Бала тәрбиесіндегі ата – ананың маңызы

Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді болмақ.

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отбасындағы тәрбиесі, тілі. «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Отбасындағы тәрбиенің кереметі – баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Ежелгі Рим философы Гораций айтқандай: «Өмір еңбексіз ештеңе бермейді».

Сондықтан отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Сонда ғана отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынаста әдеп-инабат, адалдық пен ақпейілдік үстем бола алады. Бүгінгі таңда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетіне жете алмай, ұлдарымыз маскүнемдік пен нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп, жеңіл жолға түсуі отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы.

Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Өйткені, балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат. Бұл ғажайып құдайшылдық анықтаманы жадыда ұстау былай тұрсын, әр үйдің мандайшасына іліп қоюға тұрарлық. Баланы өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалық шақ, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін отбасын бақытты жағалауын бетке алып, өмір – айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі – әке мен ана дер едік.

Бала тәрбиесі туралы таңның атысынан күннің батысына дейін толғата беруге болады. Түйін біреу – баланы сол қалпында қабылдап, жақсы көру. Содан кейін қабілетіне қарай дамыту. Осы орайда айтқым келетін бір ұсынысым – жоғары сынып оқушыларына бала тәрбиесі туралы арнайы курстар оқытылса. Сонда тәрбиелеу ұғымының іргетасы әр баланың бойында қаланар еді. Әр жеткіншек өмірдің жауапкершілігін түйсігіне түйіп өссе  елімізде алданған қыз, адасқан бозбала, ажырасқан жұбайлар, тастанды сәбилер болмасы анық.

Гүлназ ТАҢАТОВА,
Қазалы аграрлы- техникалық
колледжінің 
әлеуметтік педагогы,
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий