектептерін және шағын
жинақты мектептерді дамыту зертханасының
меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты